Четверг, Май 9, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Өсімдіктер әлемі

Өсімдіктер әлемі

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Өсімдіктер әлемі» атты көрме ұйымдастырылды.

Оған музей қорынан жасақталған жүзден аса гербарийдің түрлері қойылды. Олардың қатарында 1923-1925, 1928-1929 жылдардағы гербарийлер бар. Сонымен қатар көрмеге белгілі ақтөбелік ғалым-фармаколог Райса Көзденбаеваның өлкеміздің дәрілік өсімдіктерінен жасаған майларының бірнеше түрі қойылды.

Еліміздің Батыс өңіріндегі музейлердің ішінде гербарийлердің ең көп түрі облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы.

Шарада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті экология кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты Ақылжан Телеуов, аталған университеттің биология кафедрасының оқытушысы, PhD докторанты Бауыржан Туралин музей қорындағы гербарийлер коллекциясын көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан музей қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.

Көрме соңында музей директорының орынбасары Медет Құлмұханов университет қонақтарына ризашылығын білдіріп, музей директорының атынан Алғыс хаттар мен өлке тарихынан сыр шертетін кітаптар табыстады.

Біздің өлкенің өсімдіктер әлеміне үңіліп, жақынырақ танысқыңыз келсе, музейге келіп, көрмені тамашалауға болады.Көрме желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.

 

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің

жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері.

 

/aqtobegazeti.kz/