Понедельник, Май 27, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбенің Абаты

Ақтөбенің Абаты

(Эссе)

«Сен құрметте оны!»

Шалқып жатыр Ақтөбенің шаттығы,

Қатар еміп талғаулы мен тәттіні.

Ертай Ашықбаев.

Ең жақсы көретін қаламның бірі — Ақтөбе. Бала кезімде біздің Қаратереңге келіп құлашын барынша керіп, сырнаймен сызылтып ән салған Геннадий Шульганың, сары даланы сазбен өрнектеген «Арайлы Ақтөбе» ансамблінің өнерін тамашалаған соң осы шаһарды бір көруге құмартып ем. Тілекті берейін десе, реті келе кетеді екен. Алтыншы класта оқып жүргенімде біздің шаңырақ көл-көсір қуанышқа кенелді. Әжемнің ашаршылық жылдарында адасып қалған екі сіңлісі қырық екі жылдан соң табылды. Бірі Орынбордан, екіншісі Челябіден бой көрсетті. Ал олардан өрген ұрпақтар Ақтөбеде тұратын көрінеді. Осылайша, бұл қаланы өзім туып-өскен облыстың орталығынан бұрын көрдім. Содан бері бір қазығым Ақтөбеге қағулы. Оқушы кезімде де, студент кезімде де мың-сан рет қатынадым. Өндірістік тәжірибеден өттім. Ғылыми жиындарға талай келдім. Сөйтіп жүріп қаншама дос таптым. Солардың бірі — профессор Абат Пангереев.

Абатпен қалай танысып едім өзі? Е, есіме түсті. Ешкімге ұқсамайтын ермінез досым Серік Бермағанбет жолықтырған екен ғой. Бұл пединститутта қазақ филологиясы факультеті ашылып, Ақтөбенің асығы алшысынан түсіп жатқан жылдар еді. Оқу орнының ректоры Мұхтар Арын Алматының маңдайалды университеттерін бітіріп келген жас оқытушыларды құшақ жая қарсы алып, төрге оздырған алтын дәуір… Жазғы демалысымда Аралға келіп, аз күн дамылдаған соң іргеде тұрған Ақтөбеге бара қалайын. Келген соң КазГУ-де ыстық-суық күндерді бірге өткізген сол баяғы Серік пен Бағиланы іздеймін ғой. Оқу корпусының алдында ұшырасқан Серік мені қасындағы жолдасымен таныстырды. Шашы қап-қара, сұлу мұртты, сымбатты жігіт екен. Өзі қос балдаққа сүйеніп тұр. Бір аяғын гипстеп тас-таған. Сірә, жазатайым құлап, сындырып алған болуы керек.

Бұл тегін жігіт болмады. Мұхтар Арын жаңадан ашқан қазақ филологиясы факультетінің дүрдей деканы екен. Журфактың аюдай ақыр-
ған әйгілі басшысы Темірбек Қожакеевтен басқа деканның бәрі біртүрлі көрінетін-ді. Бұл жігіт те сондай бала бастықтың бірі сияқты. «Осындай да декан бола ма?!» дедім іштей көңілім толмай. Мұхаң да қызық, одан да менің маңдайы кере қарыс, екі иығына екі кісі мінгендей Серік досымды декан етіп қоймай ма? Жалтақ декан емес, жалпақ декан болар еді! Бәрінің де әлі кандидаттық диссертациясын қорғамаған кезі. Оның декан екенімен Серіктің шаруасы жоқ, қалжыңмен қажап, әңгімені біресе олай, біресе бұлай тартады. Деканы да қарап қалмайды. Анда-санда бір тіл қатып, ұрымтал тұстан сақ еткізеді. Тек тыпыршып, бір орында тұрмайды екен. Жасында спортпен айналысқан балаға ұқсайды. Бір фильмде Евгений Евстигнеев ойнайтын кейіпкер қос балдақты қолтығына қысып тұрып, биік колоннаны гипстелген аяғымен теуіп жіберетін еді. Секең қалжыңдаған сайын бастығының бес батпан «бриллиантты балтыры» байқаусыз-
да досымның денесіне тиіп кете ме деп қорқа бастадым. Сосын Серікке қарап:

— Қанша дегенмен деканың емес пе? Сен құрметте оны! — дегенмін әрі аяғының ақсайтынын, әрі Әбу ағамыздың әйгілі өлеңін меңзеп.

Серік пен Абаттың қуатты күлкісі Ақтөбенің аспанында жаңғырып тұрды.

Арынның бас сарбазы

Ақтөбеде тұрып алды Күн батпай –

Тез шешіле қоймайтұғын жұмбақтай.

Ертай Ашықбаев.

