Суббота, Май 4, 2024
Басты > Жаңалықтар > Zhubanov university академиялық адалдық лигасына төрағалық етеді

Zhubanov university академиялық адалдық лигасына төрағалық етеді

Бүгін Алматы қаласындағы Almaty Management университетінде Академиялық адалдық лигасының құрылғанына 5 жыл толуына орай форум өтті. Шараға жоғары білім беру саласының сарапшылары, ғылыми қызметкерлер мен Лига мүшелері қатысты.

Академиялық адалдық лигасы осы уақыт аралығында өз жұмысын еліміздің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы академиялық адалдық қағидаттарының сақталуына бағыттады.

Әрбір студент пен жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамының әдептілігі, этикасы, интеллектуалдық адалдығы арқылы білімнің, шығармашылық пен зерттеудің дамуын қолдайтын Лигаға қазіргі таңда еліміздің 17 университеті мүшелік етеді.

Форумға қатысқан Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова Лига мүшелерімен бірге “Сарапшылар мен білім беру көшбасшыларының визионерлік талқылауы: инновация мен академиялық адалдық арасындағы тепе-теңдік” тақырыбында пікірлерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Айта кету керек, Жұбанов университеті Академиялық адалдық лигасының стандарттарына 60 пайыздан астам сәйкестік жинаған. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде Батыс өңіріндегі ең ірі жоғары оқу орны саналатын Жұбанов университеті Академиялық адалдық лигасына төрағалық етеді.

Қазақстандық білім берудегі адалдық мәдениеті мен әдеп құндылықтарын дамытуға қосқан үлесі және Академиялық адалдық лигасының қызметіне белсене қатысқаны үшін Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова дипломмен марапатталды.