Суббота, Май 11, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Дара тұлға

Дара тұлға

«Досқа достық — қарыз іс» дегендей, осы жылы 90 жасымызды бірге өткіземіз дейтін уәделеріміз болатын. Тағдыр оны басқаша шешті.

Кеңес Нокин Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы болып 22 жыл адал еңбек еткен ірі тұлғалардың бірі еді. 2017 жылдың 23 желтоқсанында туғанына 90 жыл толады. Естелік жазу менің парызым ғой …

Кеңес Нокиннің атағын мен Байғанин ауданында жүргенде-ақ естігенмін. Онымен Темір техникумында бірге оқыған жігіттер ол жайлы ылғи да жақсы жағынан әңгімелер айтатын. Оқуды да жақсы оқыған, оқушылар арасында өте беделді, оқытушылар да Кеңеспен санасатын болған.

Сол ұнамды кейіпкермен бетпе-бет жүздесу сәті 1959 жылы күзде түсті. Кеңес Нокин Алға (сол кезде Ключевой) аудандық атқару комитеті төрағалығына сайланған-ды. Өте парасатты ірі тұлға, ұлтжанды, облыстық атқару комитетінің төрағасы Ғабит Анабайұлы Қадырбеков оны облыстық атқару комитеті аппаратымен таныстырды. Жиыннан соң Кеңесті бөлмеме ертіп келіп, біраз сұхбаттастық.

Осы күн — Кеңеспен достықтың алғашқы іргетасын  қалаған күніміз еді. Ол достығымыз ұзақ уақыт — жарты ғасырға созылды. Осы ұзақ уақыт  ішінде не оның сөзіне, не жеке өзіне, не басқару өнеріне, не мінез-құлқына, не дүниетанымына, не өмірлік ұстанымына, не іскерлігіне, не білімдарлығына бір сәт риза болмаған, не көңілім толмаған кезім, ойлап отырсам, болмаған екен. Шынын айтқанда, екеуіміз арамыздан қыл өтпестей тату, әрі бірімізді біріміз емеурінінен танитын, біріміздің ойымызды біріміз алдын-ала болжап отыратындай, тіпті кірігіп, сіңісіп кеткен болатынбыз. Бірақ, оны мен өзімнен жоғары, биігірек, ұстайтынмын. Өзі де сол құрметке қай жағынан да лайық еді, саңлақ, сезімтал еді ғой.

Кеңес Нокиннің еңбек еткен жерінде ел айта жүретіндей, халық ойынан шығатындай ірі іздер қалатын.

Менің білетінім, оның алғашқы із қалдырғаны — ол басқарған Ойыл ауданының «Саралжын» кеңшарының табыстары мен жетістіктері. Екі жылда кеңшарды өркендете алды. Республикалық деңгейде ірі көрсеткішке ие болды. Кеңшар сөйтіп Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің, Республика кәсіподақтарының, ҚЛКЖО Орталық Комитетінің Ауыспалы туы мен ақшалай сыйлығымен марапатталды. Облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің жұмсауымен сол Туды және сыйлықты ұжымға тапсыру бақытына ие болдым.

Одан соң Кеңекең Алға аудандық атқару комитетінің төрағалығын өте биік дәрежеге көтерді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Борисов деген ұлы шовинистік астамшылықпен қазақтарды менсінбей, Кеңестің алдында екі төрағаны босаттырған болатын. Кеңекең  оның «астамшылдығына» әдептілік пен ақылдылық  арқылы жауап берді. Партия ісінің советтен, советтің жұмысының партия ісінен ерекшеліктерін оған мықтап түсіндірді. Борисовтің астамшылдық, шовинистік пиғылдары су сепкендей басылды, тырп етуге шақаты болмай қалды. Кеңекең солайша Борисовке ұлтын да, өзін де мойындатты.

