Понедельник, Июль 8, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Еркін жастардың ертеңі жарқын

Еркін жастардың ертеңі жарқын

Форум

Дүйсенбі күні Ақтөбе қаласында «Салауатты ұрпақ  — ұлт байлығы» ІІ халықаралық форумы өтті. ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ұйымдастырған басқосу өскелең ұрпақты үйлесімді дамыту мәселелеріне арналды.

Осы жолы «Шексіз әлем» тақырыбы қаузалған отырыста, аты айтып тұрғандай,  тәуелсіз өмір сүру, мүмкіндігі шектеулі адамдарға толыққанды жағдай жасау, соның ішінде инклюзивті білім беруді қолдау және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар тәрбиеленетін отбасыларға демеу көрсету мәселелері айтылды. Спикерлер ретінде ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Аmаnаt партиясының хатшысы, партияның әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, Испаниядан келген халықаралық психоаналитикалық қауымдастығының мүшесі, оқытушы-супервизор, психоаналитикМануэль Мартинез, құқық қорғаушы, психолог, Еуропалық CARe бағдарламасының тренері Гүлжан Амангелдинова, инклюзивті білім беру саласындағы жетекші маман және оқытушыКамилла Роллан, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазинова, сондай-ақ белгілі  нейропсихологтар шақырылды.

— Ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сапасын арттыру қай кезде де басты назарда. Елімізде осындай топтағы, яғни мүмкіндігі шектеулі 700 мыңнан астам азамат бар. Соның 180 мыңы — ерекше білім беруді қажет ететін балалар. Сондықтан Үкімет инклюзивті білім беруге айрықша көңіл бөліп отыр.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға кез келген игілікті көріп, басқалармен теңдей дәрежеде өмір сүруіне жағдай жасауымыз керек. Ол үшін үй-жайын қамтамасыз етіп, білім, мәдениет мекемелеріне еркін барып, жалпы мемлекеттік қызметтерді алуда ешқандай қиындыққа тап болмауын ұйымдастыруымыз керек. Бүгінгі форум да осындай топтағы адамдардың құқығын қорғауға өз үлесін қосатыны сөзсіз, — дейді Шолпан Каринова.

Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өткен форумда секциялық отырыстар болды. Атап айтсақ, Мануэль Мартинез жасөспірімдердің интернет пен  құмар ойындарға тәуелділігі туралы дәріс оқыса, Камилла Роллан елдегіинклюзивті білім берудің дамуы туралы ой қозғады. Сол сияқты спикерлер лудомания, нейропсихология, ерекше білім беруге мұқтаж балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, т.б. бойыншакөрген-білгенімен бөлісті.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасованың айтуынша, осымен екінші рет өтіп тұрған форумға бұл жолы 800-ге жуық тыңдаушы жиналған. Студенттерден бөлек, педагогтер, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері, белсенділер шақырылған. Іс-шараның бір ерекшелігі — тек дәрістермен шектелмей, түрлі тақырыпта шеберлік сабақтары да ұйымдастырылады.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

//aqtobegazeti.kz/