Пятница, Май 3, 2024
Басты > Жаңалықтар > Педагог мамандығын игеру оңай емес

Педагог мамандығын игеру оңай емес

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде мұғалімдер даярлау ісін арттыру үшін пәрменді шаралар қабылдап, білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға басымдық беруді тапсырды. «Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс.

Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез-келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет»,- деді Президент.

Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағытта кешенді жұмыс бастады.

Екі ведомствоның бірлескен кеңесі өтіп. Оған қатысқан жүзден астам қатысушы педагог кадрларды сапалы даярлаудың өзекті мәселелерін, негізгі басымдықтар мен оларды шешу жолдарын талқылады.

Басқосу қорытындысымен  заманауи сапалы педагогтерді даярлау мәселелері жөнінде ведомствоаралық кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Кеңес кадрлардың сапасын арттыру және білім беру ұйымдарын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету жөніндегі бұрын атқарылып жатқан жұмыстарды жалғастыратын болады.

Сессияға қатысқан Zhubanov University ректоры Лаура Қарабасова Facebook әлеуметтік парақшасында пікірін білдіріп, «Жиында Мемлекет басшысы соңғы жылдары білім саласында оң өзгерістер бар екенін айта келе, алдағы міндеттерге тоқталды.

Ғылыми зерттеу нәтижелері өндіріске енгізілуі тиіс. Сапалы білім – адам капиталына құйған басты инвестициямыз болып қала береді. Осы ретте өзекті мәселелердің бірі —  мұғалім даярлау ісін жетілдіру болып тұр.

Білім беру жүйесіндегі менеджмент тақырыбы жеке талқыланды. Президент білім беру саласын басқаруға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажеттігін айтып өтті. Білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетіні айтылды. Осыған орай, тиісті бағдарлама да қабылданбақ. Бұл бастамадан үлкен үміт күтемін. Білім беру жүйесіне бәсекеге қабілетті, білімі мен біліктілігі жоғары менеджерлер пулын жасақтау — уақыттың талабы екені анық»,- деп жазды.

Zhubanov University Педагогика факультеті Ақтөбе өңіріне және көршілес облыстарға  40 жылға жуық уақыт ішінде педагог  кадрлар  даярлап келеді. Осы жыл аралығында факультетте көптеген академиялық дәрежелі бакалавр және магистр мамандар дайындалды. Үлкен құрылымның 12-ші басшысы Жанна Азатқызы Жусуповамен көктем жайлы сырласып, факультеттің қазіргі атқарып жатқан жұмысымен танысқан журналист Гүлнара Қараша.

Жанна Азатқызы, қайырлы күн, мереке мерекеге жалғасып жатыр. Наурыз айын — мерекелер айы десе болар. Қалай өткізіп жатырсыз? Мерекені жақсы көресіз бе?

— Қайырлы күн, Гүлнара Дауылбайқызы. Иә, әрине. Себебі, әр мерекенің өзіндік мәні мен ерекшелігі болады. Жаңа жылымыз саналатын — әз-Наурыз мерекесінде бар қазақ ұлан-асыр той жасап, арқа-жарқа болады. Наурыз мерекесі осы жылы да дәстүрлі қалыппен тойланды. Қала аумағында кең көлемде халықтық мерекелік шара өтіп, өңір жұртшылығы мәре-сәре болды. Наурыз көже мен бадана бауырсақтан да бар халыққа дәм ұсынылды. Хәкім Абайша айтқанда, Наурыз тойы қырдағы ел ойдағы елмен араласқандай әсер қалдырды. Сіз бен біздің, барша аяулы аналар мен ардақты арулардың мерекесі — 8 наурыз — Халықаралық әйелдері күні де дәл осы айға тоғысқан. Ол күнгі мереке мен үшін ерекше есте жатталды. Бұл күні балаларым мен немерелерімнен жеткен «тосын сыйдың» төресі — хош иісті әсем гүлдер өзімді күні бойына мерекелік көңіл-күйге бөледі. Оның үстіне олардың перзенттік тілектерін қоса естігінде шынымен бақытты күйге енемін. Енді міне, ақтың молайып, тіршіліктің жаңарып, күннің ұзаратын, көңілдің кеңитін кезеңі — Наурыз айы да соңына жетіп қалды.

Педагогика факультеті салмақты факультет. Университеттің алтын діңгегі десек артық сөз емес. Өңірдегі педагогтар қауымының 70 пайызы факультет түлектері. Әлде бұл саннан да көп пе?

— Иә, сізбен келісемін. Оқу ордамыздан жыл сайын 200-ден астам түлектерді қанат қақтырып, ұшырып жатамыз. Оларды жұмысқа орналастыру көрсеткіші 90 пайызды қамтиды. Себебі, педагогикалық бағыттағы 5 білім бағдарламасы  бойынша түлектеріміз жаппай жұмыспен қамтылған. Қай білім беру мекемесіне барсақ та, алдымыздан түлектеріміз кездесіп жатады. Сондайда төбеміз көкке жеткендей күй кешеміз. Жалпы факультетте Ақтөбе облысының ғана емес, Сыр елі, жыр елі — Қызылорда, маңғаз өлке — Маңғыстау, мұнайлы астана — Атырау сынды өзге өңірлердің де жастары білім алуда.

