Четверг, Май 16, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде Heriot-Watt филиалының үшінші тестілеу емтиханы өтті

Жұбанов университетінде Heriot-Watt филиалының үшінші тестілеу емтиханы өтті

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында орналасқан британдық Heriot-Watt университетінің филиалына түсуге арналған ағылшын тілінен тестілеу емтиханы өтті.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен емтихан осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Емтиханға Ақтөбе облысының аудандарынан және Тараз, Маңғыстау, Орал, Павлодар облыстарынан жалпы саны 130-ға жуық талапкер қатысты.

Емтихан уақытында тестке қатысқан талапкерлердің ата-аналарына арнайы инфосессия өтті. Филиал өкілдері ата-аналарға оқуға қабылдау шарттары, оқу процесі және Heriot-Watt филиалы беретін мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.

Емтиханға 9 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген, көпбалалы ана Бақыт Азова да қатысты. Ақтөбелік талапкер 2012 жылы Жұбанов университетін қаржы мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал филиал туралы ақпаратты әлеуметтік желіден көргенін айтады.

— Филиал туралы университеттің әлеуметтік желідегі парақшасынан білдім. Негізі магистратураға түсуді жоспарлап жүр едім. Филиалдың беретін мүмкіндіктерін көріп, бірден осы емтиханға қатысамын деп шештім. Білім алу ешқашан кеш емес,-дейді Бақыт Азова.

Ал тараздық мұғалім Жомарт Қайрақбаев емтиханға шәкірттерімен бірге келген.
-Оқушым Бақыт Мағжан қазір тестілеуге қатысып жатыр. Филиалдың білім алушыларға беретін мүмкіндіктері көп. Елден шықпай-ақ әлемдік стандартқа сай білім алып, шетелдік профессорлардың дәрісін тыңдап, қос дипломның иесі атану арқылы филиал сұранысқа ие мамандарды даярлайтынын сөзсіз, — дейді ол.

Сонымен қатар ауа-райының қолайсыздығына байланысты наурыз айында тестілеуге қатыса алмаған талапкерлер де бүгінгі емтиханға қатысты.

Ағылшын тілінен өтетін тестілеу емтиханы ақысыз түрде әр айдың соңғы сенбісінде жүйелі түрде жүргізіледі. Талапкерлер тест нәтижесін 2-3 апта ішінде ала алады. Ал емтиханнан өтпеген жағдайда қайта тапсыруға мүмкіндігі бар.