Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұлт мақтанышы

Ұлт мақтанышы

Амангелді Айталы — 80

Жетістігі мен табысы көз қуантқан, сонымен қатар олқылықтары мен кемшіліктері жанымызды ауыртқан біздің бүгінгі күрделі қоғамда «халқым» деп қабырғасы қайысатын, «қазағым» деп ұлттық құндылықтарымызды түгендеп жүретін азаматтар бар екені анық. Соның бірі әрі бірегейі —Амангелді Әбдірахманұлы АЙТАЛЫ!

Әр азаматтың кісілік келбеті көп жағдайда адамгершілік қасиеттерінен және халқы үшін жасап жүрген ісінен көрінеді ғой. Елім менжерімнің, өсіп келе жатқан ұрпағымның болашағы, білімі мен тәрбиесі заман талабына сай болса екен деп қайыспас қара нардай еңбектеніп жүрген азаматтар арамызда аз емес.Солардың арасында шоқтығы биік, білімі терең, қоғамымыздағы болып жатқан құбылыстарға дөп басып баға беріп қана қоймай, олардың шешу жолдарын да айқын көрсетіп келе жатқан қайраткерлердің біріАмангелді Әбдірахманұлы екендігіне ешкімнің күмәні болмас.

Амангелді Айталы қоғамның тамыршысы іспеттес. Ол әркезде көкейкесті мәселелер туралы мақалалар жазып келеді. Оның терең толғамдарын оқырмандар сүйсініп оқитыны, өзіне мол ғибрат алатыны ақиқат. Саналы адамға ой салатын кейбір мақалаларына арнайы тоқталғым келіп тұр.

Мемлекеттік тілдің бүгіні мен келешегі туралы толғанған ойлары кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. А.Айталының басты ерекшелігі — басқа адам айта бермейтін ойларды ортаға салатыны7 Мысалы, 2018 жылғы 29 маусымда «Егемен Қазақстан»  газетінде жарияланған мақаласында «Қазақстан бүгінгі  күні тек екі ғана емес, үш тілдің: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің өзара әрекеттестік алаңына айналды. Іс жүзінде, қазақ тілі екі әлемдік тілмен бәйгеге түсті және бұл бәсекелестік күресте ғасырлар қиыншылығын көріп, әлі еңсесін көтере алмай келе жатқан қазақ тілінің аман қалуы қиын», — деп ой толғайды. Бұл ойлар әрбір қазақты толғандыруы тиіс!

Ал «Ана тілі» газетіне шыққан мақаласында осынша уақыт болса да, еңсесі пәс тілімізді көтерудің бірден-бір тиімді жолы ретінде «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдау қажеттігін алға тартады. Қазір кешегі Кеңес Одағына қараған, тілдік ахуалдары біздегіден әлдеқайда жақсы ұлттық республикалардың барлығы дерлік мемлекеттік тіл туралы заң қабылдағанын еске салады. Ал солтүстік көршіміз Ресейдің өзі 1991 жылы — Федерация халықтарының тілдері, ал 2005 жылы мемлекеттік тіл туралы заңдар қабылдағаны анық. «Бұл жайлар бізді қатты ойландыруы қажет. «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның керектігі жөнінде екі пікір болмауы керек. Оны тәуелсіздік жылдарындағы тәжірибеміз де, әлемдік өркениетті елдердің шындығы да нақты көрсетіп отыр», — деп ойын түйіндейді.

Сондай-ақ 1986 жылғы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасына әлі де тарихи бағасы берілген жоқ. Көшеде бола қалған қатардағы оқиға сияқты оның атауын «Желтоқсан оқиғасы» деп жүргендер көп. Ал ұлт зерделісі Амангелді Айталы оны «Желтоқсан көтерілісі» деп ашық жазып отыр. 2016 жылы «Ақиқат» журналында жарық көрген мақаласында:«Әйгілі Желтоқсан көтерілісіне кенеттен пайда болған стихиялы козғалыс ретінде емес, қоғамның  даму барысында өмірге келген табиғи, заңды құбылыс ретінде қарауымыз  керек. ХХ ғасырдың 50-жылдары мен 60-жылдардың басында кеңес ұлт саясаты қайшылыққа толы еді, ең бастысы,орталыққа қарсылық күшейді», — дей келіп,«Бұл наразылық Кеңес Одағында ұлт мәселесі шешілді деген партия тұжырымын жоққа шығарды» деген пайым жасайды. Одан кейін:«Желтоқсан көтерілісінің  басты себебі­нің бірі мемлекеттің ұлт саясатының екіжүзділігінде еді. Мемлекет деңгейіндегі ресми, сөз жүзіндегі стратегиялық саясат халықтар достығын ұлттық мүдде мен жалпыодақтық мүддені үйлестіру, ұлттық мәдениеттер мен тілдерді дамыту негізінде Кеңес Одағын нығайту болса, іс жүзінде күнделікті саясат ол мүддемен үйлесе бермейтін», — деп ашық жазады.