— Кеңеке, сен өкпелеме, жұрт аузында сөз бар. «Шалқардан кетерде артына өлген қойлардың сүйектерін ғана қалдырды» дейді ғой, — деп сұрадым әрі қалжыңдап бірде.

— Мен жаңа құрылған 8 кеңшар қалдырдым, ұсақ ұжымшарларды жойдық. Халық алғашқы рет атқарған еңбегіне ақшалай жалақы алды. Бұл өмірде болмаған-ды. 24 фермада 180 мың бас қой өсірілді, қырылған мал басы төлінен өсіп қалпына келді. Кеңшарларды Н.Қобыландин, Е.Жұмағалиев, Ф.Беркімбаев, Т.Аманғосов, Ө.Аманжолов, З.Мұстафин, П.Құсайынов, тағы басқа білікті басшыларға басқаруды тапсырдық. Шаруаны басқарудың жаңа әдістерін, шаруашылық есепті ендірдік. Мал тұқымын асылдандыру, қолдан ұрықтандыру, жайылымды тиімді пайдалану, екпе шөп егу арқылы мал азығы қорын көбейту шараларын игерттік. Кеңшарлар орталықтарында әлеуметтік жағдайлар жасадық. Жаңа құрылыстар бой көтерді. Айта берсек, біраз істер тындырған сияқтымын. Шалқарлықтар қатты қыстың стихиясының дәмін де татты, бірақ, «Қары қалың қыстың артынан жадыраған жаз да келер» дегендей, жарқын істердің де бірқатары бар, оны жұрт қайдан білсін, — деп толғана жауап берген еді Кеңес. Олай болса, менің ойымша, Кеңес Нокиннің Шалқар ауданында да қалдырған үлгілі іздерін, ұлағатты істерін ешкім де жоққа шығара алмақ емес.

Кеңекең екеуіміздің бір саналы, мағыналы сәттеріміз боп өтіп еді-ау көршілігіміз. «Алыстағы ағайыннан, бірге тұрған көрші артық» деп атам  қазақ дәл тауып айтқан екен.

Қазақстан  Республикасы  Оқу министрі Балжан Бөлтірікова іссапармен Ақтөбе облысына келетін болды. Министрдің келетіні туралы облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағидолла Құбашев жолдасқа айттық. Сәкең бұл хабарды өте жоғары сезімталдықпен қабылдады.

— Ендеше былай, жолдас Беріков, — деді ол, — апайдың дәрежесін көтерейік. Облыстық атқару комитетінің резиденциясына орналастырайық. Димаш Ахметовичтің бөлмесінде болсын.

Бұл 1973 жылдың наурызы еді. Облыстық атқару комитетінің төрағасы  С.Құбашев бірінші күні резиденцияда қонағасы берді. Министрге деп кететін күнінің алдыңғы кешінде үйімізде дастарқан жайдық. Сағидолла, Кеңес, Ғиззаттарды шақырдық, әрине, жұбайларымен. Сағидолла Құбашұлының апайға арнаған сөздерінен есімде қалғаны: «Қазақ қыздарының арасынан жарық жұлдыздай болып, әлемдік деңгейдегі мәмілегерлік дәрежеге көтерілген жалғыз Сізсіз, Балжан Бөлтірікқызы, Біріккен Ұлттар Ұйымында Кеңес Одағындай елдің өкілі болу екінің бірінің пешенесіне жазылмаған». Кеңес Нөкіұлы  сөз сөйледі: «Балжан апай! Сізді Ұлы Отан соғысында ерлігімен әлемге танылған Мәншүк пен Әлия, тұңғыш ұшқыш қазақ қызы Хиуаз Доспановаларға теңеймін. Біз ес білгелі сіздің атыңызды жақсы жағынан естіп келеміз. Кеше өмірдеректеріңізді қарап отырсам, 23 жылдан бері республикалық дәрежедегі қызметтерде, оның ішінде 18 жыл үздіксіз министр екенсіз. Сізді лауазымдарыңыз емес, сіз лауазымдарды биіктетіп жүрген ерекше жаралған мемлекет қайраткерсіз!».

