Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгін  — Халықаралық мейірбикелер күні 

Бүгін  — Халықаралық мейірбикелер күні 

1971 жылы Дүниежүзілік Мейірбикелер Кеңесінің ұйғарымымен бастау алып, содан бері Мейірбикелер күні деп аталып келе жатқан осы күнді ресми мереке ретінде атап өту бүгінде дәстүрге айналды.

12 мамыр – мейірбике ісінің негізін салушы, ағылшын мейірбикесі Флоренс Найтингейлдің туған күні. Флоренс Найтингейл Қырым соғысы кезінде (1853-1856) тұңғыш болып мейірбикелер қызметін ұйымдастырған. Сондықтан Халықаралық Мейірбикелер кеңесі осы даңқты әйелді мәңгілік есте қалдыру мақсатында 12 мамырды Халықаралық мейірбикелер күні деп қабылдап, сол жылдан бері осы күн денсаулық сақтау саласында ерекше мереке ретінде тойланып келеді. Әлемнің 141 елінен мейірбикелер жиналып «Халықаралық Мейірикелер Кеңесі» деп аталатын қоғамдық ұйым құрғаннан кейін 12 мамыр — Дүниежүзілік мейрам мәртебесіне ие болды.

Денсаулық сақтау саласында халық денсаулығын жақсарту жолындағы мейірбикелердің еңбегі ұшан теңіз. Осы саланың барлық сатысында мейірбикелер еңбегі көрініп тұрары анық. Ұлт денсаулығын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жемісті жұмыстар осының айғағы. Мейірбикелер сала жұмысының алға жылжуына едәуір үлес қосып, отандық денсаулық сақтаудағы ең жақсы дәстүрлерді жоғалтпай, әлемдік тәжірибені игеріп, өздерінің күнделікті тәжірибесінде медициналық көмек көрсету сапасын арттыру бағыты бойынша да айтарлықтай еңбек етіп келеді. Өйткені, мейірбике — білім мен шеберлігі бар, күтім процесіне жауапты, мейірімділік көрсете білетін ерекше мамандық иесі.

Бүгінгі мейірбике тек қана дәрігер бұйрығын орындаушы ғана емес, ол ойшыл, үнемі ізденісте жүретін шығармашыл тұлға және  денсаулық сақтау саласының негізгі қозғалтқыш күші. Сондықтан, науқастарға психологиялық тұрғыдан демеушілік көрсетіп, мейірімділік танытып жүрген ақ халатты абзал жандардың жан-жақтылығы бүгінгі уақыт талабы.

Университеттің Студенттік емханасында  талай жыл тапжылмай тер төгіп, еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленген ардақты мейірбикелер мен сала ардагерлері де аз емес. Олардың  ұлағатты істері мен өнегелі еңбек жолдары кейінгі толқын өкілдеріне үлгі болары сөзсіз. Мейірімділік пен жылықтың символына айналып, игілікті мамандық иесі атанған мейірбике ісі – қашанда сый-құрметке лайық. Сондықтан мейірбикелік кәсіп немесе мейірбике ісі денсаулық сақтау жүйесінің бөлінбес бөлшегі.

Олай болса, денсаулықтың жаршысы, адам өмірінің қорғаушысы, Гипократ антын қабылдап, міндетін мінсіз атқарып жүрген баршаңызды Халықаралық мейібикелер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.

Ерен еңбектеріңіздің жемісін көріп, ұлт саулығы жолында аянбай етіп етіп, биік белестерді бағындыра беріңіздер!