Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > Абай күні баршаға қымбат

Абай күні баршаға қымбат

10 тамыз — Абай күні

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы – ұлы​ ақын, философ,​ ағартушы, композитор. 1845 жылы қазіргі Абай облысы, Абай ауданы, Қасқабұлақ жайлауында дүниеге келген. Абай лирикасы жанрлық ерекшеліктері жағынан алғанда көп салалы, көп қырлы болып келеді. Қазақ поэзиясында тіл кестесіне, сөз қолдануына да жаңа сипат дарытқан ақын. Ол қазақ поэзиясының мазмұндық ауқымын, тақырыбын кеңейтті, әдебиетте жаңа жанрлық түрлер туғызды. А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, т.б. ақындардың шығармаларын шеберлікпен аударып, қазақ әдебиетін жаңа ой орамымен байытты деп жазылған Ақтөбедегі Абай ескерткішінің сипаттамасындағы тарихи мәліметте.

Ескерткіш 2020 жылы ашылды.
Ескерткіштің авторлары: ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі мүсінші Тоқтар Ермеков және мүсінші Жеңіс Жұбанқосов.
Абай ескерткіші Ақтөбе қаласы, Абай даңғылы мен Есет Батыр көшесі қиылысында орналасқан.
«Бүгін ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны,​ ұлттық руханиятымыздың көш басшысы Абай Құнанбайұлының туған күні. Демек, қазақ дүниетанымының, өркениетінің, руханиятының күні.

Бұл күн республикалық мереке санатында жылда аталып өтетін айтулы күннің бірі. Қаламыздағы Абай ескерткіші қасында бүгін де жылдағыдай Абай рухына тағзым жасалып, гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Абай өлеңдері оқылды. Зиялы тұлғалар Абай феномені жөнінде ойларымен бөлісті.
Абайды еске алу, рухына тағзым ету әрине дұрыс. Оның тәрбиелік те, тағылымдық та мәні зор.Тек бұл игі іс бір күнмен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Өмірдің сан түрлі мезеттеріне, қалтарыс-бұлтарыстарына дейін мейлінше анықтап айтқан Абай іліміне біз жауапкершілікпен қарауымыз керек. Өйткені ол сөздерде мемлекет құраушы ұлтқа қажетті шарттардың бәрі бар. Басқасын былай қойғанда экономика, кәсіпке байланысты, еңбек өнімі, заң жүйесіне байланысты пайымдарды Абай сөздерінен таба аласыз. Оның ұлт мүддесін ойлаған ақын екендігін осыдан көре аламыз. Абайдың артықшылығы, қанша уақыт өтсе де ескірмейтіндігі, әр дәуірде жаңадан өркен жайып, заманмен аяғын тең басып келе жатқанының сыры да осында.

Абайды, оның шығармашылығын тану бір басқа әңгіме де, Абайды таныту өз алдына бөлек әңгіме. Ал, Абай ілімін өмірге пайдалану, ұлттың руханиятын бүтіндеуге жұмсау күн тәртібінен түспейтін мәселе болуы тиіс. Сонда бізге өркениеттің ауылы алыс болмайды. Дамыған ел болуға апарар жолдың бір сүрлеуі осы деп те айтуға болады.
Абай күні құтты болсын!»,- деп жазған болатын әлеуметтік парақшасында Zhubanov University «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі,​ филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Шамұлы Пангереев.
Абай күні мерекесінде ғалыммен кездесіп, Абай және оның шығармашылығын насихаттау төңірегіндегі сұрақтарымызға жауап алдық.

-Елімізде Абай күні биыл үшінші рет аталып өтті. Атаулы күн Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толған 2020 жылы ресми мерекелер тізіміне енгізілгенін білеміз. Сіз үшін бұл мереке ерекше қымбат деп ойлаймын.

