Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жастар жылында Жастар сарайының жаңғыруы

Жастар жылында Жастар сарайының жаңғыруы

Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған жұмыс тобы  Жұбанов университетіне келді. Делегация құрамында ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бар.

Жұмыс сапары барысында Үкімет тобы Елбасының «Жастар жылы» аясында жаңартылған  Жастар сарайының жұмысымен танысты.

Кездесу барысында қонақтарды университеттің ректоры, профессор  Бауыржан Ердембеков жаңғырған нысанның ішкі мазмұнымен таныстырды.

Өз кезегінде университеттің  Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров «Smart siti» жобасының үш бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды.

Техникалық факультетінің 2-курс студенті Әлішер Оразымбет  120 орындық  «Zhubanov Cinema» кинозалымен таныстырды. Клуб жетекшісі университет кинозалында көрсетілген фильмдердің басты рөлде ойнаған актерлермен бірлесіп танымдық шаралар өткізу жоспарларда бар екенін тілге тиек етті.

Әрі қарай делегация «Мәңгілік ел» конференциясы залында «Мәңгілік Ел» жастарының әлеуеті мен мүмкіндіктері» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысып, студенттермен кездесті.

Үкімет тобымен кездескен жастар бірнеше сұрағы мен ұсыныстарын жеткізді.

Басқосуда «Жоғары оқу орындарының қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекеттен көптеген білім гранттары беріліп жатыр. Бұлардан тыс біздің университетімізде 160-қа жуық кәсіпорындардың берген грантында оқып жатқан студенттер, болашақта сол кәсіпорындарда жұмыспен қамтылатыны белгілі. Бұл тәжірибеде біріншіден, жастардың әлеуметтік мәселелесі, екіншіден жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп отыр. Біздің университетімізде басталып кеткен үрдісті жаппай республика бойынша енгізсе 160 емес, 500-1000 одан да  көп жастар әлеуметтік қолдау көрген болар еді» — деді,   филология факультетінің 3-курс студенті Аслан Әбуов.

Сонымен қатар кездесуде Қарақалпақстан Республикасынан келіп, тегін білім алып жатқан студенттердің жайы да қамтылды. Дөңгелек үстелде  жас маман Альбина Ерсайынова: «Бізде қазіргі таңда Қарақалпақстан Республикасынан 850 студент білім алып жатыр. Олардың ішінде көпшілігі өзіміздің қазақ бауырларымыз. Университет өз мүмкіндігінше біразын тегін оқытып жатыр. Қарақалпақстан бізбен шекаралас жатқан ел болғандықтан Жұбанов университетіне оқығысы келетін, отанына оралғысы келетін жастар көп.» — деп, Білім және ғылым министрінен арнайы грант бөлуді сұрады.

Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова:  «Жыл сайын бөлінетін мемлекеттік гранттың 2 пайызы қазақ диаспорасының балаларына берілетін еді. Қазір 4 пайызға көтерілді»,- деді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар түлектерді жұмысқа орналастыру, жастар саясаты мен әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелерін талқылады.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары  Гүлшара Әбдіхалықова бүгінде еліміздің жастарына Жастар жылы, мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, бизнес бастамаларды қолдау бағдарламаларының аясында үлкен мүмкіндіктер ашылғанын атап өтті.

«Елімізге жоғары білімді, бәсекеге қабілетті жастар қажет. Қазақстанның 26 жоғары оқу орны еліміздегі жоғары білім мен ғылымның флагманына айналады, білікті мамандарды даярлауда Назарбаев университетінің тәжірибесін қабылдап, тарататын болады. Жастардың жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуы маңызды. Алайда, жоғары оқу орындарының рейтингі түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейіне байланысты болады. Биыл мемлекет жастардың проблемаларын шешіп, қолдау үшін қосымша 26 млрд теңге бөледі. Тек Жастар жылы ғана емес, алдағы уақытта да жастардың мәселелері мен бастамалары елеулі түрде қолдау табатын болады», — деді ҚР вице-премьері студенттерге.

Жастар сарайына жиналғандар «Aтриум» көрме залымен танысу кезінде Жұбанов университетінің жас дизайнерлерінің сән көрсетіліміне қатысып, грек графикалық суретшісі Янис Кириакидис және поляк суретшісі Казимеж Бабкеевичтің, итальяндық суретші Луиджи Казалиноның картиналары көрмесін аралады.

Айта кетейік, жаңарған нысанда Халық әртісі Роза Жаманова атындағы хор өнері кабинеті, қазақтан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапалова атындағы хореография залы сынды  оқу кабинеттері университет білім алушыларының игілігіне ұсынылған.