Сөйтіп, апайға Сағидолла мен Кеңес зор баға беріп еді.

Балжан Бөлтірікқызы облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағидолла Құбашұлының, облыстық партия комитетінің хатшысы Кеңес Нокиннің, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ғиззат Ибатұлының аттарына арнап, өте тебірене отырып, жылы сөздерін айтты. «Сіз, Сағидолла Құбашұлы, маған ерекше ілтипат көрсетіп отырсыз. Апаңызға деген, жалпы қазақ қыздарына деген сүйіспеншілігіңіз, қазақ ұлтына деген перзенттік махаббатыңыз, өз еліңіздің рухани өркендеуіне деген ақ ниетіңіз әр сөзіңізден самалдай есіп, сезіліп тұр. Алыстан толғап, тереңнен ойлап, елдің өркениетіне тек білімнің мықтылығына байланыстырып, мен  басқарып отырған саланың көкейтесті, өзекті мәселелерін жан-жақты ашып бердіңіз. Білім мәселесін әр облыстың бірінші басшылары сіздей терең біліп, оның проблемаларын шешуге ат салысатын болса, қазақ елі білімділік жөнінен барлық елдердің алдыңғы деңгейіне шығар еді. Бұл жөнінде Ақтөбе облысының жолы болған деп ойлаймын», — деген ыстық лебіздерін айтты. Кеңес Нокинге арнап: «Сіздің айтқан ыстық, жалынды ниеттеріңізге өте риза болып отырмын. Ұлтымыздың ұлы педагогі Ыбырай Алтынсарин айтқан еді: «Қазақ халқы азбаған, табиғаты таза халық. Оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды, ой-пікірі еркін». Осы сөздер Сізге арналып айтылғандай сезінемін. Сіздердей, осыншама биік деңгейдегі азаматтар басқарып отырған Ақтөбе облысы қалайша осал болады. Осал болмайды, әрине.  Халық ағарту ісіне жанашырлық танытып, сол саланың өзекті мәселелерін шешіп беруге ат салысып жүрген ірі тұлғалар бар екеніне көзім жетті. Соңғы жылдары облыс алдыңғы қатарлы жүлделі орындарға ие болып жүр, осының сыры неде екен деген ой келіп еді. Оқу бөлімін Ниетжан Берікұлы жақсы басқарады, біліп басқарады», — деді.

Сосын: «Тағы бір сезінгенім — өздеріңіз сайдың тасындай іріктелінген, қатар құрбы-құрдас, бір үйдің баласындай тату-тәтті, жолдас екенсіздер. Бұл қасиеттерің мені тәнті етті», — деп жалғады.

Кеңекеңнің ұлтжандылық қасиеттері Серік пен Патриске, олардың ұрпақтарына дарыса екен. Адам баласының жақсы болуы үшін көп нәрсе керек-ақ, соның бірі, тіпті абзал түрі — әділдік, туралық, қара қылды қақ жарған Алланың ақ жолы — шындық. Жалған сөйлеу, жарамсақтық — адамзаттың дұшпаны, ащы да болса бетке айту — кісілік екені хақ.

Кеңекең өзі адалдықты қалай ұнатса, сол жолмен жан-жаққа тура бұрылмай жүрсе, халайық-қауымнан да, елден-жұрттан да, ағайын-бауырлардан да осыны талап етті. Бүкіл тірлігі, оқуы, ізденуі, жұртқа берген үлгісі де осы ақ жол еді, арманы да, алған үлкен сабағы да осы ақ жол еді. Соған адал болайық, жамағат!

Менің досым Кеңес — жомарт табиғаттың сараң сыйлайтын, тіршілікте сирек ұшырасатын дара тұлғасы.

Ол — өзгелерден озық, оқшау тұратын, ел аузында аңызға айналған тұлға.

Ниетжан БЕРІКҰЛЫ,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

источник