Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Түлектерді жұмысқа орналастыру

Түлектерді жұмысқа орналастыру

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде білім бағытындағы түлектерді алдын ала жұмысқа орналастыру рәсімі өтті.
Шараға облыстың барлық аудандарының және Ақтөбе қаласындағы бірқатар білім ордаларының өкілдері мен студенттер қатысты.
Бүгінде аталған университет 8 бағытта 55 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Қазіргі таңда 10646 студент білім алып жатыр.
Жиында білім бағыты бойынша биыл бітіргелі отырған 536 түлек жұмысқа бөлінді. Оның ішінде «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша — 134, ауылдық квотамен — 48, грант негізінде — 144 және ақылы түрде 210 студент білім алады.
— Облыстың және басқа да өңірлердің білім беру ұйымдарымен тағыз байланыс орнатылып, қай жерге қандай мамандар қажеттілігі анықталды. Осыған сәйкес мониторинг жүргізілді. Қазіргі таңда облыс бойынша 542 орынға сұраныс анықталды. Осы сұранысқа орай мамандарды бөлдік. «Серпін» бағдарламасымен Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Маңғыстау облыстарынан 134 студент келді. Бұл студенттердің барлығы міндетті түрде Ақтөбе облысында еңбек етуі тиіс. Қазіргі таңда олардың 98 пайызын жұмысқа орналастыруға бөліп қойдық, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің білім беру процесін ұйымдастыру департаментінің директоры Сабырғали Бишекен.
Бұған дейін университет студенттері аудан әкімдерінің орынбасарларымен өткен кездесуге қатысты. Жиында жастарға аудандарда берілетін әлеуметтік көмектер, қандай мамандар қажеттігі туралы ақпараттар берілді. Студенттер толғандырған сауалдарына жауап алды.
Айта кетейік, биыл аталған университетті 1749 студент бітіргелі отыр.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.