Воскресенье, Май 5, 2024
Басты > Жаңалықтар > Маңызды кездесу

Маңызды кездесу

Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов Жұбанов университетінің басшылығымен кездесті.

Маңызды кездесуде Айбек Ақбергенұлы мемлекеттік қызмет агенттігінің атқарып жатқан жұмысын баяндап, университет түлектерін осы салаға тарту мүмкіндіктері туралы айтты.

Университет басшылығы алдағы уақытта оқу орнының ғалымдарымен бірге мемлекеттік қызметке байланысты өзекті тақырыптарға зерттеу жүргізу мәселелерін ұсынды. Қос тарап арасындағы осыған дейін жүргізілген жұмыстар пысықталып, бірлесе атқаратын жобалар талқыланды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан университет студенттеріне арналған дәріс өткізу жоспарда екенін атап өтті.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен еліміздің әр өңірінде «Мемлекеттік қызмет мектебі» жұмыс жасайды. Жобаның мақсаты — мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеуге ниетті жас мамандарды ЖОО дипломымен бірге мемлекеттік қызметтің талап-дағдыларын да қоса меңгеріп шығуына көмектесу. Алдағы уақытта “Мемлекеттік қызмет мектебі” жобасы бойынша Жұбанов университетінің білім алушыларын ақпараттандырып, мемлекеттік қызмет саласына бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.