Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті комплаенс-қызметтің және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушіліктің үлгісі ретінде танылды

Жұбанов университеті комплаенс-қызметтің және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушіліктің үлгісі ретінде танылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Қазақстанның батыс өңіріндегі жоғары оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесін енгізіп, ҚР CT ISO 37001-2017 ұлттық стандарты сертификатын алды.

Жұбанов университетінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет 2022 жылы ашылды. Осы уақыт аралығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт, «Сенім телефоны» ережесі енгізілді. Сонымен қатар комплаенс-қызметтің көмегімен сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық әрекеттері анықталып, алдын алу шаралары жүргізілді. Адал және ашық ортаны құруға ықпал ететін көптеген жүйелерді автоматтандыруға және цифрландыруға көңіл бөлінді.

— Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2026 жылға дейін жоғары оқу орындары ISO 37001 сәйкестік стандартынан өтуі тиіс болатын. Бірақ біз осы жылдың басында аталған сертификат стандарттары талаптарына сәйкестігімізді растап отырмыз, — деп атап өтті Жұбанов университетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс- қызметінің жетекшісі Дархан Мүсіров.

Комплаенс-қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуын қадағалап қана қоймай, сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер арасында академиялық адалдық қағидаттарының сақталуын бақылайды.

Қоңыраулар мен хабарламаларды қабылдау үшін университетте +7 707 737 19 35 сенім телефоны жұмыс істейді. «Сенім телефонындағы» мамандар заңгерлік кеңес беруге немесе жоғары оқу орнындағы оқу үдерісіне байланысты ұсыныстарды тыңдауға әркез дайын.

Жұбанов университетінің қызметкерлері, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің белсенді азаматтық ұстанымының арқасында комплаенс-қызмет жоғары бағаға қол жеткізіп, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушіліктің үлгісі ретінде танылды.

ser-kz