Понедельник, Май 6, 2024
Басты > Жастар саясаты > Әлихан Әбілхайыр: Білім беру үшін​ ынтаның өзі жеткілікті

Әлихан Әбілхайыр: Білім беру үшін​ ынтаның өзі жеткілікті

Zhubanov University 3 курс студенті Әлихан Әбілхайыр
«Қазақ тілі мен әдебиеті»  мамандығы бойынша білім алып жатыр. Университеттегі «Шабыт» зияткер-элиталар одағының мүшесі. «Ақтөбе пікірталас орталығы» ЖҚБ-нің директоры.

«Үздік студент» төсбелгісінің иегері.
Пікірсайыс — дамимын деген жан үшін де, дамытамын деген жан үшін де үлкен мүмкіндіктер беретін платформа деп, осы бағытта үлкен істер тындырып жүрген​ студент жас.
Толық пікірі төменде.

Дүниеде сөз құдіретін білген халықтың бірі — қазақ. «Өнер алды – қызыл тіл» деп тілді дәріптейді. Сіз де бабалар ұстанымына лайық тіл байлығына көңіл бөледі екенсіз. Үздік дебатерсіз.​ Дебат өнері негізі ұлт тарихында жоқ қой. Бірақ жастардың жанына жақын. Неге?

-Бұл да бір шешендік өнер ғой. Жастар жанына жақындығы, сол пікірсайысшылар құрған өзіндік ереже-дәстүрлері бар бөлек әлем, қызықты әлем және керемет, дамушы, дамытушы орта болғандықтан да болар.

Пікірсайыс ойындарының​ өзіндік қызықтары бар. Қарсылас қарсы бір пікір айтып, ойын алаңына жаңа бір идея, мағлұматтар әкеліп жатса, оған қарсы сенде туған ойлар мен фактілер «мына идея дұрыс емес қой» дегенде, тезірек айтып, сөзбен құлатуға ынтазар боласың. Осыдан ойын қызады. Басқалары да көріп, ойнауға ұмтылады.

Ойын кезінде қарсылас болармыз, алайда пікірсайысшылардың жиі қолданатын фразасы бар:
«Ойында қас болсақта, өмірде дос болайық» деп, ойыннан соң қол алысады. Осыдан да болар бұл ортаның бұзылмас ынтымақтастығы.

1 курстан бастап​ пікірсайыспен айналысып келемін.
Мен үшін пікірсайыс — шешендік өнерді, өз ойыңды еркін жеткізіп, сөзіңді дәлелдей білуді үйренгеннен бөлек, ортада жұмыс жасай білу, көшбасшылыққа, адамдармен жұмыс жасай білуге бейімделу, дипломатиялық, ұйымдастырушылық сынды қабілеттерді берген әлем.

Екі жарым жыл ішінде командамен 20 шақты үлкенді-кішілі, азды-көпті, онлайн/офлайн форматтарда турнирлер ұйымдастырылып, шамамен сонша турнирлерде төрешілікті атқарып, тренингтер ұйымдастырыппыз. Шындығында​ тунирлерге қатысып, чемпион болуды мақсат етпейді екенмін. Көбіне, басқа пікірсайысшыларға жол ашу бойынша жұмыс жасаған ұнайды. Көп уақытым сол бағытқа жұмсалады.

Ағылшын лигасын құру, дамыту да ойда бар, алғашқы қадамдар жасалды дедіңіз, бұл енді шетел тілі бойынша білімді шыңдауға септігін тигізетін жақсы әдіс екен. Жастардың ағылшын тіліне деген назары жоғары болып тұр ғой.

-Иә, ағылшын тілін үйреніп жүрген жастар көп, олардың да шыңдалуына бір септігі тиері анық.
Өйткені, жоғары деңгейде меңгергендер басқаларға үлгі.
Бір жағынан сол тілдік білімін қай ортада, қай жерде қолданарын білмей жүргендер де осы ортада ашылады.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын игерудесіз. Тіл сауаттылығын, зерде тереңдігін қажет ететін мамандық. Жауапкершілігі зор. Практика кезінде оқушылардың ықыласы қандай бұл пәндерге, келешек мұғалім ретінде сізді қалай қабылдады?

-Қазіргі күн — ғаламтор заманы, балалар үшін тик ток пен ютуб қызық болғандықтан тіл тазалығы, оның қолданыстағы сауаттылығында олқылықтар бар, әрине. Уақытпен түзеуге келер. Алайда, оқушылардың білімге ынтасы бар, қызықты тапсырмаларға назары жоғары. Білім беру үшін​ ынтаның өзі жеткілікті, қалғаны мұғалімге байланысты, балаларды оқыту процесін қызықты ете алса, олардың үйренуіне қолдау көрсетіп, мақсат қою дағдысына икемдей алса, қай тілді болмасын жақсы меңгере алады.

Алғашқы практикалар ұзақ мерзім болмағандықтан, мұғалім ретінде қабылдағанын айту қиын. Келешек мұғалім ретінде емес, алғаш көрген, енді танысып жатырған адам ретінде балаларда қызығушылық тудырған болармыз тек. Әйтеуір, жақсы қарым-қатынас құра алдық деп айта аламын.

Жақында «Үздік студент» төсбелгісімен марапатталдыңыз. Кеудеңізге таққан сәтте не ойладыңыз? Әсерлендіңіз бе?

— «Үздік студент» төсбелгісін табыстау сәтінен ерекше әсер еткен бір нәрсе ғана бар. Атымыз аталып, орнымыздан тұра беріп, артымызға бұрылып, залға қарадық. Біраз студент жиналыпты. Солардың арасында​ соңымыздан еріп келе жатқан буынның бар екенін көрдік. Көптігін көрдік. Олар бізге қуанып, қол бұлғады, жанымызға жақындап, құттықтады. Ғанибет сәт.

Әлі тым жассыз, дегенмен өмірлік ұстазым деп үлгі алатын жан бар ма?

-Мектепте алғыс айтар, мықты кісі деген ұстаздарым болды. Алайда, өмірлік ұстазым деп айтар екі жан бар. Бірі қалай өмір сүруді үйретсе, көп істі қалай жасауды, жеті рет өлшеп, бір рет кесуді үйретсе, екіншісі өмірлік ұстанымдарымның қалыптасуына, қоғамға деген ой-пікірімнің қалыптасуына әсер етті. Бұл кісілер менің әкем және пікірсайыс әлеміндегі ағайымыз — Азамат Бекболатұлы.

Гүлнара Қараша

Zhubanov University облыстық газеті,

№11 (491), қараша, 2023 жыл.