Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жоспарыма сәйкес міндеттер де, атқарылатын қарқынды істер де көп

Жоспарыма сәйкес міндеттер де, атқарылатын қарқынды істер де көп

Олжабаев Бекарыс Қобланұлы Zhubanov University Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі.
Ол​ 1994 жылы 26 желтоқсанда Ақтөбе қаласында дүниеге келді. 2013 жылы №33 қазақ орта мектебін Алтын белгімен тәмамдап, Zhubanov University​ Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Қазақ филологиясы» мамандығына оқуға түсіп, 2017 жылы оқу орнын үздік дипломмен аяқтады. Әрі қарай ғылым жолын таңдап, туған университетіне 7М02304 – «Филология» мамандығы бойынша магистратураға қабылданды. 2020 жылы аталған университетке «8D02304- Филология» мамандығына докторантураға түсті.
Жас кафедра меңгерушінің жоспарларымен танысқан Гүлнара Дауылбайқызы.

-Сіз басқарып отырған кафедраның өңірге қажет мамандарды даярлау ісіндегі үлесінен бастасақ әңгімемізді.

-Алаштың ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Әдебиетті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады, ұлтының қажетін өтейді сөйтіп…» деген екен.​ Мен басқарып отырған кафедра болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімін, өткен мен бүгіннің арасын жалғастырушы, ұлттық идеологияның насихатшысы болып табылатын филолог мамандарды, келешекте фольклортану, әдебиеттану саласына сүбелі үлес қосатын ғалымдарды даярлайды. Ұлтты сүюді, құрметтеуді өскелең ұрпақ әдебиет арқылы үйренеді, бойға сіңіреді, сондықтан әдебиетші-ұстаз сөз өнерінің бар қыр-сырын теориялық тұрғыдан толық меңгерген, күн сайын өзгеріп отыратын әдеби үдерісті тереңінен түсіне алатын, кәсіби біліктілігі өте жоғары болу керек, міне, біздің кафедра осы бағытта жұмыс істейді.

Кафедра меңгерушісі дегенде көз алдымызға жасы үлкен апай мен ағайдың образы келеді. Бұл лауазымның салмағына қалай үйрендіңіз? Алдағы желтоқсан айында 29 жасқа ғана толады екенсіз.

-Қазіргі кезде басшылық лауазымда жасы үлкен адам болу керек деген стереотип өзгеріп келеді. Оған дәлел ретінде еліміздегі біздің ең жас ректор Лаура Чапайқызы Қарабасованы айтуға болады. Сонымен қатар, университемізде басшылық қызметтің 70 пайызын жастар атқарып отыр. Бұл тектен тек емес. Жастар – еліміздегі ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші, қоғамның жемісті дамуының кепілі. Оларға қолдау көрсетіп, жағдай жасау – болашаққа құйылған инвестиция деп білемін.

Қазіргі​ уақытта өзім басқарып отырған Қазақ әдебиеті кафедрасының профессор-оқытушылары кезінде менің білімімді шыңдап, кәсібилігімді кемелдендіріп, ғылым жолын таңдауыма себепкер болған ұстаздарым. Әрі кафедрада бір-бірінің пікірін тыңдай отырып, сыйластықта, ынтымақтастықта шешім қабылдайтын жағымды ахуал қалыптастасқандықтан, жаңа ұжымға үйрену, бейімделу мен үшін қиындық тудырмады.

-Қазақ іс басына жас келсе қуанады. Келуіңізбен қандай өзгерістер болып жатыр? Алға қойылған мақсат-міндеттер қандай?