Ол үнемі «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды қалай сақтап қаламыз, қалай ел болып қаламыз?» —  деген сұрақтарға жауап іздеумен жүреді. Осы жылғы «Ақиқат» журналына жарияланған мақаласында А.Айталы тәуелсіздікке қол жеткізгенімізбен, әлі отарланған ұлттың кебінен шыға алмай жүргенімізге жаны күйзеледі. «Қазақ елінің көбінің тамағы тоқ, көйлегі көк болар, бірақ рухани құлдырау жалғасуда, ұлттың рухы әлсіреп барады. Жанын салып аянбай ынтамен күрескен батырлардың ұрпағы жібі бостау, көнгіш момынға, жуастарға айналып барады», — деп ұлт еңсесін көтерудің жолдарын іздейді.

Халықты біріктіруші күштің бірі дін екені белгілі. А.Айталы елдің діни діңгегі — дәстүрлі ислам деп ұғынады. Сондықтан мемлекет дін саласында əділ реттеуші болуы керек екенін айтады. «Елдің Конституциясында бекітілген зайырлылық ұстанымдарына сəйкес, стратегиялық тұрғыдан қазақстандық біртектілікті, ұлттық мемлекет, ұлттық мəдениет, салт-дəстүрлер, қалыптастыру барысында ұлттық діни қайраткерлердің де белсенділігін арттыру аса маңызды. Бұл экстремизмге қарсы иммунитетті қалыптастырудың жалғыз жолы», — деп тұжырым жасайды («Егемен Қазақстан» газеті, 29.12.2016 жыл).

Осындай халқының құрметіне бөленген тұлғаның ақыл-кеңесін тыңдау, бірге қызмет жасап, үлгі-өнегесін алудың өзі ғанибет емес пе?! Осы орайда, ел таныған азаматпен қалай таныс болғаным жөнінде қысқаша тоқталып кетейін.

Әрбір адамның өмір жолында болашақ тағдырына айтарлықтай әсер ететін ерекше тұлғалар болады. Мен үшін және менің өмір жолымда айрықша рөл атқарған жанның бірі — мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің бірнеше шақырылымының депутаты, философия ғылымының докторы, профессор АмангелдіАйталы.

Амангелді ағамен таныстығымыз сонау 1977 жылдан басталды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, армия қатарында Отан алдындағы борышымды өтеп, Ақтөбеге оралған кезім еді. Осы қуанышты сәтке байланысты анам Ақжан Нұрпейісова қаладағы тума-туыстарды шақырып, мол дастарқан жайды. Сыйлы қонақтардың қатарында Амангелді аға мен Айман жеңгей де болды.Алғашқы көргенімде ұзын бойлы, денелі, сабырлы да сыпайы және тұйықтау мінезді адам болып көрінді. Сол отырыстың барысында ағамен қоғам, өмір, білім мен ғылым туралы ой бөлісіп, пікір алмасу мүмкіндігіне ие болдым. Содан бері Амангелді Әбдірахманұлының қол жеткізген табыстары мен халқына жасаған адал қызметі көз алдымызда.

Амангелді ағаның өміріндегі елеулі кезеңдердің бірі деп Ақтөбе тұрғындарының қолдауына ие болып, халық қалаулысы атанып, ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші және үшінші шақырылымдарының депутаты болған тұстағы атқарған қызметін айтар едім. Мәжілістің әрбір шақырылымының орны бөлек.Дегенмен Амангелді аға болған депутаттық корпустың мүшелері еліміздің өркендеуіне, саяси тұрақтылықты сақтауға, азаматтық бейбітшілік пен ұлттық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды заңдардың қабылдануына орасан зор ықпалын тигізгенін атап өткен жөн. Амангелді Әбдірахманұлы әлеуметтік салаларды реттейтін заңдарға өміршең ұсыныстар беріп, келелі отырыстарда сөз алып,байыптылығымен танылды. Әрдайым ұлттық және мемлекеттік мәселелердің заңдарға қатысты түйінін ұтымды тарқатып, олардың қабылдануына бар күш-қайраты мен білімінжұмсады.

«Ер елімен айдарлы, ел ерімен айбарлы» демекші, еліне аянбай қызмет жасап келе жатқан Амангелді Әбдірахманұлының өмір жолы — ізіне еріп келе жатқан болашақ ұрпаққа өнеге.

Қазақ халқына өлшеусіз еңбек сіңірген Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және басқа да арыстарымыздың салып кеткен дара жолын жалғастырған ұлт зиялылары бар. Қашанда ұлттық мүддені, елдік мақсатты бірінші орынға қойған нар тұлғалы азаматтарымыздың бірі осы — Амангелді Айталы. Ендеше, Ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Амангелді Айталы Қазақстанның Еңбек Ері атағына ұсынылса, орынды болар еді. Бұл пікірімізді халық та, Мемлекет басшысы да қолдайды деп ойлаймын.

Төлеген ҚУАНЫШЕВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің I шақырылымыныңдепутаты,

педагогика ғылымының кандидаты, профессор.

Нұр-Сұлтан қаласы.