Среда, Май 8, 2024
Басты > Жастар саясаты > 1-курс студенттері белсенділер қатарына қабылданды

1-курс студенттері белсенділер қатарына қабылданды

Бүгін Студенттер сарайында Жұбанов университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен 1-курс студенттерінің белсенділер қатарына қабылдау шарасы өтті.

1-курс студенттерін университет және факультет өмірімен жан-жақты таныстыру және студенттік өмірге бейімдеу мақсатында өткен шарада  ҚР Бас Прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова,  белгілі тележурналист, «Қазақстан» телеарнасында жаңалықтар қызметінің редактор-жүргізушісі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Гүлназ Әлімгерей қонақ болды.

Шара барысында Студенттер сарайының кіреберіс фойесінде Жұбанов университеті жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанаты, «Университет лигасы», «Жұбанов жастары» театры, «Ритор» зияткерлік пікірталас клубы, «Шабыт» зияткерлік пікірталас клубы, «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағының  жетістіктері көрмесі ұйымдастырылды.

Белсенділер қатарына өткісі келген  жастарды жергілікті өнер жұлдыздарынан құрылған қазылар алқасы іріктеді.

Сарайға жиналған студенттер университет туралы бейнероликті, «ИТФ» жайдарман командасының өнерін тамашалады.

Аталмыш шарада сөз сөйлеген  Оксана Лоскутова «Құрметті жас достар! Мен  Жұбанов университетінің түлегімін. Бүгін туған оқу ордамда сіздермен қауышып отырғаныма қуаныштымын!  Бүгін байқаудағы көрсетіп жатқан өнерлеріңізге тәнті болдым. Болашақ тізгіні — жастарда! Сондықтан дәл бүгінгідей ылғи белсенді болсаңыздар ел болашағы да жарқын болмақ!  Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін!», — деді.

Шара барысында «Шабыт» зияткерлік пікірталас клубының, «Университет лигасының»,  «Жұбанов жастары» театрының, Жұбанов университеті жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанатының, «Ритор» зияткерлік пікірталас клубының, «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағының жетекшілері өз ұйымдарымен таныстырып, мақсат пен міндеттері туралы баяндады.

Жиналған жастар студент- қыздардан құралған топ «BIG FAM»  жастар биін, «Саз» триосының әнін, «Жұбанов» театрының қойылымын тамашалады.

Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарылғаш Сатыбалдинаның айтуы бойынша аталмыш байқауға 500-ге жуық 1- курс студенттері қатысып,  ән, би, актерлік шеберлік, жанрлары бойынша өнерлерін сарапқа салды.