Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Озық ойлы ұлтты интеллектуалдар қалыптастырады

Озық ойлы ұлтты интеллектуалдар қалыптастырады

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,
философия ғылымдарының кандидаты,
 Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік 
университетінің кафедра меңгерушісі.
Соңғы үш жыл көлемінде Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған реформалар қоғамның саяси мәдениетін жетілдіруге негізделгендігін баса айтқым келеді. Бұл — нағыз мемлекетшіл азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Ел мүддесіне шынайы түрде қызмет етемін дейтін адамдар бұны дұрыс пайдалануда. Ендігі мәселе қоғамның өзіне байланысты.
Мемлекет басшысы қозғап отырған мәселе — озық ойлы қоғамға, мемлекетке және ұлтқа айналу. Уақыт күтпейді, әр адам уақытпен санасуы керек. Ұлт та солай. Ежелгі дәуірдің өзінде Платон, Аристотель сияқты философтар озық ойлы қоғам туралы арнайы еңбектер жазған. Тарихымызда бұған қатысты Әл-Фарабидің, Абайдың және Алаш зиялыларының жазған еңбектерін айтуға болады. Ұлттың нағыз тұлғалары болған уақытта тәуелсіздік болмауы мүмкін, ал тәуелсіздік, мемлекет бар жерде тұлғалар институты бола бермейді. Адамзат осындай қайшылыққа толы уақыт орамында өмір сүріп келеді. Елдің дамуына кері әсер ететін сырттан да, іштен де кедергілер көп болуы мүмкін. Бірақ соған қарамастан, кісілігі жоғары адамдар осы идеяның төңірегінде шоғырланып отыруға тиіс. Президенттің озық ойлы қоғамға қатысты айтқан сөздерінен осыны түсінуге болады. Тәуелсіздік — басты құндылық. Ал мұны дұрыс пайдалану ұрпақтың өрісіне байланысты. Сондықтан ел, халық болып тәуелсіздік тұсында мемлекетті күшейтетін озық ойлы адамдарды шығару керек, соған барынша жұмылуға тиіспіз. Мұндай принцип барлық елде болған, бізде де бар. Алаш зиялыларының қалыптасуы — осының мысалы. Қиындыққа қарамастан, ұлт зиялылары тарихтан өз орнын алды. Ал бүгінгідей атаққұмарлық, даңғойлық, жағымпаздық, екіжүзділік сияқты пайдасы жоқ әдеттер, қара бастың қамын күйттейтін сана жүрген жерде тәуелсіздік, мемлекет болғанымен интеллектуал адамдарды шығару қиындайды. Себебі мұндай жаман әдеттер өсіп-өркендеудің жолын бөгейді.
Адами қасиеттерді жоғалту осындай жаман әдет түрлерімен байланысты. Осы себептен уақыт талабына сай ел, қоғам болып бейімделуде ең басты құндылық ескерусіз қалмауға тиіс деп ойлаймын. Ол — жауапкершілік. Мемлекеттің нығаюына әр адам жауапты екендігін сезінуге тиіс. Сонда ғана қалған мәселелерді шешу оңай. Ал жауапкершіліктің арғы жағында елдік сана, жалпыға ортақ игілік түрлерін дұрыс зерделеу, елдің тарихтан қалыптасқан тәжірибелерін игеру, құндылықтарды дұрыс тану тағы бар. Қай кезде де ұлттың мінезі әр адамның жауапкершілігінен құралады. Ал осы жауапкершіліктің негізінде бір ғана қасиет — елдік сана болуға тиіс.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз керек». Бүгін нағыз ұлттың интеллектуалдарын қалыптастыруға ел болып жұмылуымыз керек. Сонда ғана елдің болашағына қажетті жаңа дүниелерді жасауға болады.