Алған білім мен тәрбиені ақтап, педагогтік еңбекті шебер меңгерген, есімдері ел алдында танымал түлектер бар ғой. Олармен жолығып қалғанда қандай сезім күйін кешесіз?

— Иә, сөзіңіздің жаны бар. Қазіргі таңда факультет аудан, облыс төңірегіндегі мектепке дейінгі ұйымдар мен жалпы білім беретін мектептермен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Білім беру ошақтарында түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастырылып жатады. Соның бір мысалы ретінде, жақында ғана №72 мектеп-лицейінде ұйымдастырылған әдістемелік семинарды атауға болады. Оған 2007 жылы бітірген түлегіміз, Мартөк ауданынан бастауыш сынып мұғалімі Гүлнара Дүйсенғалиева қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. Одан өзге, Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектебінде ұйымдастырылған халықаралық әдістемелік семинар-тренингте факультет түлегі Тоғжан Жеткергенова ашық сабақ көрсеткенде, төбеміз көкке жеткендей әсер сезілді. Осының өзі олардың өз мамандықтарын жетік меңгергенін көрсетеді. Сол секілді тағы да көптеген түлектеріміз көңілге тоқыған білімдерін өз өмірлеріне жаратып, бүгінде әрбіреуі білім беру саласында төбе көрсетіп келеді. Факультеттің осындай түлектерімен жолыға қалғанда кеудені еріксіз мақтаныш сезімі кернейтіні де жасырын емес. Уақыт қандай жүйрік десеңізші. Кешегі студент бозбала мен бойжеткен шәкірттеріміз бүгінде бір-бір кәсіби маманға айналды. Диқанға өзі еккен ағашы жеміс берсе, содан асқан бақыт болмайды. Осы тәрізді ұстаз үшін де шәкіртінің жеткен жетістігінен асқан мерей жоқ. «Тауларға биіктік жарасады» деп бекер айтпаған ғой. Біздің шәкірттеріміз өмірде өз мамандықтарын осылай шебер меңгере білгендіктерімен биік, әрине.

Педагогика факультетінің заман ағымына сай тынысы қалай, алдағы мақсат-міндеттер жүзеге асып жатыр ма?

— Өзіңізге де мәлім, күн сайын қарыштап дамып келе жатқан өмір толқыны қоғамнан өнегелі, парасатты, білімді жастарды талап етеді. Және осы орайда көзі ашық, көкірегі ояу, бойында өміршеңдік қабілеті жоғары білікті мамандар ғана елін өрге жетелері сөзсіз. «Заманына қарай — адамы» демекші, қазіргі таңда білім беру ұстаздарға соны, заманауи тұрғыда жұмыс істеуді қажет етеді. Бүгінгі ұстаз әрі ізденімпаз, әрі шығармашылықпен жұмыс жүргізетін, жаңа технологияларды нәтижелі қолдана білетін нағыз шебер болуы керек деп ойлаймын. Осы тұста біздің факультеттің де заман ағымына ілесіп келе жатқанын баса атап өткім келеді. Қазіргі күні көптілді білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриат, магистратурада пәндер ағылшын тілінде жүргізіледі. «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Арнайы педагогика», «Әлеуметтік педагогика және тьюторлық» білім бағдарламаларында траекториялар бойынша мамандар дайындауға да үлкен басымдық берілуде. Осының барлығы заман талабына сай қалыптасып жатқан оң өзгерістер. Күн тәртібінде тұрған мақсат-міндеттер әлі де көп, әрине. Басты мақсат — бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.

Факультет деканы болғасын сіздің тарапыңыздан жасалатын ілтипат маңызды. Ұжымыңызда бастамашыл, нәтижелі, сергек деп кімдерді атар едіңіз? Оқытушылар мен білім алушылар ішінен. Есімдерін ғана атамай, еңбектерін де негіздей кетсеңіз.

— Факультетте тәжірибелі оқытушылар мен білімді жастар қызмет етеді. Сол әріптестердің арасында өз жұмысын риясыз көңілмен атқаратын, әркез бастамашыл, ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары жандар бар. Солардың бірі ретінде аға оқытушы Жанна Оразованың есімін ерекше атар едім. Тәжірибелі ұстаздың бастамасымен факультетте «Жас педагогтар мектебі» құрылды. Факультеттегі жас оқытушыларға әдістемелік тұрғыдан шыңдалуына бағыт беру, тәлімгерлік қолдау көрсетуді мақсат еткен мектеп өз жұмысын осы жылдың қазан айынан бастады. Күні бүгінге дейін педагогикалық әдебиеттерге талдау жасалынды және тәжірибелі оқытушылардың сабақтарына қатысты, басқа да факультеттің жастарымен педагогикалық квест ұйымдастырылды. Бастамашыл әріптестердің қатарынан деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары Абылай Каринов те табылады. «Жас келсе іске» демекші, Абылайдың идеясымен «Life Long Leaning» жобасын қолға алдық. Жоба көмегімен әрбір оқытушы өз тәжірибесі және білімімен бөлісе алады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, белсенді маман қай тапсырманы жүктесем де, адамгершілік пен жауапкершілікті бірінші қатарға қояды. Қашан көрсеңіз де оның сыпайы мінезі мен қарапайымдылығына, еңбекқорлығына тәнті боласыз. Осындайда, қазақ жігіттерінің туабітті тектілігіне тамсанбай, мәртебесіне мақтанбай қалу, әсте, мүмкін емес! Факультет деканы ретінде мен жаңа бастамаларға қолдау танытудан қашанда кенде қалған емеспін.

