Суббота, Май 4, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұлт мәдениетінің темірқазығы

Ұлт мәдениетінің темірқазығы

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай бүгін Жұбанов университетінде зиялы қауым өкілдері және тарихшылардың басқосуымен дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға жазушы, публицист Бейбіт Қойшыбаев, Қазақ Ұлттық аграрлық ҒЗУ профессоры Ханкелді Әбжанов және университеттің профессор-оқытушылары мен студенттер қатысты.

Қоғам қайраткерінің өмір жолын, еңбектерін зерттеп жүрген жазушы, «Комиссар Жүргенов» кітабының авторы Бейбіт Қойшыбаев Темірбек Жүргеновті мемлекет пен мәдениетімізді басқа елдерге кеңінен танытқан тұлғалардың бірі деп атап өтті. «Темірбек Қараұлының есімі тек қазақ еліне ғана емес, түркі жұртына мәлім. Оның атқарған қызметі, халқының болашағына сіңірген қалтқысыз еңбегі, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері жоғары бағасын алды. Сондықтан Темірбек Жүргеновтің бойындағы қайраткерлікті, ізгі қасиеттерді талқылап, өскелең ұрпаққа насихаттау біздің парызымыз»,- дейді жазушы.

Рухани кеште ұлт руханиятының көрнекті өкілі Темірбек Жүргеновтің өнегелі өмірі, оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне қосқан өлшеусіз еңбегі туралы айтылды. Сонымен қатар студенттер келген қонақтарға сұрақтар қойып, естелік суретке түсті.