Понедельник, Май 6, 2024
Басты > Жаңалықтар > Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

Жұбанов университетінде «Қазіргі қоғамдағы адамгершілікті дамыту мәселелеріндегі мәдениеттің, тілдің, әдебиеттің және өнердің өзара әрекеттесуі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференция барысында шетелдік және отандық ғалымдар Құдайберген Жұбановтың қазақстандық қоғамның әлеуметтік, рухани-адамгершілік дамуындағы рөлі, қазақ, орыс және әлем әдебиетіндегі этикалық және эстетикалық бастаулардың корреляциясы, қазіргі мәдениет пен өнер контексіндегі тіл, жоғары оқу орындары мен мектептерде тіл мен әдебиетті оқытудың жаңа технологияларының, әдістемелерінің негізгі мәселелері және даму үрдістері бойынша зерттеу жұмыстарын талқылап, ұсыныстарын ортаға салды.

Пленарлық мәжілісте филология және педагогика ғылымдарының докторы, Сочи мемлекеттік университетінің роман-герман және орыс филологиясы кафедрасының профессоры Александра Ворожбитованың «Сөйлеу әрекетінің этикасы мен эстетикасы: «Мәдениет – Тіл – Әдебиет – Өнер» тілдік көзқарас синергетикасындағы континуумы» тақырыбында жасаған баяндамасы тереңдігі мен мазмұнының ерекшелігімен қатысушылардың  қызығушылығын тудырды.

Польша Республикасы Варминск-Мазур университетінің журналистика және әлеуметтік коммуникация институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Александр Киклевич «Әлеуметтік маркетинг идеяларды ілгерілету құралы ретінде» тақырыбында өте өзекті баяндамасын ұсынды.

Сонымен қатар педагогика ғылымдарының докторы, профессор Алена Евтюгина, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Сәдуақас, филология ғылымдарының кандидаты, Ресей Федерациясының Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің бизнестегі қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Людмила Балахонская,  филология ғылымдарының докторы, Башқұрт мемлекеттік университетінің профессоры Ольга Касымова,  психология ғылымдарының докторы, профессор Людмила Каравановалар мазмұнды баяндамалар жасады.

Баяндамашылар тіл білімінің, әдебиеттанудың, мәдениеттанудың, педагогика мен өнердің өзекті мәселелерін талқылады.