Четверг, Июнь 13, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Ақылды балабақша» ең үздік «Start-up» жоба

«Ақылды балабақша» ең үздік «Start-up» жоба

Университетімізде алғаш рет ұйымдастырылып, 1 айдан астам уақытқа созылған «Start-up» жобалар байқауының шешуші кезеңі өз нәтижесін берген болатын. Шешуші кезеңге өткен 16 жоба ішінен бірінші орынды педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Төребаеваның жетекшілігімен жас оқытушылар педагогика ғылымдарының магистрі Назгүл Бозғұланова мен дефектология мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі Гүлдархан Айтмағанбетованың «Ақылды балабақша» жобасы жеңіп алды. Осы орайда жоба жетекшісі, «Мектепке дейінгі және арнаулы білім» кафедрасының меңгерушісі Төребаева Клара Жаманбайқызын сөзге тарттық. Сұқбатты жүргізген журналист Жадыра Арен.

— Биыл алғаш рет ұйымдастырылған «Start-up» жобалар байқауында «Ақылды балабақша» жобасы бірінші орынды иеленді. Құтты болсын айта отырып, жоба жайында толығырақ білгіміз келеді?

-«Start-up» жобалар байқауының кафедраішілік кезеңінде біздің «Мектепке дейінгі және арнаулы білім» кафедрасынан 6 жоба ұсынылды. Жұмыстардың мазмұны осы кафедраға бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие» және «Дефектология» мамандықтарының қазіргі кездегі өзекті мәселелеріне арналды. Сондай-ақ, мәселенің өзектілігін дәлелдеу, оны әрі қарай неғұрлым терең зерттеу мақсатында ұсынылды. Бірінші кезеңге кафедрадан ұсынылған 6 жобаның 4-уі факультетішілік кезеңге өтті. Нәтижесінде соңғы кезеңге біздің кафедрадан 2 жоба жіберілді. Біз жобамызды ұсынбас бұрын университет ішінде маркетингтік зерттеу жүргіздік. Университетте қанша жас отбасы бар, олардың отбасылық жағдайы, оларға балабақша қажет пе, бүгінгі таңда жас отбасылар қандай нәрселерге мұқтаж, бала тәрбиесінде түрлі тәрбие ұйымдарына тартуда оларға қандай көмек керек деген сұрақтар төңірегінде зерттеу жүргізе отырып, жас оқытушылардың ішінде балаларын мектепке дейінгі ұйымдарға беруде қажеттіліктер көптігі байқалды. Осы зерттеулерімізді түйіндей келе, университет жанынан балабақша ашуды ұсынсақ деген оймен жобамызды жасадық. Қазіргі таңда елімізде демографиялық мәселе шешіліп келеді. Мемлекетіміз деңгейінде балабақшалар саны өсімде болғанымен, әлі де түйіні шешілмей келе жатқан мәселенің бірі балабақшада — орындардың жетіспеуі. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында дуалды, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру да қазіргі уақыт талабы екендігі айтылған. Дуалды білімді жүзеге асыру үшін студенттерге теориялық білімді практикаға ұштастыру, практикалық дағдыларды, практикалық машықтарын одан да терең етіп қалыптастыру, білім ұйымдарында тәжірибе жинақтау қажет. Егер біз университет жанынан балабақша ашатын болсақ, студенттер осы жерде білім мен қатар тәжірибелерін де арттыратын болады. «Start-up» ғылыми жоба болғанымен, дуалды білім мәселесін, жас отбасылардың проблемаларын шешу, оның маркетингтік қажеттіліктерін және өзектілігін дәлелдей отырып, студенттерді зерттеу жұмыстарына үйретуге әкелетін бірден-бір жол деп есептедік. «Ақылды балабақша» жобасын ұсынуда оның қажеттіліктерін, шығындық көрсеткіштерін есептеп, біздің университеттің жанынан балабақша ашуға толық мүмкіндігі бар екенін дәлелдедік.

