Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Zhubanov university ұжымы Спартакиаданы сәтті аяқтады

Zhubanov university ұжымы Спартакиаданы сәтті аяқтады

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті профессор-оқытушылары және қызметкерлері арасында бір айға жуық уақыт бойы өткен спартакиада өз мәресіне жетті.

Жарыс спорттың 8 түрінен, атап айтқанда, тоғызқұмалақ, дартс, шахмат, ату спорты, стритбол, үстел теннисі, ерлер және әйелдер арасында волейбол, шағын футбол бойынша өтті. Спорттық додаға 12 команда құрамында университеттің 250-ге жуық профессор-оқытушылары мен қызметкерлері атсалысты.

Университет ректоры Лаура Қарабасова спартакиаданың жабылу рәсімінде жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттады.
— Университеттің қоғамдық шараларына белсенділік танытып, ерекше атмосфера қалыптастыратын қызметкерлер кез келген ұжым үшін құнды. Бүгін баршаңыз – жеңімпазсыздар. Бұл бізді біріктіретін ортақ құндылық – корпоративтік мәдениет, ұжымдық рух, бір-біріңізге деген құрмет, ерекше көңіл-күй. Жыл сайын осы әдемі дәстүрді сақтап жүрген ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, — деді оқу орнының басшысы.

Спартакиада қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте үздік ойын көрсеткен кәсіби-шығармашылық факультеті командасы бірінші орын, техникалық факультеті командасы екінші орын, физика-математика факультеті командасы үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.