Понедельник, Май 6, 2024
Басты > Жаңалықтар > Үздіктер марапатталды

Үздіктер марапатталды

Жуырда Жұбанов университетінің жеті оқытушысы 2020 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпазы атанған болатын.  Мемлекеттік байқаудың нәтижесі бойынша  бүгін жеңімпаздарға салтанатты түрде куәліктерді  тапсыру рәсімі өтті.

Мерекелік жиында ҚР Білім және ғылым министрі  Асхат Аймағамбетов еліміздегі жоғары білім берудің дамуы мен беделін арттырудың негізгі аспектілері жөнінде баяндады. Бейнеконференция арқылы өткен салтанатты шарада ведомство басшысы Қазақстан педагогтеріне қажырлы еңбегі үшін алғыс айтып, Наурыз мерекесі қарсаңында амандық пен табыс тіледі.

«ЖОО үздік оқытушысы» байқауы оқытушылардың шығармашылық қабілеттерін ұштауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Мұнымен қоса, ғылымның жаңа бағыты бойынша халықаралық конвенция талаптарына сай ұстаздардың кәсіби деңгейінің өсуіне жол ашылады.

Айта кетейік, байқау екі кезеңнен тұрды: жоғары оқу орны ішінде және республикалық. Жоғары оқу орны ішіндегі кезеңде конкурсқа қатысушы үміткерлер әр жоғары оқу орнының ғылыми кеңестерімен іріктелсе, республикалық кезең барысында жеңімпаздарды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, басқа мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі заңды тұлғалар бірлестіктерінің, жетекші ғалымдар мен мамандардың өкілдерінен тұратын комиссия анықтады.

Байқауға республиканың 73 жоғары оқу орнынан 623 үміткер қатысып, 48 университеттен 150 адам үздіктер қатарына енген. Республикалық байқауда бес жылдан кем емес үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі бар қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпалар озып шықты.

Салтанатты рәсімде Жұбанов университеті ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров пен Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бибігүл Абенова «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2020» атағының иегерлеріне  ҚР Білім және ғылым министрлігінің куәліктерін, төсбелгісін және гүл шоқтарын табыстады.

Айтулы грантты Жұбанов университеті ректорының міндетін атқарушы тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров, «Физика» кафедрасының профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы  Игорь Спивак-Лавров, «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі,  педагогика ғылымдарының докторы, профессор Төлеген Ботағариев, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Әмірбек Бекешев,  «Математика» кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мадина Тлеубергенова, «Металлургия, тау-кен және мұнай-газ ісі»  кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бауыржан Келаманов, «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Гүлмира Шаңғытбаева иеленді.

Бұл гранттың арқасында ғалымдар өздерінің ғылыми жұмыстарымен тереңірек айналыса алады. Өйткені, «ЖОО үздік оқытушысы» байқауындағы жеңіс оқытушылардың әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттерде тағлымдамадан өтуіне мүмкіндік береді. Бұдан өзге, жеңімпаздар жыл бойы  зерттеу жобасының тақырыбына сай жұмыстармен және оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар, симпозиумдар, конгресстер мен семинарлар жұмысына қатыса алады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде білім беру саласында екі елдің ғалымдары мен мамандарының бірлескен жобалары, тәжірибе алмасуы жүзеге асады.

Салтанатты шара соңында университет ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров білім ордасының соңғы жылдарда жеткен жетістіктеріне тоқталып, ұжымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Өткен жыл университет үшін, еліміз үшін, әлем үшін өз ауырпашылығын әкелгенімен, дарытқан берекесі де көп болды. Контингентімізді 15 мың студентке жеткізу, Диссертациялық кеңестердің ашылуы, аймақтық QS рейтингісіне енуіміз, бүгінгі университетіміздің тарихында болмаған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантымен жеті әріптесіміздің марапаты да қара шаңырағымыздың дамуының жоғарғы көрсеткіштері деп мақтанышпен айталамыз.

Наурыз мейрамын биылғы жылы бірнеше бағыттарда өткізу жоспарланып, өз бастамасын алған еді. Дегенмен, өздеріңіз білетіндей, елдегі жағдайға сәйкес сіз бен біздің амандығымыз үшін тоқтатуға тура келіп отыр.

Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті күнде өткенімізге салауат айта отырып, болашағымызға зор үмітпен қараймыз. Сексен алты  жылдық тарихы бар Жұбанов университетінің  профессор-оқытушыларының ықыласты еңбегі мен кәсіби ынтасы, студенттеріміздің белсенділігі мен мамандықты игерудегі құштары өз нәтижесін беріп отыр.

Сондықтан,  сіздерді мотивациялық қолдау мақсатында  және  университетіміздің дәстүріне сай мереке қарсаңында   ұжымға бір айлық жалақы көлемінде сыйақы тағайындалды. Мұндай мүмкіндікті  университетіміздің ауызбіршілігінің нәтижесі деп қабылдаңыздар!

Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат анамен тығыз байланыстыратын халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Әз-Наурыз Отанымызға, университетімізге береке, халқымызға игілік, мемлекетімізге молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық сыйласын деп тілеймін!, — деді Р.Бекназаров.