— Елімізде мемлекеттік деңгейде аталып өтетін бірнеше мереке бар. Бәрі де орынды, бәрі де салиқалы мерекелер. 2020 жылы Абайдың туғанына 175 жыл толу құрметіне арналған мереке болып өткені баршаға аян. Ұлы ақынның торқалы тойы жоғары деңгейде ұлықталды, республиканың әр өңірінде оның шығармашылығына арналған ғылыми конференциялар, вебинарлар өткізіліп, эстафеталық жолмен өлеңдері оқылды. Абай шығармашылығының ұлттық руханиятты жетілдірудегі орны, елді биік өркениетке бастаудағы жетекшілік рөлі түсіндірілді.
Бұл іске мемлекетіміздің басшысы да белсене кірісіп, «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақала жазды. Жасыратыны жоқ бұл мақала Абайтану жұмыстарына үлкен серпін берді. Бұлай деп тұрғанымыз Абайдың мерейтойлары бұрындары да аталып өтілді. Жалпы қандай болмасын мереке аталып өткеннен кейін уақыт өте келе ұмытылатыны, санада көмескі тартатыны белгілі. Олардың мұндай науқандық сипат алуы өзіндік бір заңдылық іспетті.
Ал, Абайдың 175 жылдығының өзгешелігі болды. Ол өзгешелік – Абайдың туған күні деп дәлелденген 10-тамыздың «Абай күні» деп аталып, республикалық ресми мерекелер тізіміне енуі. «Абай күні» бір мен емес, еліміздің барша жұртшылығы үшін қымбат мереке деп ойлаймын.
Өйткені бұл күн ұлттық рухтың, ұлттық болмыстың, ұлттық поэтикалық зере мен танымның күні. Абай ілімі арқылы біз осыған көз жеткізе аламыз.

-Мемлекет басшысының қолдауымен шетелдерде Абай институттары ашылып жатыр. Әлемге танымал Гете, Конфуций институттарымен баламалас болады деген пікірлер айтылды. Деңгейлесу үшін әлі көп жұмыс атқарылуы қажет сияқты..

-Қай халық болмасын әлемдік өркениет, мәдениет кеңістігінде өздерінің озық ойлы перзенттері арқылы танылып отырады. Орыстың Пушкині, ағылшынның Шекспирі, немістің Гетесі, түркменнің Мақтымқұлы, өзбектің Науаиы сияқты ұлттық мақтаныштары болса, біздің халықтың ұлттық бренді-Абай екені белгілі.
Қытайда Конфуций ілімі жолға қойылса, Германияда Гете оқулары тұрақты түрде жылма – жыл өткізіліп тұрады. Біз де осы деңгейге шығуымыз керек. Абайдың «Толық адам» ілімін оқыту, оны ұлттық идеология ретінде ұстану Абай өлеңдерінің мәні мен мағынасын түсіндіру кезек күттірмейтін мәселе ретінде күн тәртібіне қойылуы тиіс.
Абайды өзіміз ғана біліп қоймай, оның қандай деңгейдегі ойшыл екендігін, даналық сөздерінің қаншалықты терең екендігін, ақындық даралығын әлемге танытуымыз қажет. Сайып келгенде бұндай қадам Абай арқылы әлемге өзіміздің ұлтымызды таныту болып шығады.
Мемлекет басшысының қолдауымен осы мақсатта АҚШ, Түркия, Ресей, Иран, Белгия сияқты елдерде Абай институттары ашылғаны әрине, көңіл қуантады. Мұндай мәдениетаралық байланыстар, әдеби байланыстар жыл өткен сайын арта береді деп ойлаймыз. Оған Абай өлеңдерінің, қара сөздерінің әлем тілдеріне аударылып, таралу ареалының кеңейіп келе жатырғаны да игі әсер ететіні сөзсіз.​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​
Әрине, бұл мәселе бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар көп. Ол жұмыстар жоспарланып, бір орталықтан басқарылуы керек. Осы ретте Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан ел президентінің ұсынысы негізінде «Абай академиясы» ашылғандығын айта кету жөн. Бұл академия республика жоғары оқу орындарындағы Абайтану орталықтарын өздеріне тарта отырып, екі-үш жылдан бері жоспарлы жұмыстар атқарып отыр. Қазіргі таңда Абай шығармашылықтарына байланысты 30 том кітап шығарды.
Дегенмен Абайды тану, оның ілімін, шығармашылығын, өз жұртымызға, әлем жұртына таныту бір күннің шаруасы емес. Осы қарқынды бәсеңдетпейтін болсақ, өзіңіз айтып отырған Гете, Конфуций институттарымен үзеңгілес болмайтындай несі бар.

