Пятница, Май 3, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әр оқушы өз қылығымен, еркелігімен баурап алады

Әр оқушы өз қылығымен, еркелігімен баурап алады

Педагогика факультеті «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 3 курс студенті, болашақ педагог Назерке Уайсованың елгезектігі бірден ұнады. Бұл қасиет жас бойына жарасатын, бастысы келешегіне қажет. Тіл алғыш, ісі тындырымды, жауапкершілік сезімі биік ұстаздан үлгі алған оқушы да үлгілі болады. Ұстаз мәртебесі балажандылығымен шектелмейтінін жақсы білетін Назерке тұлғалық даму жолына қажетті іс-шаралардан тыс қалмайды. Тек қатысушы емес, тәжірибе жинауға тырысады. Ол көптеген конкурстардың жүлдегері. 

2020 жыл Н.Ә. Назарбаев Қорының қолдауымен және Қазақстан жастары Конгерсінің ұйымдастыруымен өткен «Jas Qalam» жастар журналистикасын дамытуға арналған блоггингке қатысты. 2021 жылы Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ұйымдастырған АКТ қолдану бойынша студенттер мен магистранттардың ғылыми жұмыстар мен шығармашылық жобаларының халықаралық конкурсының «Цифрлы мұғалім» жобасы бойынша ІІ дәрежелі диплом иегері атанды. ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «MEN ZHASTARGA SENEMIN!» студент жастардың ІХ республикалық форумында «Sanaly urpaq» бағыты бойынша ІІІ дәрежелі диплом алды. Оған 2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған 6В01300 – Пәнсіз мамандандыру мұғалімдерін даярлау бағыты бойынша ХІІІ Республикалық пәндік олимпиадасында ІІ дәрежелі диплом табысталды. Арманы асқақ, мақсаты айқын жаспен әңгіме құрған Гүлнара Дауылбайқызы.

Назерке, тамаша мамандық таңдаған екенсіз. Бастауыш кластағы балаларды оқыту, тәрбиесіне үлес қосу қиын болғанымен, құрметті кәсіп қой. Кішкентайлардың жүрегіне жол таба білсе тіпті ғажап. Солай ғой?

— Иә, әрине, Гүлнара ханым. Жалпы ұстаз болу ұлағатты іс деп білемін, тәжірибе барысында жүрген кезеңде көз алдыңдағы әрбір бүлдіршінді назардан тыс қалдырмауға, олардың жүрегіне жол тауып, оқуға деген қызығушылығын арттыруға тырысасың. Әрбір оқушы өз қылығымен, еркелігімен баурап алады. Тіпті кей кезеңде сені жақын әпкесіндей көріп, кішкентай ғана жүрегімен, көзқарасымен адам баласына тек жақсылықты көруді үйрететін секілді.

Көріп жүрмін, немерем бар, балалар орталығына апарамын, сондағы педагог мамандар арасында жастар басым. Баланың тілін табады, кәсіби шебер. Қуантады. Кәсіпке машықтандыру факультетте үздік деңгейде болып тұр ғой. Біліктілікке баулуда факультеттегі қай ұстаздардың еңбегі зор?

— Иә, әрине. Факультет, кафедра ұстаздар тарапынан бізге беріліп жатырған білім өте жоғары деңгейде деп толықтай айта аламын. Оның ішінде бізге теория мен практиканы ұштастыра отырып жан — жақты мәселелерді шешуге бейімдеткен, дағдыландырған Кенжебекова Нұрзия,  Сугуралиева Әлия, Изтлеуова Саманта, Айтмағанбетова Шынар және Рысбаева Ардақ апайларымызды айта аламын. Сабақ барысында әрқашан тың, жаңа ақпараттармен, әдіс-тәсілдермен, нормативті құжаттармен жұмыс жасаймыз. Әрбір сабақ жаңашыл педагог болмысын қалыптастыруға негізделеді.

Журналистикаға да көңіл бұратын тәріздісіз. Жәй қызығушылық па, әлде бұл салаға бағытталған анық мақсат бар ма?

— Иә, журналистика саласына қызығушылығым бар. Өзім болашақ ұстаз болғандықтан, дауыс ырғағыма өте қатты мән беремін. Қазақ тілі мен әдебиетін жаныма жақын тұтатындықтан, әрбір сөзімді ой саларлықтай етіп, әдемі өңмен жеткізгенді ұнатамын. Оқушылардың және әріптестерімнің алдында нық әрі нақты сөйлеу — ол да бір үлкен өнер. Көп ортада «Сіз журналистика саласында оқисыз ба?», «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімісіз бе» деген  пікірлер де айтылып жатады.

«Цифрлы мұғалім» халықаралық жобасына қатысып, жүлде алыпсыз. Цифрлы мұғалімнің ерекшелігі түсінікті ғой, десе де өзгеден озуыңызға себеп болған қандай дағды болды?

— «Цифрлы мұғалім» халықаралық жобасы мен үшін ең алғашқы үлкен жетістік болды деп есептеймін. Өзгеден озып шығуымның басты себебі, өзімнің болашақта үздік ұстаз атанамын деген ұстанымым деп білемін. Дамыған заманда қалыс қалуға болмайды. Кез келген мүмкіндікті оңтайлы пайдалана білу керек. Ал, қазір ұстаздар да, білім алушылар да, цифрлы сауаттылығы жоғары жандар болуы тиіс деп есептеймін.

Ғылымға әркімнің-ақ бар таласы. Қандай тақырып аясында зерттеу жүргізіп жүрсіз? Неге ол тақырыпты өзекті деп ойладыңыз?

— Ғылым – ол қажырлық пен шыдамдылықты талап ететін үлкен жол. Қазіргі таңда курстық жұмыс жазу үстіндемін. Менің тақырыбым «Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың ұлттық құндылық бағдарын қалыптастыру». Осы бағытта ізденудемін.  Ұлттық құндылықты дәріптеу, оны жас ұрпақ бойына сіңірту — ол әрбіріміздің міндетіміз деп білемін. Өйткені, көзге көрінбейтін біздің ұлттық құндылықтарымыз назардан тысқары қалып жатады. Ал біздің міндетіміз — ұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып, бала бойына ізгілікті қалыптастыру.

Педагогика саласында кімді үлгі тұтасыз?

— Педагогика саласында «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасының меңгерушісі Гүлшат Рахметжанқызын және кураторым Райбек Телжанұлын үлгі тұтамын.

Zhubanov University облыстық газеті, №3(483)