Суббота, Май 4, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тоғызқұмалақ ойынының үздіктері марапатталды

Тоғызқұмалақ ойынының үздіктері марапатталды

Бүгін Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова тоғызқұмалақ ойынының жүлдегерлерімен кездесті.

Кездесуге университеттің кәсіби-шығармашылық факультетінің 2 курс студенті, Әлем кубогінің жеңімпазы Диас Жанбау, №30 мектептің оқушысы, Азия чемпионатының классика, блиц түрлері бойынша екі дүркін чемпионы Темірлан Ғалымжан, жоғарғы санаттағы жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мөлдір Серікқызы, 2023 жылы Ақтөбе қаласында ардагерлер арасында және әйелдер арасында өткен Қазақстан чемпионаттарында бас хатшы қызметін атқарған Өтеген Сарин, облыстың бас жаттықтырушысы Бауыржан Төлегенов және Ақтөбе облыстық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Сабыржан Мұхтаров қатысты.

Басқарма төрағасы-Ректор Лаура Қарабасова Облыстық тоғызқұмалақ федерациясы үздіктер қатарынан танылып жүргеніне тоқталып, зияткерлік ойында жетістікке жеткен спортшылар әркез құрметке, марапатқа лайық екенін атап өтті. Жиында 2023 жылы тоғызқұмалақ бойынша қол жеткізген жоғары жетістіктері үшін үздіктерді марапаттап, алғыс хат табыс етті.

Облыстың бас жаттықтырушысы Бауыржан Төлегенов басшылық тарапынан көрсетілген қолдау жастардың алға ұмтылуында маңызды екенін атады. Бас жаттықтырушы жоспарларымен бөлісіп, федерация ойыншылары алдағы дүбірлі додаларға дайындықтарын бастап кеткенін айтты.