-Кафедра тарихы 1989-90 жылдардан бастау алады. Осы күнге дейін кафедра жұмысын жандандыру мақсатында үлкен жұмыстар атқарылды. Жауапкершілік жүгі ауыр. Оны сеземін. Алға қойған мақсат кафедраның ғылыми потенциалын көтеру. Бұл бағытта магистр оқытушыларды докторантураға түсуге ынталандыру, қорғауға дайын докторанттардың жұмысын пысықтап, диссертациялық кеңеске шығару жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы легі көп күттірмей желтоқсан айында қорғауға шығады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қай заманды алып қарасақ та, дамудың басты кілті бұл – ғылым. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес» деген. Қазір әлем қарқынды түрде дамып келеді. Сондықтан заман талабына сай кафедра оқытушысы студенттердің​ ақыл-ой және рухани потенциалын барынша дамыту жолында жемісті еңбек етуі үшін кәсіби біліктілігін үнемі арттырып, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар болуы шарт.​ Ол үшін мемлекет тарапынан да, университетімізде де жағдай жасалған. Мәселен, қазіргі кезде жас ғалымдарды, ғылыми ортаны қолдау мақсатындағы арнайы жобалар, ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстар жариялануда. Кафедра оқытушыларының осы сынды шараларға белсенді араласуын, студент, магистрант, докторанттардың ғылыми ізденістерін қолдау мақсатындағы жұмыстарды басты назарға алып отырмыз. Жалпы айтқанда, осы оқу жылына құрылған жоспарыма сәйкес міндеттер де, атқарылатын қарқынды істер де көп.

Қарап отырсам, өміріңіздегі мүмкіндіктер баспалдағы альма-матеріңіз ішінде болыпты. Соған қарағанда білім ордасына деген сіздің көңіліңіз, сізге деген білім ордасының көңілі ерекше ыстық болғаны ғой.

-Әрине, 2013 жылы осы​ университетті таңдағаным өмірімдегі маңызды шешімдердің бірі болды деп есептеймін. Қара шаңырақтағы жұмыс тәжірибем Халықаралық ынтымақтастық орталығынан басталды. Одан кейін Ғылыми кітапханада, Ғылым және инновациялар департаментінде қызметте болдым. Аз да болса әр ортада жинаған тәжірибемді өзім түлеп ұшқан ЖОО-ның өркендеуіне жұмсағым келеді.

Әрбір адамның тағдыры, әрбір бағындырар белесі, өмір жолы маңдайға жазылып қойған дегенге сенесіз бе? Кейде, менің бұл университетте 10 жылдай білім алып, осы жерде қызметте болуым ана құрсағында жатқаннан-ақ шешіліп қойғандай көрінеді.

Олай ойлауыма себеп, 2019 жылы Ұлы Абайдың 175 жылдығы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 85 жылдық мерейтойы қарсаңында Жұбановтан – Абайға атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай сол кездегі Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, профессор Мұхтар Арын осы бағытта экспедиция ұйымдастырып, ағамыздың орны толмас қазасына байланысты, ол орта жолдан, Әйтеке би ауданы, Жабасақ ауылында үзілген болатын. Менің әкем Жабасақ елді мекенінің тумасы. Әкем мен анамның айтуы бойынша сол қайғылы оқиға орын алғанда, мен де ауылда, ата-әжемнің қасында болыппын. 22 жылдан кейін сол үзілген тарихи сабақтастықты осы сапар арқылы қайта жаңғырту көзделіп, экспедиция құрамының қатарына ең жас мүшесі ретінде енгенмін. Ол кезде филология факультетінің 2-курс магистранты едім. Бір ойлағанға кездейсоқ оқиға дерсіз, бірақ сол кездегі Мұхтар Арын атамыздың Ақтөбеден Абай еліне бару арманын орындаған экспедиция мүшелерінің құрамында болуым маған сәйкестік еместей көрінеді.
Экспедиция бағдарламасында Абай атамыздың ата қонысы — Жидебей елді-мекенімен қоса, Астана, Павлодар, Семей, Жидебай, Баянауыл, Қарқаралы, Қарағанды бағытындағы киелі жерлерін зерделеу болатын. Экспедиция соңында арнайы Мәшһүр Жүсіп Көпеев атамыздың кесенесіне тоқтап, құрбан шалып, дұғамызды оқып, 10 күнге созылған экспедициямызды аяқтадық. Содан елге оралып, үйге кіре берістегі шарбаққа көзім түсті. Орыс атаманы Степан Разин атындағы көшеміз Машһүр Жүсіп Көпеев атына өзгерген екен. Бұның бәрі сәйкестік деп қалай айтуға болады….

— Ғылыми ізденісіңіздің тақырыбы қызықтырды. «Түркі халықтары фольклорындағы «Туған жер» концептісі» тың тақырып сияқты ғой. Зерттеу барысында қандай қызықты фактілерге кезіктіңіз. Рұқсат болса, мысал келтіре кетсеңіз.

