Среда, Май 1, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Лаура Қарабасова: Ғылыми жобалардың тең жартысын жас ғалымдар орындайды

Лаура Қарабасова: Ғылыми жобалардың тең жартысын жас ғалымдар орындайды

«Студенттердің әлеуметтік жағдайын да на­зардан тыс қалдырмай отырмыз. Биыл­дың өзінде 400-ге жуық студенттің оқу ақы­сына 25 пайыздан 100 пайызға дейінгі жеңіл­діктер бердік. Былтыр Мемлекет бас­шысының біздің университетке арнайы ке­ліп, нәтижелі жұмысымызбен танысып, оң бағасын беруі біз үшін үлкен абырой әрі жауап­кершілік салмағы да еселене түскенін сездік».

Былтыр Мемлекет басшысы Ақтөбе өңіріне сапары барысында тарихы бай, еліміздегі ірі әрі іргелі оқу орны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қызметімен танысқан болатын. Президент тапсырмасына сәйкес аталған білім ордасы әлемнің үздік 250 жоғары оқу орнына кіретін Heriot-Watt университетімен маңызды келісімге қол жеткізді. Бүгінде 300-ге жуық студент мемлекеттік грант негізінде, өңір экономикасының сұранысына сай электроэнергетика, компьютерлік инженерия, мұнай-газ және энергоменеджмент мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Оқу орнының ғылым мен білім саласындағы жаңалықтары жайында университет ректоры, PhD докторы Лаура Қарабасовамен әңгімелескен едік.

– Лаура Чапайқызы, сіз ректор бо­лып тағайындалғалы 2 жылдан асты. Осы уақыт аралығында білім орда­сын­да қандай жаңашыл бастамалар жүзеге ас­ты?

– Жұбанов университеті – еліміздегі аса ірі жоғары оқу орнының бірі. Қазақстанның ба­тыс аймағындағы іргелі университетке рек­тор болып тағайындалғанда білім ор­да­сын­да маған дейін қалыптасқан дәстүрді,  бар­лық жетістікті сақтай отырып, уни­вер­си­тетті жаңа кезеңге көтеру мақсаты тұрды.  Бұл – министрлік саясатының басым ба­ғыт­тары академиялық трансформация мен ин­тернационализация еді. Үлкен ұжымды бір мақсатқа жұмылдыру аса жауапты іс. Уни­верситетімізде 1 300-ге жуық адам еңбек ете­ді, 14 мыңға жуық студент білім алуда. Бі­лім алушыларға сапалы білім алуға, ал әріп­тестеріме қолайлы интеллектуалды ор­тада еңбек етіп, ғылыммен айналысуға жағ­дай жасау – басты міндетім.

Бүгінде біздің университет ұлттық дең­гейде танымал болып келе жатыр десем, ар­тық айтқаным емес. Ал британдық Heriot-Watt университетімен біріккен жобамыз уни­верситетті халықаралық деңгейге кө­терді.

Еліміздегі жүзден астам университеттің 18-і ғана мүше Академиялық адалдық лига­сы­на қабылдандық.  Академиялық лиганың қатаң сапа талаптарын орындап жатқан оқу ор­нының бірі – біздің университет.  Ака­де­­мия­лық сапа талаптарын жоғарылату оқы­тушылар мен қызметкерлердің білік­тілік деңгейін үнемі көтеріп отыруды қажет ете­ді. Оқытушыларымыздың ғылыми әлеуе­тін арттыру үшін соңғы екі жылда 200-ден астам әріптесімізге ағылшын тілін тегін үй­ренуге мүмкіндік жасадық. Бұл мақсатта ха­лықаралық деңгейдегі білікті мамандарды шақырдық. Бұл еңбегіміздің нәтижесі өз же­місін беріп отыр. Біз дайындаған 18 ма­ман «Болашақ» бағдарламасымен шетелде тә­жірибе жинақтап жатыр. Ұжымдағы 40 оқы­тушы Астана, Алматы қаласындағы ұлт­тық университеттер мен өзге де оқу орын­дарына докторантураға (грант ие­гер­лері) оқуға түсті. Бұл – өңірлік университет үшін үлкен жетістік, тамаша көрсеткіш. Со­нымен қатар бұл ғылыми кадрларды үздіксіз даярлаудың алғашқы қадамы.

Қазір университетте 30-ға жуық «Бо­ла­шақ» бағдарламасының түлегі жұмыс іс­тей­ді. Олардың арасында PhD мамандар да бар. Мұндай мамандарды өңірге тарту – біз үшін аса маңызды жетістік. Олар өздерімен бірге қаржыландырылатын гранттық жобаларды да алып келуде.

Студенттер қолайлы ортада білім алу үшін материалдық-техникалық базаны ке­зең-кезеңімен жаңартып келеміз. Оқу ор­нында кітапхана трансформациясы сәтті жүзеге асуда.

Студенттердің әлеуметтік жағдайын да на­зардан тыс қалдырмай отырмыз. Биыл­дың өзінде 400-ге жуық студенттің оқу ақы­сына 25 пайыздан 100 пайызға дейінгі жеңіл­діктер бердік. Былтыр Мемлекет бас­шысының біздің университетке арнайы ке­ліп, нәтижелі жұмысымызбен танысып, оң бағасын беруі біз үшін үлкен абырой әрі жауап­кершілік салмағы да еселене түскенін сездік.

