Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Студенттер бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтады

Студенттер бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтады

Жұбанов университетінің белсенді студенттерінен құралған екі топ бүгін Ақтөбе облыстық есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернатының бүлдіршіндері мен Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында ем алып жатқан балақайларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап қайтты.

Жұбанов университетінің Әлеуметтік мәселелер мен жастар саясаты департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара барысында барлығы 300-ден астам балаға жоғары оқу орын тарапынан сыйлықтар табысталды.

«Біздің мекемедегі тәрбиеленіп жатқан балалар ерекше. Олар өздеріне бөлінген кез-келген ілтипатқа риза болады. Жаңа жыл қарсаңында біздің бүлдіршіндеріміздің көңілдерін сергітіп, алғашқылардың бірі болып құттықтаған Жұбанов университетінің студенттеріне алғысымыз шексіз», — деді мектеп-интернат директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Төлебаева.

Жаңа жылдық құттықтаулар легі студенттердің қоғамдық көліктердегі жолаушылар мен қала қонақтарын дәстүрлі құттықтауымен жалғасты.

Ажаргүл КУНАРОВА