Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мәдениет және спорт министрінің құрмет грамотасымен марапатталды

Мәдениет және спорт министрінің құрмет грамотасымен марапатталды

Бүгін  Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен «Тілім менің-баға жетпес байлығым» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.  Онда  аймақ басшысы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құрмет грамотасымен Жұбанов университетінің филология факультетінің деканы, профессор Күлзат Садирова және университеттің үздіксіз білім беру институтының біліктілікті арттыру орталығының жетекшісі Зәуреш Имжарова марпатталды.

«Күні кеше Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тілінің мәртебесіне айрықша тоқталған еді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру бірінші кезекті басымдықтарға жататынын атап өтті. Бізді де алдымызда бірқатар міндеттер күтіп тұр.Бүгінгі таңда кез келген адам ақпаратты ғаламтордан іздейді. Осыған байланысты Тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыру мақсатында, интернет-ресурстарды толық қамтуы тиіс. Онлайн оқу құралдарын, ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану арқылы   насихаттау шараларын қолға алуы қажет.  Латын графикасына көшу – бұл біздің өркениетті таңдауымыз. Ендігі уақытта басты міндет – реформаны жүзеге асырудың сапалық жағы. Латын графикалы жаңа әліпби негізінде қазақ тілінің кеңістігін дамыту басты  мақсатымыз.  Көрнекі ақпарат құралдарын, сыртқы жарнамаларды,  ономастикалық кеңістікті жаңа әліпби негізінде реттеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуі тиіс», — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

«Нұр Отан» партиясының мүшелері, басқарма басшылары, халықаралық «қазақ тілі қоғамының» мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының басшылары, мемлекеттік  тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен өткен жиында қонақтар қазақ тілінің маңыздылығына қатысты пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, университет профессоры Амангелді Айталы және тағы да басқа қатысушылар мемлекеттік тілдің мәртебесі жайына тоқталды.