Пятница, Октябрь 18, 2019
Басты > Жаңалықтар > Екі университет арасында халықаралық ынтымақтастық нығаяды

Екі университет арасында халықаралық ынтымақтастық нығаяды

Қытай Халық Республикасының  Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің өкілдері мен  Жұбанов университетінің басшылығы, Конфуций институтының қызметкерлері кездесті.

Делегация құрамында Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің үздіксіз білім беру институтының директоры, профессор Фан Сяолин,  ақпараттық коммуникация және мәдениет институтының оқытушысы, профессор Цзю Чжаоян, ақпараттық коммуникация және мәдениет институтының аға оқытушысы Ван Фенин, ақпараттық коммуникация және мәдениет институтының оқытушысы Қарақат Жұмабай бар.

Кездесуді ашқан Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков «Жұбанов университетінде Қытай Халық Республикасындағы бірнеше жоғары оқу орындарымен байланыс жақсы дамыған. Біздің университетте 7 жылдан астам уақыт бұрын жұмысын бастаған Конфуций институты – Қазақстандағы Конфуций институттарының үздіктері қатарында. Синьцзян қаржы-экономикалық университетімен де 2011 жылдан бері ынтымақтастық аясында жұмыс жасап жатырмыз. Алдымен, Қазақстанның батыс өңіріндегі агломерациялық орталыққа айналған, Ақтөбеге  қош келдіңіздер! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!»,- деді.

Екіжақты кездесу барысында  екі университет арасындағы ынтымақтастықтың нысандары мен бағыттары, профессор-оқытушылардың біліктілігін арттыру, студенттердің оқу және тіл практикасынан өту сынды мәселелер талқыланды.

Өз сөзінде Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің үздіксіз білім беру институтының директоры, профессор Фан Сяолин алдымен  университет ректорына кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. «Мұндай кездесулер жиі бола бермейді деп ойлаймын. Бұл менің Қазақстан жеріндегі Ақтөбе өңіріне алғашқы сапарым. Сіздермен қауышқаным үшін мақтаныш сезімде отырмын, сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Жұбанов университетінде Конфуций институты ашылғаннан бері Конфуций институтының директорымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, болашақ  мамандарды тәрбиелеу барысында өз қолдауымды білдіріп жатырмын. Бұл жұмыстарды жасауда әрі қарай бар күш-жігерімді салып, аянбай қызмет етуге дайынмын. 

Сондай-ақ, Қазақстандағы Конфуций институттарының ішіндегі дәрежесі жоғары деп Жұбанов университетіндегі Конфуций институтын айтпай кетсем болмас. Екі жақтың нығайған қарым-қатынасының арқасында Конфуций институтының мерейі әлі де өсе беретініне сенім білдіремін. Бұл тұста Сіздерің де үлестеріңіз мол. Бірлескен жобаларымыздың сәтті жүзеге асуына тілектеспін!

Осы тұста айта кетейін, мен «Қазақ тілі» мамандығы бойынша бітірдім. Қазақ тілін сөйлеуді, одан әрі зерттеуді ұнатамын. Қазақ тілін үйрену үшін күш саламын», — деді (күліп).

Делегацияны қабылдау барысында Жұбанов университетінің халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры, профессор Гүлжан Шоқым халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарын атап өтті.

«Біз Синьцзян қаржы-экономикалық университетімен 2011 жылдан бастап екі бағытта жұмыс жасап келеміз, оның біріншісі – екі университет арасында оқытушы алмасу, студент алмасу,  тәжірибе алмасу бағыты болатын болса, екінші бағыт — Конфуций институтының жұмысын бірлесе атқару. 

Синьцзян қаржы-экономикалық университеті – бизнес бағытында, МВА бағытында мамандар дайндайтын бірден-бір университет және  Қытайдағы Конфуций институтының серіктес университеті. Біз жыл сайын студенттер алмасу бағдарламасы, тілдік лагерь бағдарламасы бойынша өз студенттерімізді жіберіп отырамыз», — деді Г.Шоқым. Ол сондай-ақ шетелдік делегацияға Жұбанов университетінің студенттері үшін ғылыми гранттар беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Гүлжан Тыныштықбайқызының айтуынша, Жұбанов университетінде  жаңа оқу жылында «Әлемдік экономика» мамандығы ашылады. «Әлемдік экономика» мамандығында қытай экономикасын игеру мақсатында  студенттер 2 курстан бастап қытай тілін терең меңгере бастайды. Осыған байланысты Гүлжан Тыныштықбайқызы университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Синьцзян қаржы-экономикалық университетінде қытай тілін тереңдетіп оқыту, оларды МВА программасына қосу жолдарын қарастыруды ұсынды.

Кездесуде «Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттермен алмасу, профессор-оқытушылармен тәжірибе алмасу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, екіжақты жобаларды талқылау мақсатында халықаралық семинарлар мен конференциялар өткізу — екі тарап үшін де тиімді болатынына сенімдімін!», — деді ректор Бауыржан Ердембеков.

Жиын барысында Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің өкілдері Жұбанов университетімен тығыз қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екендігін білдірді.