Пятница, Май 3, 2024
Басты > Жастар саясаты > «STUDLIFE» жобасының үздіктері анықталды

«STUDLIFE» жобасының үздіктері анықталды

Жұбанов университеті студенттерінің көзайымына айналған «STUDLIFE» жобасының IV маусымы өз мәресіне жетті. Студенттердің жан-жақтылығы, шығармашылық қабілеттері, тапқырлығы сынға түскен тартысты бәсекенің әр кезеңі сан түрлі эмоцияға толы болды.

Қорытынды кешке қатысқан университет ректоры Лаура Қарабасова студенттерді жоба маусымының жабылу салтанатымен құттықтап, факультеттерді түрлі номинациялармен марапаттады.

Атап айтқанда, «Ең креативті факультет» номинациясымен педагогика және білім берудегі менеджмент факультеті, «Ең шығармашыл факультет» номинациясымен тарих факультеті, «Ең бауырмал факультет» номинациясымен экономика және құқық факультеті, «Ең интеллектуалды факультет» номинациясымен физика-математика факультеті, «Ең тәртіпті факультет» номинациясымен филология факультеті, «Ең ерекше факультет» номинациясымен шетел тілдер факультеті арнайы диплом және 20 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.

Сонымен қатар, «Ең үздік сенатор» номинациясы жаратылыстану факультетінің сенаторы Құрманбек Бауеновке берілді. Ал «Ең үздік жанкүйер» номинациясы шетел тілдері факультеті деп танылды.

«StudLife» жобасының басты номинациясы кәсіби-шығармашылық факультеті «Ең үздік факультет» деп танылып, арнайы диплом және 100 000 теңгелік сертификат табысталды.
Жобаның «Қайырымдылық акциясы» кезеңінде 1 ай (қараша) ішінде ұйымдастырылған әртүрлі форматта жасаған қайырымдылық шараларының нәтижесінде жалпы 1 882 615 теңге жиналды. Оның 500 000 теңгесі Университет түлегі Жалғасбаев Нұрбекке, 400 000 теңгесі «Asar-Ume» қайырымдылық қорына, 200 000 теңгесі техникалық факультеттің кіші қызметкеріне, 282 615 теңгесі Педагогика және білім берудегі менеджмент факультетінің 3 курс студенті Орынбасар Жанмедеттің еміне аударылды. Сондай-ақ қалған 500 000 теңге әлеуметтік жағдайы төмен студенттердің оқу ақысына көмек ретінде 100 000 теңгелік сертификат 5 студентке берілді.