Четверг, Август 22, 2019
Басты > Жаңалықтар > Startup бизнес-жобалар байқауы мәресіне жетті

Startup бизнес-жобалар байқауы мәресіне жетті

Жұбанов университетінде үш күнге созылған  Ұлттық «Startup Bolashak – Менің арманым» стартап-жобалар байқауының өңірлік іріктеу кезеңінің нәтижесі жарияланып, жабылу салтанаты өтті.

Байқаудың тақырыбына шектеу қойылмаған, оған  16-29 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер қатысты. Ақтөбе облысында байқауға қатысуға шамамен 500 өтінім жиналды. Бүгінгі күні университет студенттері, колледждер, мектептер, аудандар мен дербес қатысушылардың 74 жобасы ұсынылды.

Стартап-жобалар байқауы өмір сапасын арттыруға бағытталған, қоғамдық маңызы бар, алдыңғы қатарлы білім алудың арқасында еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне технологияларды енгізуге негізделген жас кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Аталмыш шараға университеттің  ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров, «Даму» қорының АФ директоры Берік Нұрғалиев, Облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Бауыржан Дарқұлов,   «ЦеснаБанк» АФ директоры Айгүл Куватчанова,  Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы сервистік қолдау бөлімінің бастығы Ержан Нұрғалиев қатысты.

Айта кетейік, байқауға қатысушылар алдымен  байқау ұйымдастырушылары өткізетін стартап-уикэндтер және акселерациялық бағдарламалардан өтті. ЖОО-ның өңірлік ИКДО байқаудың барлық уақытында іріктелген жобаларды тіркеді. Содан соң, өңірлік стартап-уикэндтер аяқталғаннан кейін байқау қатысушылары өздерінің стартап-жобаларын байқау әділқазылары алдында көрсетіп,  жобаларын қорғады.

Нәтижесінде 74  үміткердің  арасынан финалға 24 жоба шықты. Финалға өткен жобалар Атырау қаласындағы өңірлік турға жолдама алды.