Пятница, Май 3, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Заман біздікі» пікірсайысшылары курсанттарға шеберлік сабағын өткізді

«Заман біздікі» пікірсайысшылары курсанттарға шеберлік сабағын өткізді

Жұбанов университетінің «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағы пікірсайысшылары Т.Ж. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері Әскери институтының білім алушыларына дебат қозғалысы бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Клуб президенті Батыржан Сапарғали дебаттың жастар бойында көшбасшылық қасиетті қалыптастырып, сөзшеңдігін дамытуда маңызды екенін атап өтті. Ол пікірсайыс өткізудегі негізгі мақсат қандай, пікірсайыс турнирін тиімді ұйымдастыру мәселелері бойынша баяндама жасап, дебат форматының негізгі өлшемдерін түсіндірді.

Сонымен қатар бүгінгі шеберлік сабағында тренинг ойындар өткізілді. Пікірсайысты жаңадан бастаушыларға өз ойларын дәлелдей білуге, берілген қарар бойынша өз көзқарастарын қорғауда тексеруге мүмкіндік берілді.

Айта кетейік, «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағы университетте 2015 жылы құрылды. Қазіргі таңда құрамында 100-ден аса студенттер бар. «Облыстық жастар сыйлығы-2022», «Үздік пікірсайыс клубы» номинацияларының иегері. Ашылған кезеңнен бері түрлі облыстық, республикалық деңгейдегі турнирлерде клуб мүшелері жүлделі орындарды иеленіп келеді. Клубтың ұйымдастыруымен республикалық «Zhubanov CUP IV», облыстық “Аға буын CUP I”, “Чемпиондар кубогы”, «Қайырымды қала тұрғындары» атты облыстық, орта, аға, ата буындар арасындағы “LD SHOW” және жас буындарға арналған клуб ішілік пікірсайыс турнирлері тағы да басқа көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.