Понедельник, Май 6, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университеттік ғылымды дамыту – басты бағдар

Университеттік ғылымды дамыту – басты бағдар

Бүгін ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Жұбанов университетінің ұжымымен кездесті.

Университет ректоры Лаура Қарабасова Президент тапсырмасына орай әзірленген «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасының бастамашыларының бірі, сонымен қатар әлеуметтік, білім, ғылым саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменовамен ашық диалог алаңы маңызды екенін атап өтті.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты университет профессор-оқытушыларымен кездесудегі мақсатына тоқталды.
— Бүгін Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінде көлемді сұхбаты жарық көрді. ҚР азаматы ретінде, депутат ретінде өзімізді толғандырып жүрген бірқатар сұрақтарға жауап алдық. Президент ғылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, Жолдауларында ғылыми зерттеу деңгейін арттыру қажеттігін үнемі айтып келеді. Сіздермен кездесуде талқыланатын бірнеше мәселе бар: «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасының негізгі новеллалары, алдағы уақытта бөлінетін қаржыландыруды университеттік ғылымның даму тетіктерін көтеруге бағыттау. Негізгі мақсатымыз ғылымның, оның ішінде университеттік ғылымның дамуына үлес қосу, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сондай-ақ, депутат академиктерге стипендия тағайындау, университеттегі ғалымдардың әлеуметтік жағдайын көтеру, ғылымға қаражаттың көбірек бөлінуіне қатысты мәселелер шешіліп келе жатқанын айтты.
Бұдан бөлек кездесуде білім туралы, әлеуметтік мәселелер жөніндегі, отбасылық зорлық-зомбылықты шешуге арналған заң жобаларына бастамашылықпен жасалған оң өзгерістер талқыланды.

Ашық микрофон алаңында университет ғалымдары Мәжіліс депутатына білім және ғылым саласына қатысты сауалдар мен ұсыныстарын жолдап, көкейкесті мәселелер жаңа заң жобасы аясында қамтылатынына сенім білдірді.
Кездесуден кейін Жұлдыз Сүлейменова Жұбанов университеті базасында орналасқан халықаралық Heriot-Watt факультетін аралап көрді.