-Туған жердің тылсым сырын ұғып көр,
Бұлтын оның бұлт демей бір түбіт дер, — деп Қадір Мырза Әли атамыз айтқандай туған жерге, елге деген сүйіспеншілік ешқашан өшпейді. Оның айтылмаған сыры, жыры, зерттелмеген қыры да көп.

Туған жер кез келген халық үшін қастерлі, киелі ұғым. Адамзат баласына​ кіндік қаны тамып, алтын бесігіне айналған жер – құт мекен концептісін құрайды. Отан, туған жер, атамекен, атажұрт сөздері түркі халықтарының дүниетанымындағы киелі ұғым. Туған жерді кие тұту, ардақтау, қастерлеу түркі халықтарының көне замандарда пайда болған аңыз-әпсаналарынан бастап, барлық ауызша әдебиет мұраларынан көрініс табады.
Зерттеуде топонимдік атауларды да қоса қарастырдық. Өйткені жер-су атаулары түркі этностарының қай жерлерді мекендегені, қай жерлерді атамекені санап, қасиет тұтқаны, өлке, қоныстарын жат жұрттықтардан қалай қорғағаны, қалай күрескендігі туралы хабар бере алады. Мәселен, түркі ұрпағының ортақ мәдени мұрасы болып саналатын Күлтегіннің кіші жазуында: «Егер қазір баяғы кексіз түркі қаған Өтукен қойнауында отырса (онда) қапа мұң жоқ» деген байламды сөз бар.

Осы Өтукен топонимі жөнінде профессор Қ.Жұбанов «Өтукен-йыж атауы – Өтукен тоғайы деген меншілікті білдіретін атау, яғни адам аты мен географиялық обьектінің бірігуінен жасалған топоним» деп көрсетеді.​

Профессор А.Ш.Пангереев ғылыми негізде былайша тұжырым жасайды: «Бұдан аңғаратынымыз түркілердің алғаш мекендеп, мамыражай ғұмыр кешкен жері – Өтукен қойнауы. Ескерткіште бұл атау Өтукен-йыж түрінде жазылған. Зерттеушілер бұл топонимді шартты түрде «қойнау» деп алып отырғандығын айтып, оны: алқап, атырап, тау, қырат деуге де болады, — деп ескерткен.

Түркітанушы С.Е.Малов Өтукен-йыжды – Отюкенская чернь деп тәржімалаған. Ал, осы Өтукен қандай жер, қай жер? Бұл сұраққа жауапты тастағы жазулардан табамыз. Күлтегін жазуында (кіші жазу): «Өтукен қойнауының нағыз иесі жоқ еді, бірақ ел тұратын жер осы Өтукен қойнауы еді. (Дәл) Осы жерде отырып, табғаш халқымен тағдырластым. Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, қазынасы асыл еді» түрінде құралған сөз жолдары бар.
Аты аңызға айналған осы жер туралы түрік ғалымдарының еңбегінде көңіл аудартатын деректер кездеседі. Зерттеуші Йылмаз Өзтұма Өтукенді көктүріктердің кіндік кенті, табиғаты өмір сүруге жайлы, Орхон және Селенга өзендерінің арасындағы жер еді деп көрсетсе, оғыз дастандарында Өтукен Тянь-Шань таулары мен Орхон аймағындағы киелі өңір деп сипатталады. Ал, профессор А.Ш.Пангереев «Табғаш халқының қытай халқы екенін ескерсек, Өтукеннің қазіргі Қазақстанның шығыс өлкесінде екендігіне көз жеткізуге болады» деп тұжырымдайды.
Біз бұл жердің қай аймақта болғанын дәлелдеуді негізгі мақсат етпейміз. Қалай болған күнде де Өтукеннің көне түркі заманында халық қиялында үлкейтіліп, барша жақсылықтың символы болып саналғаны анық. Қандай халықтың да бейбіт, берекелі өмір кешетін бай да байтақ өлкені іздейтіні дәстүрге айналғаны рас. Түркі халықтарының ауыз әдебиетіндегі туған жерді кие тұту мотивтерінің ұқсастығы бауырлас халықтардың тамыры тереңде жатқан тарихи-мәдени дамуымен тығыз байланысты.

Zhubanov University облыстық газеті,

№11 (491), қараша, 2023 жыл.