Среда, Май 8, 2024
Басты > Жаңалықтар > «ТМД үздік студенті» атанды

«ТМД үздік студенті» атанды

Халықаралық студенттер ассоциясының (Қазақстан, Нұр-Сұлтан қаласы)  «Бөбек» Жалпыұлттық қозғалысы заңды тұлғаларының қауымдастық нысанындағы бірлестігінің қолдауымен  «ТМД  үздік студенті — 2020» Халықаралық жобасын ұйымдастырды.

Осы жоба аясында  «ТМД үздік студенті-2020» кітап жинағының  шығарылымына жариялануға құжаттар қабылдау басталған болатын. Құжаттар ғылым саласында, өнер саласында, спорт саласында, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары (студенттік ұйымдар төрағалары мен белсенділері) жетістікке жеткен студенттерден қабылданды.

Осы жобаға «ғылым» бағыты бойынша Жұбанов университетінің  «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының екінші курс студенті Шетей Камилия Мұратқызы қатысқан болатын.

Камилия Шетей —  2001 жылы Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы  Жарқамыс орта мектебінің табалдырығын аттап, аталған мектепті 2018 жылы  тәмамдады.  Сол жылы Жұбанов  университетінің студенті атанды.

Камилия — өз білімін тереңдетуден жалықпайды, шығармашылыққа ұмтылатын студент, заман талабы мен дамуына ілесе алады. Ол мектепте оқып жүрген кезінде бірнеше рет қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен профильдік олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Университетте өтетін олимпиадалар мен конференцияларға қатысып, жүлделі орындарды  иеленіп жүрген жалынды жас, облыс әкімінің білім грантының иегері.

Соңғы жылдағы ғылыми жетістіктерінің дәлелдемелері арқасында Камилия «Үздік студент  — 2020» жобасының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, «ТМД үздік студенті — 2020» кітап жинағына және студенттік «Жас Қыран» кітап жинағының екінші шығарылымына енді.

Кітапты жарыққа шығарудағы басты мақсат – еліміздің барлық жоғары оқу орындарының арасынан қоғамдық жұмыстар мен басқа да салаларды дамытуға атсалысып жүрген белсенді әрі білімді жастарды анықтап, ынталандыру. Соның ішінен озық шыққан үздік студенттер іріктеліп, кітапқа енді. Сонымен қатар биылғы байқауға жеті мемлекеттің  білім алушылары да қатысқан.

Жалпы конкурсқа қатысуға еліміздің барлық облыстары мен аймақтарындағы білім алушылардан  кітапқа енгізу үшін 100 үздік студент бөліп алынған. «Үздік студент» жобасының қолдауымен жарыққа шыққан «Жас қыран» атты талантты студенттердің ІІ жинағына республикамыздың ЖОО студенттері енген. Олардың арасында  «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық, республикалық және аймақтық олимпиадалардың, конференциялардың, жобалардың, орындаушылық байқаулардың жүлдегерлері; қоғамдық жастар қозғалыстарының көшбасшылары мен белсенділері; ҚР ұлттық құрамасының мүшелері, олимпиадалардың, халықаралық спорт жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар.

Марапаттарды рәсімдеу 2020 жылдың маусым айының 15 жұлдызында Нұр-Сұлтан қаласында онлайн форматта өтті.  Жоба қатысушыларына «Жас Қыран» республикалық үздік жастардың кітап жинағы, арнайы тағайындалған «Үздік студент  — 2020» төс белгісі және Алғыс хат берілді.

Біз Жұбанов университетінің студенті Камилия Шетейді және оның ғылыми жетекшісі PhD доктор Кушкимбаева Айнұр Серікбайқызын жобадағы жеңісімен құттықтаймыз және шығармашылық табыстар тілейміз!