Четверг, Май 9, 2024
Басты > Жаңалықтар > Стратегиялық даму жөніндегі проректор тағайындалды

Стратегиялық даму жөніндегі проректор тағайындалды

Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Дастан Хусаинов Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің стратегиялық даму жөніндегі проректоры болып тағайындалды.

Дастан Хусаинов осыған дейін «Назарбаев Университетінің» зертханалар секторын басқарып келді. Ол операциялық қызмет, инфрақұрылымның стратегиялық дамуы, зертханалардың қызметін қамтамасыз ететін мамандарға басшылық етті.

АҚШ-тың Texas A&M университетінде Аэроғарыш инженериясы мамандығы бойынша бакалаврда білім алған Дастан Хусаинов «Білім-Инновация» лицейінің түлегі, Еуразия ұлттық университетінің Механика-математика факультетінің механика магистрі, сондай-ақ Омбы гуманитарлық академиясының экономика магистрі дәрежесіне ие.

Қазақстан Президентінің жастар кадр резерві Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылғаны белгілі. Мемлекет басшысы резерв жастар үшін тиімді әлеуметтік лифт болатынын айтып өтті. Осылайша, резервке енген үміткерлер мемлекеттік қызметтің әкімшілік және саяси лауазымдарына, квазимемлекеттік сектордың басшылық позицияларына тағайындалатын кезде қарастырылады.