Ол жоғары оқу орнының оқытушысы болу үшін ұзақ еңбек жолынан өтті. Тіпті білдей бір банк бастығының баласы екеніне қарамастан оқуға түсудің өзі оңай болмады. Мектеп бітіре сала дәрігерлікке талпынып, Алматыға барып, бақ сынады. Қазаққа онша үрдіс емес фармация саласын жаны қалап еді. Оқудан оңбай құлап, қайтып келді. Ойылдың маңындағы шөптерден дәрі-дәрмек жасап, елді емдеуге ықыласы ауған-ды. «Шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең», — демекші, дәм-тұз шөп жағына емес, өлең жағына тартып кетті. Шөптің дәрісін емес, сөздің дәрісін қолданатын мамандықтың тізгінін ұстады. Бұл енді сәл кейінірек…

Мектепте оқып жүргенде бокспен айналыс-
ты. Жарыстан жарыс қоймай, жеңіске жетті. Алдымен ауданда, сосын облыста топ жарды. Салмағы қырық келіден сәл асатын бұйрабас бала келешегінен үміт күттіретін еді. Ақыры спорт шеберлігіне кандидат атанды. Мұнысы оқуға түсе алмай келген соң Ойылдағы жастар мен балалардың спорт мектебіне орналасуға септігін тигізді. Енді өрімдей бозбалаларды өзі жаттықтыра бастады. Бір жылдан соң әскери борышын өтеуге аттанды. Германияның топырағын екі жыл бойы етігімен таптап, елге оралған соң Қарағанды университетінің филология факультетіне түсті. Әдебиетшілер мен тілшілер қауымына танымал өнегелі ұстаздардан тәлім алды. Кейін жолдамамен Ақтөбе облыстық мектеп-интернатына жіберілді. Интернаттың жай мектептен айырмашылығы жеткілікті. Ойдан-қырдан жиналған балаларды бір ортаға топтастыру оңайға соқпайды. Тентек те, телі де осында… Алайда оқушылар Абаттың алдынан кесе өтпейтін. Бәлкім,  боксшы жігіттің мысы басатын шығар. Бұл оларды спортқа баулыды. Ұстаз бен шәкірттер арасында жарасымды сыйластық қалыптасты.

Көп ұзамай Ақтөбе педагогикалық институтына қызметке шақырылды. Ол кезде мұнда қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы  жоқ еді. Сондықтан Абат психология және педагогика, бастауышта оқытудың педагогикасы мен методикасы кафедраларында оқытушылық қыз-
мет атқарды. Сол салаға тиесілі пәндерден дәріс берді.

Тәуелсіздікке жол ашқан жылымық жылдарда институт ректоры, білікті басшы, ғиб-
ратты ғалым, ардақты азамат Мұхтар Арын айрықша қадамға бел буды. Ол қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын ашуға белсене кірісті. Ұйымдастыру ісі жас оқытушы Абат Пангереевке жүктелді. Бұдан соң оның Алматы мен Ақтөбенің арасын жол қылған сансыз сапарлары басталды. Ақыры, қазақ және шетел тілдері факультеті ашылды. Ұлттық мүддені тереңнен ойлайтын қарымды қайраткер Мұхтар Арын жаңадан ашылған мамандықты буыны баяғыда қатайған орыс филологиясының бауырына паналатқысы келмеді. Одан да шет тілдеріне қосақталып, еңсесін тіктеп алғанын құп көрді. Сөйтіп, ол қазақ тілі мен әдебиетін адымын ашпай жатып жұтылып кетуден сақтап қалды. Осы факультет деканының орынбасары ретінде жас филолог Абаттың да тәжірибесі толыса түсті.

Тәуелсіздікпен бірге қазақ филологиясы да өз алдына дербес шаңырақ көтерді. Абат жаңа факультеттің тізгінін қолға алды. Әдепкіде бұл саланың диірменін жалғыз тартқан оның қатары бірте-бірте толыға түсті. Мұхтар Арынның шақыруымен Нұрдәулет Алдашев, Серік Бермағанбет, Жанна Тектіғұлова, Несібелі Құрманова, Бағила Мұратбек, Гүлбану Әмірова, Сабыржан Мұхтаров сынды жас мамандар елдің әр қырынан келіп, осында бас қосты.

Ақтөбеде жасақталған Арын армиясының сарбаздары ерледі. Бүгінде олардың арасынан үш ғылым докторы шықты. Қалғандары – түгелге дерлік ғылым кандидаты. Мұхаңның ілгеріде айтқан «Енді бір он-он бес жылда Ақтөбеде таяқ лақтырсаң кандидатқа тиеді», —
деген сөзі расқа айналды. Бір кезде мединститутқа барып доктор болғысы келген Абат кейін бәрібір доктор атанды!..

