Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университеттің Алға ауданындағы күндері

Университеттің Алға ауданындағы күндері

Өмірдегі ең шешуші қадамдардың бірі – мамандық таңдауда қателеспеу. Мектеп бітіруші оқушыларға өмірінің жарқын болашағына қадам басар тұсында дұрыс бағыт-бағдар берудің маңызы өте зор.

Осындай мақсатпен бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кәсіби бағдар беру тобы өз жұмыстарын Алға ауданынан бастады. Алға аудандық №3 орта мектебіне Алға қалалық №1,2,4 және аудандық Сарықобда, Қарақұдық, Маржанбұлақ, Тамды, Есет батыр, Бестамақ, А.Байтұрсынов, Бесқопа орта мектептерінен 140-қа жуық мектеп бітіруші оқушылар бас қосты.

Жиынды кәсіби бағдар беру бөлімінің жетекшісі Жамиля Идиева университет жайындағы презентациясымен ашты. Презентация барысында университеттің материалдық-техникалық базасы, академиялық ұтқырлық бағдарламасы, арнайы гранттар, студенттерге берілетін жеңілдіктер, студенттік өмір жайында айтылды. Келесі сөз кезегін алған университет ректоры кеңесшісі Константин Цхай оқушыларға мамандық таңдаудың үлкен жауапкершілік екендігін, қазіргі білім саласы көптеген жаңалықтарға толы, сондықтан кәсіби маман болып қалыптасу үшін сапалы білім алу қажеттігін алға тартты. «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Батыс өңіріндегі жетекші жоғары оқу орны екенін білесіздер» деген Константин Цхай, университет мамандықтарының 80 пайызы аккредиттеуден өткендігін, демек бұл мамандықтардың бәсекеге қабілеттілігін білдіретіндігін айта келіп, оқушыларды университетке оқуға келуге шақырды.  Сондай-ақ, сөз соңында профессор Константин Цхай Алға аудандық №3 орта мектебінің директоры Гүлмира Әбдіғалиқызына Университет ректоры атынан аудан мектептері мен жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Алғыс хат табыстады.

Жиын барысында университеттің әр факультетінен барған оқытушылар өздерінің факультеттері мен мамандықтары жайында презентация жасап, оқушыларға кеңінен мәлімет берді. Университетіміздің техникалық факультетінің 2-курс студенті Әлішер Оразымбетов Жұбанов университетін таңдауда қателеспегендігін, университеттің білім жүйесі мен материалдық –техникалық базасына студенттердің көңілдері толатындығын, студенттердің қоғамдық өмірі қызу қайнап жататындығын айта отырып, оқушыларға арнап әдемі ән орындады.

Жиын мектептің спорт залында университетіміздің кәсіби бағдар тобы дайындаған көрмемен жалғасты. Мұнда оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша  университет оқытушыларынан кеңестер алып, шеберлік-сағаттарын тыңдады. Сонымен қатар, оқушыларға мамандықтар туралы толық ақпарат жазылған үнпарақтар таратылды.

Университеттің алға ауданындағы күндері кезінде оқушылар мамандықтар туралы, қандай пән таңдау керектігі жайында толық ақпарат алғандықтарын, университеттің мамандықтарына қызығушылық танытып, оқытушылардың шеберлік-сағаттарынан өздеріне қажетті көп мәліметтер жинақтағанын айтып өтті.