Вторник, Апрель 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал азамат, табысты қоғам

Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал азамат, табысты қоғам

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал азамат, табысты қоғам» тақырыбында диалог алаңы өтті.

Диалог алаңына университет ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс»  атты үшінші отырысындағы идеяларын талқылау үшін бас қосты.

Университет ректоры Лаура Қарабасова Ұлттық  құрылтайда айтылған ойлар мен жоспарларды іс-әрекет жоспарына айналдыру маңызды міндет екенін атап өтті.

—        Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз озық ойлы ұлт болып қалыптасу үшін әрі қарай біздің ұлттық құндылықтарымыз қандай болу керек деген сұрақ төңірегінде ой өрбітті. Өзінің ел болудағы алдағы маңызды қадамдарымен бөлісті. Әділетті Қазақстан басты концепциямыз үш принципке негізделіп тұр. Ол адал азаматтардың болуы, олардың адал еңбек етуі, қандай салада болса да адал табыс табуы. Осы принциптердің жүзеге асырылуы үшін жоғары оқу орны ретінде жастарымыздың бойына сіңіруде жауаптымыз. Тек кәсіби мамандарды қалыптастырып қана қоймай, ол мамандарымыздың келбеті қандай болуы керек деген сұрақ төңірегінде көбірек ойлануымыз керек. Біздің мақсатымыз – адалдық қағидаттарын мойындайтын,өзінің ісіне жауапкершілікпен қарайтын, ортақ заңдылықтарымызды қабылдайтын еліміздің азаматтарын қалыптастыру , — деді сөзінде оқу орнының басшысы.

Жиын кезінде академиялық сұрақтар бойынша проректор Людмила Мясникова университетте академиялық сапаны арттыру бойынша жүзеге асып жатқан академиялық трансформация жұмыстарына тоқталды.

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс кеңсесінің жетекшісі Дархан Мүсіров «Адал азамат-адал қоғам», заң ғылымдарының кандидаты, доцент Ақылбек Нұрлин «Жоғары білімнің заманауи сын-қатерлері: құқықтық тәрбиенің жекелеген аспектілері» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.

Ашық алаңда Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты Марат Қойлыбаев Жұбанов университетімен бірлескен тәрбиелік маңызы шаралар жайында айтып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу идеяларымен бөлісті. Жиынға қатысқан университет профессор-оқытушылары пікір алмасып, ойларын ортаға салды.