-Абай күні қарсаңында поэзиялық челендждер өтеді. Жақсы ғой. Дегенмен Абайды сүйіп оқу бар да, оның шығармаларын түсініп оқу бөлек. Осы ойыма пікіріңіз?

-«Абай күні» қарсаңында поэзиялық челлендж өткізу дәстүрге айналып келе жатыр. Абайдың 175 жылдығына орай астаналық оқушы Ләйлім Шырақтың ел президентіне жолдап бастаған осы поэзиялық челлендж Абайды тез арада әлемге танытуға жол салды. Мектеп оқушысынан бастап мемлекеттік қызметкерге дейін мәнерлеп Абай өлеңдерін айтатын болды. Бұл, әрине, жақсы, алайда, ол өлеңдердің астарында көмкерілген мән мен мағынаны, бейнелі ұғымдарды әркім түсіне бермейтіні рас. Бұл салада да атқарылатын жұмыстар баршылық. Мектеп, колледж, ЖОО білім алушыларының жөні бөлек. Оларға абайтану сабақтары жүреді. Ал, жалпы жұртшылыққа Абай өлеңдерінің мағынасын түсіндіру үшін бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланған жөн. Танымдық-ақпараттық хабарлар жүргізгенде жөн болар еді. Бұрын ұлтымыздың танымал тұлғасы Амангелді Айталы Ақтөбе телеарнасынан абайтануға байланысты хабар жүргізген еді. Бір хабарына мен де қатыстым. Міне, енді сол телехабарды жандандыруға болады.

-Университетте біраз жылдан бері «Абай және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығын басқарасыз. Негізі Абай мұрасының қай тұсы әлі тың зерттеуді қажет етеді? Орталықтағы негізгі ғылыми-зерттеу бағыты туралы айтсаңыз.

-Біздің университетте абайтану мәселесінің қолға алынғанына біраз жылдың жүзі болды. Оның бастауында сонау жылдары оқу орнымыздың педагогикалық институт кезіндегі ректоры Мұхтар Арынов тұр. 1989 жылы институтта «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының ашылуымен қатар «Абайтану» пәні оқытыла бастады. Ол кезде профессор Алтай Тайжанов осы «Абайтану» пәнін жүргізіп бастады. М.Арыновтың тікелей басқаруымен «Абайтану кабинет-мұражайы» жасақталды. Бұл кабинет-мұражайдың ашылуына​ «Қазақ әдебиеті» кафедрасының оқытушылары Ғайша Ниязова, Әлия Ұлықпанова ерекше еңбек етті. Кафедра меңгерушісі болған Баян Борашев Семейге екі рет іс сапарға барып, қажетті материалдарды алып келді. Нәтижесінде бір кіріп шыққанның өзінде жеткілікті мәлімет алатындай «Абайтану кабинет-мұражайы» жасалды. Оқу ордамызға келген отандық және шетелдік қонақтар осы кабинет-мұражайды көріп шығып, таңданыстарын жасыра алмайтын.
Алайда сол бір кезеңде оқу орнымыздың педагогикалық институт және унверситет болып екіге бөлінуіне байланысты бұл кабинет-мұражайдың қызметі тоқтап қалды. Жойылды деп айтуға ауызым бармай, сыпайылап қызметін тоқтатты деп айтып тұрмын. Соңғы төрт – бес жылдың төңірегінде «Абай және ұлттық руханият» аталатын ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Орталықтың құрылуына сол уақытта университет ректоры болып қызмет жасаған Бауыржан Ердембеков мұрындық болды.
Орталық қазір өз деңгейінде жұмыс жасап тұр. Абайдың 175 жылдығы қарсаңында «Жұбановтан Абайға» атты ғылыми танымдық экспедиция ұйымдастырдық. Экспедицияны өзім басқарып барып, Абай жүрген іздермен жүріп отырып, зерттеулер жүргіздік. Нәтижесінде білім алушы жастар көріп, рухани азық алатындай​ альбом-кітап және жарты сағаттық деректі фильм шығардық.
Абай шығармаларын зерттеп тануға арналған вебинарлар өткізу де орталықтың негізгі жұмыстары болып саналады.
Абай мұрасының қай тұсы тың зерттеуді қажет етеді деген сұраққа келсек, Абай мұрасы түгел зерттеліп болды деп айта алмаймыз, әр ұрпақ, әр буын Абайдан өздеріне қажетті рухани нәр ала алады. Орталық қазір Абай туындыларын герменевтикалық жолмен талдау жұмыстарын жүргізуді негізгі мақсат етіп отыр. Сонымен қатар абайтану тарихы да жіті қарауды талап етеді.

