Пятница, Май 3, 2024
Басты > Жаңалықтар > Дуалды оқыту бойынша Жұбанов университетінің студенттері «Айс-плюс» сүт кәсіпорнында тәжірибе жинайды

Дуалды оқыту бойынша Жұбанов университетінің студенттері «Айс-плюс» сүт кәсіпорнында тәжірибе жинайды

Жұбанов университетінің «Биотехнология» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын 4 курс студенттері «Сүт өнімдерін өндіру биотехнологиясы», «Сүт және сүт өнімдерінің технологиясы» пәндерінен практикалық сабақты «Айс-плюс» сүт өңдеу зауыты базасында өткізуде.

Алғашқы практикалық сабақтар барысында студенттер сүтті өңдеу кезінде сапасына қойылатын талаптар, оны өңдейтін құрал-жабдықтардың жұмыс жасау барысымен танысты. Арнайы мамандар шикізат ретінде әкелінген сүтті механикалық және мембраналық өңдеу жолдарын, ерекшеліктерін атап көрсетті. Студенттер сүтті жылумен өңдеу кезіндегі негізгі технологиялармен, аппараттық жабдықталуымен толықтай танысып, сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ сепаратор-тазартқыш құрылғысының құрылысы талданып, жұмыс жасау принципі сипатталды.

«Айс» ЖШС өнімдерін Ақтөбе тұрғындары кеңінен қолданады. Қазіргі уақытта облыстағы сүт өнімдері нарығының 60 пайызын өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын жұмысымен танысып, тәжірибе жинақтау болашақ білікті кадр ретінде қалыптасу үшін студенттерімізге өте маңызды. Дуалды оқыту бойынша практикалық сабақты кәсіпорын базасында өткізуді биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр.
«Бұған дейін өндірістік практикадан өту барысында белсенділік танытып, жұмысқа қабылданған студенттеріміз де бар. Алдағы уақытта практикалық сабақтар аталған сүт өңдеу зауыты базасында жалғасады», — дейді биология кафедрасының меңгерушісі Гүлнұр Адманова.