«Рикша» мінген жолаушы

Бұл Ақтөбе мазасы жоқ кент еді,

Дем алмайды тіпті жел мен желкемі.

Ертай Ашықбаев.

Мұхтар Арынның бас сарбазы Абат Пангереев филология факультетінің деканы, сатылы білім беру және маркетинг орталығының директоры, журналистика кафедрасының меңгерушісі, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, сырттай оқу факультетінің деканы қызметтерін абыроймен атқарды. Қазір қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры әрі Абайтану және ұлттық руханият ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі ретінде осыдан отыз жыл бұрын өздері бастаған істі лайықты жалғастырып келеді.

Абат ғылым әлеміне де өзіндік үлес қос-
ты. 1997 жылы профессор Мекемтас Мырзахметовтің жетекшілігімен «Қазақ поэзиясында жер-су ұғымдарының бейнеленуі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, ал 2010 жылы академик Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен «Қазақтың топонимдік фольклоры» деген тақырып бойынша докторлық диссертация қорғады. Екі ғылыми еңбегі де өзара сабақтас. Ол жер-су атауларының төркініне үңілді, қалыптасу үдерістерін саралады, поэтикалық ерекшеліктерін айқындады. Жол үстінде келе жатқанда көзіне шалынған елді мекендердің атауын мысал етіп, жанындағы серіктеріне үнемі егжей-тегжейлі әңгімелеуден жалыққан емес. Соны байқаған ұлы Тәжімұрат бірде пойыз тоқтаған стансаны меңзеп, «Қотыр-
тас… Жер-су аттарының поэтикасы!», — деп әкесін күлкіге кенелткені бар.

Кандидаттық еңбегінде қазақ әдебиетінің күрделі мәселесін қаузаса, докторлық диссертациясын қолға алғанда фольклорға ауыс-
ты. Бұрын әріптестері көп ат ізін сала қоймаған топонимикалық фольклордың шоғын үрлеп, отын көседі. Фольклордың бір тармағы аңыздармен астасып жататыны белгілі. Сондай-ақ, Абаттың болмыс-бітімінде де аңыз атаулының жекелеген элементтері байқалып қалады.

Кейіпкеріміздің есімі Асан Қайғы мен оның баласы Абат туралы аңызға байланысты қо-
йылған. Асанның атақты перзентінің ел аузындағы әңгімелерде айтылатын  кейбір қасиеттері Шамның ширақ ұлының бойынан да табылып қалады. Арғы Абаттың сынға түсетіні туралы аңызда баяндалатын мергендігі бергі Абатқа да қапысыз дарыған секілді. Абат аңға кетті дегенше, сол маңдағы аң-құстың саудасы бітті дей беріңіз. Бірін атып әкеледі, кейбірін өлердей қорқытады…

Абаттың өмірге есік ашуының өзі қызық. Оның тууына фольклорлық құндылықтарда кездесетін Ғайып ерен Қырық шілтеннің қатысы жоқ. Бұдан бұрын да балалары болған үлкендер Баба түкті Шашты әзізге де көп жүгіне қоймаған. Ол ертегінің батырындай алтын айдармен де тумаған. Кәдімгі қарапайым бала болып жарық дүниеге жеткен. Тек анасының толғағы қысқан сәтте… үйге жездесі Байдолла келе қалыпты. Ол көршінің үйінің алдында тұрған ат шананы дереу сүйреп әкеледі. Шана бар, ат жоқ! Байекең болашақ белгілі филологты босанғалы жатқан әйелді шанаға жайлап жайғастырып, өзі аттың орнына жегіледі! Қарулы жігіт көп ойланбастан перзентхана қайдасың деп тартып отырады. Атты алмастырған алпамсадай азаматтың жойқын күшін көрген соң, Абаттың ағалары Болат пен Алмат та шанаға жабыса жөнеліпті. Сөйтіп, сол күні анасы торсық шеке ұл туған! Кейін ес біліп, етек жап-
қан тұста сол ағалары: «Біздің Абат — рикшаға алғаш мінген қазақ!», —  деп қалжыңдайтын көрінеді.

Сонымен, алғашқы «рикшаның» Ойыл топырағына жортқанына  алпыс жыл өтіпті.  Осыдан соң кейіпкеріміздің өзі зерттеген «Қостіккен», «Елқонған»,«Төретүскен», «Кілемжайған», «Атансойған», «Табаққырған» топонимдерінің қатарына «Рикшамінген» деген атауды қосып қойған жөн шығар…

«Төретүскен», «Қостіккен», «Секеңжатқан»…

Бұлттар кеп тұр Ақтөбеге топталып,

Жаууға да, жаумауға да оқталып.

Ертай Ашықбаев.

