Понедельник, Май 6, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет және өндіріс: өңір экономикасының мүддесі үшін кадрларды дайындау

Университет және өндіріс: өңір экономикасының мүддесі үшін кадрларды дайындау

23 қазан күні Heriot-Watt университетінің делегациясы Ақтөбе облысының өндіріс саласындағы жұмыс берушілермен кездесті. Шараға «КМК Мұнай» АҚ, «Қазақойл» АҚ, «Қазхром» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Kazenergy» компаниясы, «Ақтөберентген» АҚ ресми өкілдері қатысты.

Өңір экономикасының тірегі болып отырған өндірістік компанияларға Heriot-Watt университетінің делегациясы серіктестіктің басты мақсаты – екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, экономикалық-индустриалдық байланысты нығайтатынын мәлімдеді. Делегация мүшесі, математика, физика және информатика ғылымдарының профессоры Юриан Хейге өз сөзінде «Ғылым үздіксіз дамуда. Ақпараттық технологиялар мен жаңашыл ғылыми әдіс-тәсілдерді уақытында меңгеру – заман талабы. Бұл оқу орындары үшін де, өндіріс орындары үшін де маңызды» деді.

Аталмыш шараға Британ кеңесі өкілі Жанар Рахимжанова да қатысты. Ол студенттер мен оқытушылардың сұранысына сәйкес Жұбанов университеті базасында халықаралық IELTS емтиханын компьютер арқылы қашықтықтан тапсыру мүмкіндігін енгізуге келгенін жеткізді.

Келелі кездесуде Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова өнеркәсіпті дамыту үшін білікті кадрлар дайындаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Осы ретте Heriot-Watt халықаралық факультеті өңір индустриясы мен экономикасы үшін маңызды 3 мамандық бойынша мамандар даярлап жатқанын айтты. Атап айтқанда «Мұнай инженериясы және энергоменеджмент», «Компьютерлік инженерия», «Электроэнергетика» мамандықтары бойынша 300-ге жуық студент мемлекеттік грант арқылы білім алып жатыр.

Теориялық білімді жетілдіру мақсатында жергілікті өндіріс ошақтарымен тығыз байланыс орнату қос тарап үшін де маңызды. Қатысушы компаниялар да ұсыныстарын білдіріп, келген қонақтармен пікір алмасты.