Педагог болған жарасымды тұлғалар бар. Бірі — өзіңіз. Киім стиліңіз үйлесімді, ажарыңыз ашық, жүзіңіз жайдары, қызығамыз. Әншілік өнеріңіз бар. Жұмысыңыз жеңіл емес қой. Энергияны қайдан аласыз?

— Жалпы, күшті энергия құпиясы — қарапайым күнделікті дағдыларда деп ойлаймын. Әркім өзіне ыңғайлы спорт түрімен айналысуы қажет. Аса қиын жаттығулар мен биік меже қоюдың мүлде керегі жоқ. 30 минут таза ауаға серуенге шығып, жүгіріп, жаттығу жасаса болғаны. Мен осыны күнделікті таңертеңгі дағдыма айналдырдым. Тек бір ескеретіні, бұлардың барлығын көңілдене жүріп жасаған жөн. Сондай-ақ мен таңертеңгі және кешкі мезгілдерде әркімнің өзіндік рәсімдері болуы керек деген түсініктемін. Дағдыға айналған рәсімдер өмір сүру салтын қалыптастырады. Таңертең күшімді еселеп, ішкі қуатымды арттыратын және көңілімді көтеретін іспен айналысамын. Тіпті, жұмыс уақытында да өз жұмысымды махаббатпен жасауға тырысамын. Ал кешке Жаратқанға алғыс айтып, бір сәтке ішкі үніме құлақ түремін. Өз-өзіме қысқа да нұсқа есеп беремін. Осының барлығы күшімді еселей түсіп, бойыма бөлек энергия сыйлайтындай сезіледі. Сіз айтқан сыртқы ажарымның сыры осыда шығар, бәлкім. Ал, енді әншілік өнеріме тоқталсам, марқұм әкемнің домбыраның құлағында ойнайтын Төлеу, Балихан есімді қос інісі болды. Олар домбыраны құр шертіп қана қоймай, аспаппен әсем әндерді нақышына келтіріп орындайтын. Бала күнімде олардың орындауындағы әндерді тамжылмастан отырып тыңдайтынмын. Мүмкін соның да әсері болар, кейін ән өнері өзіме ерекше жақын бола түсті. Энергияны қайдан аласыз деп едіңіз, соның бір жауабы ретінде осы ән өнерін айтар едім. Ән айтсам, өзімді аспанда қалықтаған құстай сезінемін. Яғни, жан рахатына бөленемін.

Педагог болғысы келетін жастар жыл өте көбеюде. Мақсаты әртүрлі көрінеді. Педагог мәртебесі өсті. Жалақылары да. Алайда педагогтік қабілет табиғатынан болу керектей. Тәжірибелі педагог ретінде педагогтікке кедергі болатын негізгі үш қасиетті атап өтіңізші.

— Иә, сіз қазір педагог мәртебесіне қатысты дөп басып айттыңыз. Шынымен, мұғалім мәртебесі өсті. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы — осы бағыттағы игі бастамалардың бірі деп білемін. Бұл — сапалы білім беру ісін жетілдіруге мемлекет тарапынан жасалған оң қадам. Жалпы қай қоғамда болмасын ұстаздың орны ерекше. Мұғалімдер білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінде мұғалім мамандығының мәртебесі өсіп, ұстаздар қауымының алаңсыз жұмыс істеуіне бар жағдай қарастырылуда. Осы себепті біз, яғни, педагогтер қауымы білімді ұрпақ тәрбиелеуде аянып қалмай, мемлекетіміздің гүлденуіне өзіндік үлесімізді қосуымыз қажет. Педагог мамандығын игеру әсте оңай емес. Өзіңіз жоғарыда атап өткендей, тұлғаға педагог болу үшін педагогтік қабілеті табиғатынан бойында болуы қажет. Ал, егер педагог болуға деген мақсат айқын болмаса, ондай адамдарға мүмкін педагогикаға келудің де қажеті болмас. Педагог мамандығына кедергі келтіретін үш қасиетке, балаға деген сүйіспеншіліктің болмауы, педагог алдындағы жауапкершілікті сезінбеуі және қиындықты жеңе білуге деген төзімділіктің болмауын жатқызар едім. Адам бойында осы үш қасиет болмаса, ол нағыз педагог ретінде қалыптаса алмасы анық.

Zhubanov University облыстық газеті, №3(483)