Мақаланың басында біздің әжеміздің ашаршылық жылдарында жоғалған туыстарының бірі осы Ақтөбеден табылғанын айтқанбыз. Бұл қалаға анда-санда ат ізін салғанымызда Қарғалы ауданында тұратын сол ағайынға бір соқпай кетпейтінбіз. Осы жолы да Бадамшаны бетке алып, жолға шықтық. Серіктерім сайдың тасындай. Әмір Оралбай, Серік Бермағанбет, Абат Пангереев… Серіктің кластасы Құрышбек те тобымызға ілесті. Оған «Сырдың сәні —
ақ күріш, қырдың сәні — ақ Құрыш», — деп қалжыңдап қоямыз.

Әмір мен Серік ұстамдылау әрі ұяңдау. Салмақты әрі сабырлы. Оның есесіне Абат пен Құрышбектің еті тірі. Кез келген ортаны үйіріп әкетеді. Момақан деген адамның тілін шығарады. Күлмейді-ау деген адамның ішек-сілесін қатырады. Бір ағайынның үйінде отыр-
ғанда Абат айтты:

— Арнайы келіп қалдық қой. Бізге айтатын бұйымтай жоқ па?

— Жоға, о не дегенің? Неғылған бұйымтай ол? Балалар сабақты жақсы оқиды. Баласы тәуір оқитын кісінің оқытушыға күні түсуші ме еді?

Содан Ақтөбеге аттанып кеттік. Ертеңіне әлгі ағамыз есік қағып тұр. Түрден түр жоқ. Бала соңғы сынақтан оңбай құлаған. Оқуды биыл бітіре алмайтын түрі бар. «Ана Абатқа айтсайшы…». «Ой, аға, кеше сол Абат сонша шырылдағанда еріңізді бауырыңызға алып тулап, жолатпай қойдыңыз ғой. Енді не істейміз?». «Қайдан білейін, Абаттың аяқ астынан аса қажет болып қалатынын?». Содан ағамыз аттай желіп отырып Абатқа барады. Абат оған біз секілді кейістік білдірмепті. Мырс етіп бір күліпті де, қолынан келгенше көмектесіпті. Келесі сынаққа рұқсат алып беріпті. Ақыры, бала бітірді оқуды. Қазір қаладағы білдей бір мекеменің бастығы. Талай кіріп-шығып жүрген мекемесінің бірін сол баяғы жаңғалақтың басқаратынын Әбекең білмейді. Бала да оның жанынан ысқырып өте шығады. «Жасаған жақсылығыңды сол бойда ұмыт» деген қағидаға сүйенсек, бұл да дұрыс. Кейіпкеріміздің мұндай қайырымды істері жетіп артылады.

Қос ғасырдың тоғысында мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде мемлекеттік аттестациялық комиссияның төрағасы ретінде екі жыл қатарынан емтихан қабылдадым. Әсіресе, журналистика мамандығын алғаш игерген ақтөбелік түлектердің дипломына қол қойғанымды мақтан етемін. Себебі, солардың арасынан қазір елге танымал ақпарат өкілдері шықты. Бірқатары республикалық басылымдар мен телеарналарда қызмет істейді. Университет ректорына айтып, емтихан комиссиясына басшылық етуге шақырған Серік пен Абат еді. Бірі қазақ әдебиеті, екіншісі журналистика кафедраларының меңгерушісі ретінде осында келуіме, әріптестеріммен жақынырақ танысуыма жол ашты.

Алматыдан Орақ аға Әлиев, Оралдан Алпысбай аға Мұсаев Ақтөбеге келіп, бәріміз бірге бас қосқан күндер естен кетер ме?! Сол тұста Абаттың ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінеді. Ештеңені ұмытпайды, еш нәрсені мүлт жібермейді. Арасында қалжыңдауға да уақыт табады.

Мемлекеттік емтиханда күні бойы біргеміз. Абаттар кешке қонуға ғана үйіне кетеді. Ал Серік… Ақ көңіл Серік, ер Серік… қонақүйде жатқан бізбен әңгімесін қимай, осында қалып қояды. Арнайы матрац әкеліп, кереуетімнің іргесіне төсеп, жата кетеді. Ондайда Абат: «Ойбай, Секең мына жерден «подофис» ашып алыпты ғой», — деп күледі. «Бұл — «Секеңжатқан» топонимі», — дейді содан соң. Сол күндер енді қусаң қайтып келер ме?

Ертай ағамның өлеңі жүректі одан әрі тербейді: «Қар жауды тағы. Ақтөбелік қар. Жылы қар. О, жауыңыз, саулаңыз». Алпыс жыл бұрын Ойылда алғаш рет жүйткіген сол баяғы «рикшаның» ізі бүгінгі Ақтөбенің жылы қарының үстінде сайрап жатыр…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