Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тіл жүйріктерінің жарысында озған бала

Тіл жүйріктерінің жарысында озған бала

  Сөздің қазақ үшін құдіретті күш екенін таныған Мейрамбек Шекернаев Жұбанов университетіне түсу бойына «Қобыланды» дебат клубына мүше болып жазылды. Байғанин ауданындағы Қарауылкелді орта мектебін былтыр тамамдаған жас тарих факультетінің «География-Тарих» мамандығына түсті. Қос мамандықта оқитын алғашқы топқа іліккеніне Мейрамбек өте қуанышты. Елгезек студент Алматыда өткен республикалық дебат ойындарына қатысып, тіл жүйріктерінің алдына озды. Ол студенттік шақтағы бірінші жетістігін анасы мен әжесі үшін 8 наурыз мерекесіне үлкен сыйлық ретінде ұсынбақ. Табысты қоржынын арқалап, жол үстінде келе жатқан Мейрамбекпен телефон арқылы хабарласып, құттықтау барысында бірнеше қызықтырған сұрақтарымызды қойған болатынбыз. Әңгімелескен Гүлнара Қараша.

-Университетте қос  мамандықты игеріп жатырсың, ұштастыру қаншалықты қызық?

 — Қос мамандықты ұштастыра білумен қызық деп ойлаймын. Өзім тарихты жақсы көремін. Оқи келе географияға да қызығушылығым оянды. Сонымен қатар мен әдебиетті ұнатамын. Егер үшем мамандық ашылса, оған да барар ма едім…

 -Дебаттық ойындарға қатысу шешендік қабілетті керек  етеді. Республика көлемінде өткен сөзжарысында бірінші болуың бірінші курс студентіне үлкен жетістік. «Үміт ақталды» деген қуанышыңды көрдік. Шара жайында айтып өтші.

 Наурыз айының 3-4 аралығында Алматыда дебаттан екі бірдей Республикалық турнир өтті. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мен онда жалғыз барған жоқпын. Жұбанов университетінің делегация құрамында болдым. Үздіктер қатарында көріндік бәріміз де. «Үздік команда» атағын алып, 1-ші жүлделі, 2-ші жүлделі орындар иеленіп, табыспен келе жатырмыз. Менің жүлдем «Зиялы қазақ» пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен өткен Қазақ ұлттық аграрлық университінің Ректоры кубогі үшін «Рухани жаңғыру – жастар назарында»  пікірсайыс турниріндегі жеңісім, Жастар лигасындағы 1-ші орын.

-Шешендік өнерге университет қабырғасында төселдің бе? Шешен сөйлеу үшін қалай дайындалу керек?

— Мені шешен деуге әлі ертерек, осы университетке келгелі үйреніп жүрген өнерім. Қазақта жақсы мәтел бар «Сөйлей, сөйлей шешен боларсың» деген. Дебатшыға сөйлеп, жаттыға беру керек. Бірақ сөйлеген сөздің бос сөз болмауын қадағалау маңызды.

-Тағы қандай қызығушылықтарың бар?

 -Дебатпен айналысқанда қызығушылық көп болады. Өйткені тақырып аясы өте кең, түрлі мәселелерге толғанамыз. Сондай кездері бірде дәрігер, бірде тарихшы-ұстаз, бірде әлемді аралайтын саяхатшы болғым келіп кетеді. Осы қызығушылықтарымның ішінде соңғысы басымырақ болып тұр қазір. Мені шетелде тұратын ұлт өкілдерінің тыныс-тіршілігі қатты қызықтырады.

Заманына сай студент қандай болуы керек деп ойлайсың және соған лайық бойыңда әлі не жетіспейді? Және оны қалай жетілдірмексің?

 -Студенттік алтын шақты бастан кешірудеміз. Нағыз жалындайтын кезіміз. Сондықтан кезіккен мүмкіндікті жібермей, уақытқа икемделген жөн шығар. Негізі мен заманды жасайтын адам деп есептеймін.. Әркімнің өмірде өз жолы болады. Тек сол сара жолды табуда адаспаса болды.

-8 наурыз мейрамы қарсаңында қол жеткен жеңісіңді кімге арнағың келеді? Аналар мен қыздар күні халықаралық мерекесінде оларға бағыштар ең басты тілегің…

 -Жеңісімді əжеме жəне анама арнаймын. Аналарымның маған сіңірген еңбектері зор. Алғысым шексіз. Барлық баланың анасы жандарында аман жүрсінші деп тілеймін.