– Елімізде дарынды жастардың шет­елде бі­лім алуы ерекше назар аудара­тын мәселе. Осы тұста білім беру жүйе­сін жетілдіруде қандай тетіктерге баса мән беруіміз керек?

– Жаһандық үрдістер білім алуда ше­кара жоқ екенін көрсетті. Тілді мең­герген да­рынды жастар әлемдік дең­гей­дегі стан­дартқа сай білім алуға ұм­ты­лады. Мұндай білім мен тәжірибе ман­саптық артықшы­лық­тар беретінін жас­тар жақсы түсінеді. Жа­стардың ел­ден кетуі де осы себептен.

Мәселені шешудің бір жолы –  трансұлт­тық білім ынтымақтастығы. Жастарға шет­елге шықпай, сапалы білім алуға жағдай жа­сау. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Қ.Жұ­ба­нов атындағы Ақтөбе өңірлік универ­ситеті ба­засында Ұлыбританияның жетекші тех­ни­калық оқу орны Heriot-Watt университеті­нің филиалы ашылды.  Қазір бірлескен жоба аясында 300-ге жуық студент мемле­кет­тік грант негізінде, өңір экономи­ка­сының сұранысына сай электроэнергетика, компьютерлік инженерия, мұнай-газ және энергоменеджмент мамандықтары бойын­ша білім алып жатыр. Мұндағы сту­дент­тер­дің 35 пайызы – ауыл мектебінің түлегі, 42 пайызы – қолдауға мұқтаж түрлі әлеуметтік санаттағы жастар. Грант жеңіп алған талап­керлердің арасында тек ақтөбеліктер ғана емес, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызыл­орда, Ақмола, Атырау, Жетісу облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қаласының тү­лектері де бар. Британдық іргелі оқу ор­нының Эдинбург, Дубай, Малайзия және Ақтөбедегі филиалында оқу сапасы жоғары стан­дартқа сай, оқыту бағдарламалары бір­дей.

Екінші мәселе халықаралық деңгейде білім алған жастардың өңірде қалуы үшін еңбек нарығы дайын болуы керек. Сол үшін өңірдегі аса ірі жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Қаңтар айында ең ірі компаниялардың бірінші басшыларын университетке шақырып, талантты жас­тар­ға тиімді еңбек жағдайларын ұсыну қа­жет­тілігін талқыладық.

– Университетте ғылымды дамыту ба­ғытында қандай іс-шаралар жүзеге асы­­ры­­лып отыр?

– Жыл басында университетімізде Ғылыми Кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе ғылыми қызметтің нәтижелері  болды. Жиынға профессор-оқытушылармен қатар Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен алғаш рет Ақтөбе өңіріндегі 40-тан астам ірі жетекші компаниялар мен өндіріс мекемелері қа­тыс­ты. Кәсіпорын басшыларына мемлекет тарапынан ғылымға көрсетіліп отырған қолдау шаралары мен бірлескен жоба мүмкіндіктерін түсіндірдік.

Ақпан айында өңір кәсіпорындары мен ғалымдардың бірлескен жұмыстарын жандандыру үшін «Бизнес пен ғылымды ин­теграциялау: коммерцияландыру курсы» та­қырыбында диалог алаңы ұйымдасты­рыл­ды. Диалог алаңына Ақтөбе облысының кәсіпкерлері, компания басшылары, уни­верситет басшылығы мен профессор-оқы­ту­шылар, жас ғалымдар қатысты.

– Университет жас ғалымдарды қол­дауға қаншалықты көңіл бөліп отыр?

Ғалымдарды қолдау – отандық ғы­лым­ды жоғары деңгейге көтерудің бірден-бір жо­лы. Елімізде ғалымдарды гранттық қар­жыландыру арқылы олардың идеяларын қолдап, зерттеу жұмыстарын ынталандыру­ға, ғылыми әлеуетін арттыруға басымдық бері­ліп отыр.

Университетіміздегі ғылыми жобалар­дың тең жартысын жас ғалымдар орындай­ды. Мысалы, «Жас ғалым» жобасы бойынша 11 ғалым өз идеяларын іске асыруда. Атап ай­тар болсам, әріптесіміз Сандуғаш Мың­баева жасанды интеллектті, ал Гүлжан Күзем­баева Ақтөбе өңірінің топонимикасын зерттеуде. Сонымен қатар жас ғалымдарды ын­таландыру мақсатында жыл сайын уни­верситеттің ішкі гранттарын үлестіріп отыр­мыз. Мақсат – жас мамандарымыздың жыл бойы гранттарға өтінім беру үшін көр­сеткіштерін жақсарту, тақырыптарын ай­қындап алу, шетелдік рейтингі жоғары ғы­лыми басылымдарда мақалаларын жарыққа шығару.

Екі жыл қатарынан университет арнайы «зерттеуші-оқытушы» санатын енгізіп отыр. Осы жоба бойынша нақты ғылыммен айна­лысуға ниетті әр оқытушы жартылай сабақ беру жүктемесінен босатылып, жалақысына қосымша үстемеақы төленеді. Универси­те­тіміздің басты саясаты – жас ғалымдар арқы­лы әр саладағы ғылыми мектептерді жаң­ғырту, жаңа ғылыми бағыттарды ай­қын­дау, өңірге байланысты бар мәселелерді шешу, әлемдік ғылыми орталықтармен коллаборация орнату.

– Әңгімеңізге рахмет!