— Жобаңыздың тақырыбы ерекше «Ақылды балабақша». Әдемі естіледі…

— «Start-up» жобасының алғашқы кезеңдерінде жобаны қорғау барысында «Ақылды балабақша» орыс тілінен тікелей аударылған аударма емес пе деген сұрақтар қойылғаны рас. Біз егер жобамыздың мазмұнын дәлелдей алмасақ, бұл тікелей аудару болар еді. Мемлекеттік балабақшаларға баланы таңертең апарып, кешке алып кету керек. Бізде оқытушылар жұмысқа сабақ кестесіне байланысты келеді. Біздің жобалық балабақшаға баланы өзіне ыңғайлы уақытта әкелуге болады. Мәселен, қаланың алыс аудандарында тұратын оқытушылар баласын балабақшаға апарып, бірінші ауысымда сабағы болмаса да жұмысқа келіп отыруға мәжбүр. Университеттің жанынан ашылатын, сағатымен әкелетін балабақша оларды қаржы жағынан үнемдеуге, екінші жағынан сағатына қарай өзіне ыңғайлы уақытында баласын әкелуге тиімді болмақ. Біздер 4-5-6 жастағы балаларды қамтимыз деп ұсыныс бердік.

— «Start-up» жобалық байқауына алғашқыда жастардың көзқарастары қандай болды?

— «Start-up» термині студенттерге жақсы таныс. Олай дейтінім, былтырғы оқу жылында студенттердің ғылыми апталығы барысында біз осы мәселелерді көтердік. Студенттерді кәсіпкерлікке дайындау, оның ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша даярланып шығатын студенттерді кәсіпкерлікке қалай дайындауға болады, «Кәсіпкерлік білім» деген пәнді модульге енгізу мәселелері көтерілді. Кәсіпкерлікке студенттер тарапынан қызығушылық танытқандары көп болды. Үстіміздегі оқу жылының қыркүйек-қазан айларында кафедрада «Start-up» жобаға студенттерді қалай тарту керек деген тақырыпта семинар өткіздік. Сондықтан болар «Start-up» жобалар байқауы жарияланды дегенде студенттеріміз дайын болды. Бір кафедрадан белсенді түрде бірден 6 жобаның ұсынылуы осы сөзіміздің дәлелі.

-«Start-up» жобасы қатысушыларға қандай мүмкіндіктер берді деп ойлайсыз?

-Бұл жоба біріншіден, студенттерді кәсіпкерлік машықтарын, дағдыларын, жоғары білімді маман болып шығумен қатар, идеяларын жүзеге асыруға жол ашады. Екіншіден, тәжірибелік білімдерін нығайтуға, студенттердің ғылымға деген қызығушылығын дамытады. Студенттер бұл жоба оларға қандай мүмкіндіктер беретінін жақсы білді. Кафедраішілік семинар барысында смета жасау, маркетингтік зерттеулер ұйымдастыру, «Start-up» нәтижесі неге әкелу керек деген сияқты мәселелер талданған болатын. Сондықтан студенттер жобаларын ұсыну барысында өз идеяларын жүзеге асыру жолдарын көрсете алды.

— Ғалым ретінде «Start-up» жобасы туралы жеке пікіріңіз?

— Мұндай жобалық байқаулар жиі өткізіліп тұруы керек. Студенттерді бұрынғыдай таптаурын тек семинарлар, апталықтар, ғылыми үйірмелер, пәндік олимпиадалармен шектемей, университетте студенттер үшін ұйымдастырылатын осындай ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қажетті жаңалықтардың барлығын дер кезінде үйретіп, көрсетіп отыруымыз қажет. Бұл жобаны қолдаймын. Өзіміз оқытатын мамандық саласында қандай өзекті мәселелер орын алуда, солардың ішіндегі ғылымға деген бағытын студенттерге үйретуге әркез дайынбыз.

— Жаңа жылдық тілегіңіз?

— Жаңа жылмен барша университет ұжымын құттықтаймын! 2018 жыл баршаларыңызға жағымды жаңалықтар мен толағай табыстар алып келсін! Әрбір игі істер мен жаңа бастамаларыңызға сәттілік серік болып, отбасыңызға баянды бақыт пен бақ-береке келсін!

Жаңа Жыл бірлік пен татулықтың жылы атансын! Қазақ елі дамыған елдердің қатарынан көрініп, биік белестерді бағындырсын! Елімізде өткен «Экспо-2017» халықаралық көрмесі қазақ жерін әлемге танытып, шыңға талпынуының бір көрінісі екені аян. Әлем таныған Астана, әлем көз салған қазақ жері дүниежүзін мәдениетімен, әдебиетімен, ғылымымен, келбетімен, кеңдігімен тамсандырып, қарыштап дами берсін!

Жаңа Жыл баршамызға бақытты болашаққа үміт, жаңа мүмкіндіктерге сенім ұялатып, жемісті бастамаларға жарқын келешек сыйлайды. Осы жаңа Жыл күткенімізді ақтап, елімізге тек бейбітшілік, амандық және өркендік әкелсін деп тілеймін!

 

-Сұқбатыңызға рахмет!