Пятница, Ноябрь 15, 2019
Басты > Жаңалықтар > Бүгін Жұбанов университетінде «Бақытты бала» облыстық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қолдау көрсетілді

Бүгін Жұбанов университетінде «Бақытты бала» облыстық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қолдау көрсетілді

Қолдау әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті педагогика факультетімен біргелікте ұйымдастырған «Ақ көгершін» атты қайырымдылық акция концерт түрінде өтті. Акцияның мақсаты мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды өнер, мәдениет саласына араласу мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, арнаулы білім беру мекемелерімен жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнатып, студенттердің рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталды.

Қайырымдылық шарасын кіріспе сөзбен ашқан университет ректоры Бауыржан Ердембеков: «Бүгінгі қайырымдылық шарасы тек бір күндік шара болмауы керек, қанатын кеңінен жаюы тиіс. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың осы жылды «Бақытты бала», «Бақытты балалық шақ» деген акциялармен бастап жатқандығы өте орынды. Әрбір бала бақытты болуға лайық. Облыс басшысының бастамасын қолдап, біздің университет 1 маусым — Балалар күнінде «Зерек» балалар орталығын ашуды жоспарлап отыр. Онда балаларға арналған бірнеше бағыттағы бөлмелер ашылады. Сол жерде біздің профессорлық-оқытушылық құрам мен қызметкерлердің балалары, қаланың, аудандардың балалары әртүрлі секциялар арқылы мүмкіндіктерін дамытатын болады. Психологиялық көмектер, ән, би, түрлі аспаптарды қолдануды үйрету секілді 50-ге тарта бағытты қамтитын боламыз» — деп алдағы жоспарлармен бөлісті.

 

Жүректерге жылу сыйлаған қайырымдылық концерті Ақтөбе облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат-колледжінің  оқушыларынан құралған «Айзере» шоу-балет тобының орындауындағы «Тойбастар» биімен ашылды. Концерт барысында Ақтөбе облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат-колледжінің 30-ға жуық мұғалімдері мен 20-ға жуық оқушылары және Жұбанов университеті студенттері өнер көрсетті.

Қайырымдылық концертінен түскен қаржыға есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат-колледжі оқушыларының сұранысы бойынша арнайы сыйлықтар алынған. Қалған жиналған қаржы мұқтаж жандарға берілетін қорда сақталатын болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.