Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті бүгінгі мерекелік шеруде оқу орындарының көшін бастады

Жұбанов университеті бүгінгі мерекелік шеруде оқу орындарының көшін бастады

Бүгін Ақтөбе қаласында  1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі күніне арналған  «Бірлігіміз жарасқан» атты салтанатты шара өтті.

Шара қаладағы Әбілқайыр хан даңғылы бойында Қазақстан халықтарының Ассамблеясы, еңбек ұжымдары, жоғары және орта оқу орындары, партия, қоғамдық және ғылыми-өндірістік бірлестіктер өкілдерінен құралған салтанатты шеруден басталды.

Шерудегі жоғары және орта оқу орындарының көшін Батыс Қазақстандағы ең ірі  — Жұбанов университеті бастап жүрді.

Шеруге университеттегі алдыңғы қатарлы профессор-оқытушылар мен белсенді студенттер, оқу орнындағы қазақ, корей, қытай, түрік орталықтарының өкілдері, барлығы 1000-ға тарта адам қатысты. Олардың қатарында бүгінгі таңда университетте оқып, білім алып жатқан 20-дан астам  ұлт өкілдері де:  қазақ, орыс, болгар, неміс, эстон, корей, кумык, лакец және тағы басқалары да  бар.

Шеруде  университет Туын белсенді студенттер, «Металлургия» мамандығының 3-курс студенттері Барақ Табиғат, Мағжан Барлыбаев алып жүрді.

Университет мақтаныштары: түрлі спорт жарыстарының 25 халықаралық дәрежедегі чемпиондары, республикалық пәндік олимпиада жүлдегері, республикалық «Start-up» байқауының жеңімпаздары, түрлі дәрежедегі ән, би байқауларының  лауреаттары шеруде алдыңғы сапты құрады.

Салтанатты шара шеруден кейін «Қазақ халқына  мың алғыс!» стелласының жанында театрландырылған хореографиялық қойылыммен жалғасты. Қойылымдарда «Туған жер», «Рухани жаңғыру», «Астана мәңгілік ел», «Бақытты бала» композициялары көрсетілді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында  «Спорт — денсаулық кепілі» спорттық ойындары өткізілді. Мереке барысында «НұрОтан» ойындары спартакиадасының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ, интернационалды Елемесовтер және Шүреновтер жанұяларын арнайы құттықтау рәсімі  өтті.

Қала жұртшылығы мен қонақтар Қазақстан халықтар Ассамблеясы этномәдени орталықтары ұйымдастырған концерттік бағдарламаны тамашалап,  ұлттық тағамдар көрмесін аралап, дәм татты. Бүгінгі мереке ұлтаралық ынтымақ пен дінаралық келісім басты байлығы саналатын Қазақстан халқын шат-шадыман көңіл-күймен ортақ мүддеге біріктірген қуанышты күн сыйлады.