Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > Жұмыс өтілі ретінде есептеледі

Жұмыс өтілі ретінде есептеледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қала­сындағы ЭКСПО орта­лығы павильонында ел өңір­лерінен келген волонтер жастар делегацияларымен кездесу кезінде оларды толғандырып жүрген екі мәселенің кілтін қолдарына ұстатты. Айталық бұған дейінгі кезде волонтерлік қыз­метпен айналысушылар арасында еңбек өтілінің жай-күйі қалай болар екен деген екі-ұшты ойда жүр­гендер жиі кездесіп қа­латын. Сөз жоқ, олардың бұл алаңдаушылығы өте орын­ды деуге болады.

Осы орайда Мемлекет басшы­сының кездесуде «волонтерлік –еріккеннің ермегі емес. Бұл елдік мәні мен маңызы жоғары істің бірі. Волонтерлік бағытқа бет бұрғандар уақытты босқа өткізіп жүрмін деген ойдан аулақ болуы керек» дей келе алдағы кезде волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға кеткен уақыт еңбек өті­ліне кіретіндігі жөніндегі тұжы­рымды алға тартты. Бұл сөз елі­міздің әр түкпірінен кел­ген волонтер жастардың мерейін бір көтеріп тастады. Әрі мұның өзі Президент бастамасы­мен өмірге келген барлық волонтерлік бағ­дарламаларды ойдағыдай жү­зеге асыруға жан-жақты мүм­кіндік береді. Аталған қолдау алдағы кезде бағдарлама аясындағы жеті бағыттың бәріне де ортақ екендігі атқарылатын істердің арнасын кеңейте түспек. Оның бәрі «Біз біргеміз!» атты жалпы­ұлттық ұранға ұласып, келешекте бедерлі ізін сала алатынына ешқандай күмән жоқ.

Президенттің еліміздегі во­лон­терлік істі қолдау мен ынта­ландыруға қатысты қозғаған екін­ші мәселесінің де алатын орны мен салмағы жоғары. Аталған жайт волонтерлік сипаттағы жоба­ларды қаржыландыру қа­жет­тілігінен туындайды. Мем­­лекет басшысының мәлім­деуінше, мұндай тетіктерді ор­нық­тырудың бірнеше жолдары бар. Соның ең бастысы, бел­гілі бір бағыт бойынша өз жобаларын жергілікті атқарушы органдар мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ұсынған волонтерлік топтар мен құрылымдарға арнайы грант­тар беру болмақ. Оның көлемі – 300 мың мен 1 млн тең­ге төңірегінде белгіленетін кө­рінеді.

Біздің жоғары оқу орнында волонтер болуға талап-тілек білдірген студенттердің қатары жылдан-жылға өсіп келеді. Олардың дені күллі әлеуметке пайдасы мен шапағатын тигізе алатын өміршең жобалар. Осы тұрғыдан келгенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық өңірінен жиналған волонтер жастарға алдағы уақытта атқарылатын нақты іс-қимыл жос­­парын шегелеп айтып бергені біздің жаңа жобаларды қолға алуымызға серпін береді. Ақын Төлеген Айбергеновтың өлең шу­мағымен өрсек, бұл «жанам деген жүрекке от берудің» таптырмас жолы болып шығады.

 

Нарқозы Қартжан,

 волонтер,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университеті

жастар істері жөніндегі комитеттің төрағасы

 

АҚТӨБЕ

 

https://egemen.kz/article/222897-zhumys-otili-retinde-esepteledi