Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Болашақ» халықаралық стипендиясын иеленді

«Болашақ» халықаралық стипендиясын иеленді

Жұбанов университеті өкілдері шетелде оқуға мүмкіндік алды. Кәсіби даму және мансап орталығының жетекшісі Бақтыгүл Ертілеуова мен шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі Ботагөз Керімбаева «Болашақ» халықаралық стипендиясын иеленген 569 қазақстандықтың қатарынан табылды.

Республикалық комиссияның шешімімен осы жылғы іріктеудің үшінші легінде стипендия 569 қазақстандыққа тағайындалды. Оның ішінде 163 адам магистратураға, 4 адам әлемнің үздік жоғары оқу орындарының докторантурасына түсті. «Тағылымдама» бағдарламасы бойынша 37 стипендиат білім алады. Тағы 365 ғалым шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Ғалымдар» санаты биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет бекітілді. Бұл шешім Қазақстандық ғалымдарға жетекші университеттерде, ғылыми және салалық орталықтарда білім алуға, сол арқылы елдің ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері академиялық оқудан және әлемнің 27 елінің жетекші университеттері мен ғылыми және салалық орталықтарында тағылымдамадан өтеді. 220 адам АҚШ, 136 – Ұлыбритания, 57 – Ресей Федерациясы 13 – Австралия, 14 – Германия, 3 – Жапония т. б. мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алады.

Биылғы жылы тағылымдамалар мен оқыту бағдарламалары шеңберінде «Қашықтан оқытудың әдістері мен құралдары», «Педагогикалық платформаларды әзірлеу», «STEM пәндерін оқыту әдістемесі», «Жоғары білім берудегі стратегиялық менеджмент және көшбасшылық», «Педагогикалық инновациялар», «Биология, молекулалық биология, биохимия», «Вирусология. Жұқпалы аурулар. Эпидемиология», «Цифрлық экономика. Сандық Маркетинг» сынды бағыттар сұранысқа ие болды.