-Абайды классик ретінде алғаш зерттеп, танытқан Құдайберген Жұбанов. Қазір абайтанушы ғалымдар қатары өте көп. Өзіңізді де өңірдегі бас абайтанушы деп жүр. Жастар арасында абайтанушылар бар ма? Кімдерді атар едіңіз?

— Әдебиетті тапқа бөлген, Абайды оқуға тиым салған алмағайып кезеңде біздің оқу ордамыз атын иелеп тұрған қазақтың тұңғыш лингвист ғалымы Құдайберген Жұбанов «Абай қазақ әдебиетінің классигі» атты мақала жазды. Бұл мақала 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланған. Айта кету керек Жұбановтың бұл мақаласы Абай шығармаларын профессионалдық-ғылыми тұрғыда талдап түсіндірген, көркем туындыны талдау әдістерін қолданған алғашқы еңбек. Былтырғы жылы «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлы және оның қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласындағы мұрасы» жобасы аясында үлкен ғалымның ұлы ақын туралы еңбегін зиялы ортаға жеткізу мақсатында «Абайтанудағы Қ.Жұбанов даралығы» атты​ он төрт баспа табақтан тұратын ғылыми-танымдық зерттеу кітабым жарық көрді. Бұл да орталықтың зерттеу бағытын білдіретін еңбек деп есептеуге болады.
Енді Абайтану мен ғалымдарға келетін болсақ олардың қатары аз емес. Себебі әдебиетші ғалымдардың қай-қайсы да Абайдың әдеби мұрасын бір кісідей білуі тиіс. Әйтпесе әдебиетші атанып жүруге хақысы да болмас. Ал, енді өзіме келсем мен фольклортанушымын. Қорғаған докторлық диссертациямның тақырыбы – «Қазақтың топонимдік фольклоры» фольклордағы жер- су атауларының қолданысын зерттеген болатынмын. Сондықтан осы үш бағытта, фольклор, топонимика, және абайтану бағытында зерттеулер жүргізуді қолайлы көремін.
Қазіргі таңда ғылыммен айналысушы жастар баршылық. Өз шәкірттерімді де осы аталған бағыттар бойынша ғылыми жұмысқа тарту үнемі ойымда тұрады. Кафедра оқытушылары арасында Әлия Ұлықпанова, Рита Жұмағалиеваларды білікті абайтанушылар деп атай аламын. Қазіргі магистранттар мен докторанттардың арасынан да осылар секілді жас абайтанушылар өсіп шығатынына сенімім мол. Мол болатын себебі қай іс болса да басшылық тарапынан қолдау көрсетілсе алға басары сөзсіз. Осы абайтану мәселесі бойынша университетіміздің ректоры Лаура Қарабасовамен бірнеше рет пікір алыстық. «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми- зерттеу орталығының даму бағытын айқындадық, «Абайтану» және «Жұбановтану» орталықтарын біріктіріп, гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтын құру мүмкіндігін де қарастырдық. Сондықтан бұл сала дамиды, өлкеміздің мәдениетімен руханиятын жетілдіріп, алға апаратын үйлестіру орталығы болады деген зор үмітіміз бар.

Гүлнара Қараша

Zhubanov University облыстық газеті, № 7-8 (488), 2023 ж.