Суббота, Май 4, 2024
Басты > Жаңалықтар > Зәкіратдин Байдосов «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды

Зәкіратдин Байдосов «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Зәкіратдин Байдосовты 90 жылдық мерейтойына орай «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Зәкіратдин Байдосов саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша ең алғашқы зерттеулерді жүргізген ғалымдардың бірі. Сонымен қатар Ақтөбе облысының тарихына байланысты бұрын-соңды жарияланбаған тың деректерді ғылыми айналымға енгізген.

Ғалымның «Ақтөбе облысының тарихынан», «Ту ұстап, тарлан мінген тархан», «Ақтөбе мұнайы: өткені мен бүгінгісі», «Үш ғасыр перзенттері», төрт томнан тұратын «Зұлмат пен үрей: зобалаң анатомиясы», «Қаражігіт» тағы басқа зерттеу еңбектері мен мақалалары жарық көрген.

Толымды ғылыми-зерттеу еңбектерінің нәтижесінде Зәкіратдин Байдосов «Парасат» орденінің иегері, Ақтөбе облысының жыл адамы, Ақтөбе қаласының, Шалқар, Темір және Қобда аудандарының Құрметті азаматы атанған.

Еске сала кетейік, 26 желтоқсанда Жұбанов университетінде ардагер ұстаздың 90 жылдық мерейтойына орай Ғылыми Кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиынға Ақтөбе облысының зиялы қауым өкілдері, ғалымның әріптестері мен шәкірттері, жақындары және университеттің профессор-оқытушылары қатысты.