Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбелік студенттер шәкіртақының артқанына алғыстарын білдіруде

Ақтөбелік студенттер шәкіртақының артқанына алғыстарын білдіруде

Райбек ТЕЛЖАНҰЛЫ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 2 курс магистранты: Екі мың жиырмасыншы жылдан бастап шәкіртақының жиырма бес пайыз еселенгеніне қуаныштымын. Менің ойымша, бұл қолдау мемлекеттің білім мен ғылымға деген жауапкершілігінің жоғары екендігін айқын көрсетеді. Студенттер үшін бұл оқуға, әлеуметтенуіне, кәсіби маман ретінде қалыптасуына үлкен ынталандыру. Мектептің жас түлектерінің студент атануға қызығушылығын жоғарылататын жағдай.

Сондай-ақ, бұл көмек ғылыми зерттеушілік қызметпен тікелей айналысатын жас азаматтарға қажетті шығындарды жабуға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, не жеймін, не киемін деген сұрақтардың шешімін табу мақсатында қосымша ақша табуға уақыт бөлмей, бірыңғай ғылыммен айналысуға берілген зор мүмкіндік.

Тәуелсіз еліміздің білім мен ғылым саласын дамытуға бағытталған оң өзгерістер жалпы қоғамның, әсіресе өскелең ұрпақтың мемлекеттің баянды болашағына нақты сенімін бекемдей түседі. Ел ерім дегенде, ендігі кезекте біздер еліміз үшін ерлікке бергісіз ерен еңбектің үздік үлгісін көрсетуіміз қажет.

Анар АХАБАЕВА, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы мамандығының 3 курс студенті: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап студенттердің шәкіртақысын жоғарылайтындығын мәлімдеген еді. Расында, бұл біз үшін, қарапайым студенттер үшін өте үлкен әрі қуанышты жаңалық болды. Еліміздің аумағындағы жүз мыңдаған студенттердің ерекше қуанып жүргені анық. Менімен бірге ата-анамның да ризашылығында шек жоқ. Кезінде олар оқыған кезде мұндай жаңалықтар тіпті болмағанын айтып, қамқорлықтың қайтарымын дұрыс бағалап, еліңе адал қызмет ет деп дем беріп отырады.

Расында да мемлекеттің экономикалық әлеуеті жыл сайын жақсарып келеді. Өткен жастар жыл біраз жағдай жасалып, жаңа буын кәсіпкерлерге көмектер көрсетілді. Енді міне студенттерге қамқорлық күшейді. Басында шәкіртақының мөлшері артады дегенде, тез жүзеге асатынына алғашында сене алмадым. Қаншама адамға қыруар қаражат жұмсалатындығы белгілі гой. Бірақ ел ағалары сөзінде тұрды. Президенттің халық алдындағы уәдесі орындалды. Он сегіз миллион қазақстандықтың 542 458-і студент жастар екен. Жарты миллионнан астам жас буынға қуаныш сыйлаған қайраткер тұлғаның біз үшін беделі зор.

Осындай ынталандыру жасап, жастарды қамқорлық қанатына алған атқарушы билікке қалай адал қызмет етпеске?! Әр бір қазақ мемлекеттің іргесі берік қалануына сүбелі үлес қосса болашағымыз жарқын болары сөзсіз. Біз де еліміздің ілгері дамуына бар күш жігерімізді жұмсауға міндеттіміз. Қадірменді замандас қатарластарыңмен бірге бол. Еліміз саған үлкен үміт артып, қолдау көрсеткенде құр қарап жүрмей баршаға пайдалы әрекет ет!

 

Пікірлерді дайындаған осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі

https://bilimdinews.kz/?p=86093