Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Амантай Өтегенов атындағы кабинеттің салтанатты ашылуы

Амантай Өтегенов атындағы кабинеттің салтанатты ашылуы

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік  мемлекеттік университетінің филология факультетінде «LINGUISTICS-UP және сандық технологиялар» жобасы аясында Амантай Өтегенов атындағы кабинеттің ашылу салтанаты өтті.

Дәстүрлі қызыл лентаны «Адырна» журналының бас редакторы, Жазушылар Одағының мүшесі Мейірхан Ақдәулетұлы мен филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев кесті. Сонымен қатар  шараға Жұбанов университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров, университеттің бас ғылыми хатшысы Мира Балтымова, белгілі ақын-журналистер, БАҚ өкілдері, Амантай Өтегеновтің жұбайы мен балалары, университеттің профессор-оқытушылық құрамы қатысты.

Шараның басты мақсаты – белгілі жерлесіміз, журналист, аудармашы, ақын, сөз шебері, марқұм Амантай Шәмілұлы Өтегеновтің шығармашылығын ұлықтау.

Амантай Өтегенов 1951 жылы 26 желтоқсанда Ақтөбе облысы Қобда ауданының Қарағанды ауылында туған. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Ақынның оншақты  жыр жинақтары жарық көрді.  Абайдан бастап көптеген жазушы, ақындардың туындыларын орыс тіліне аударды.  Аудандық, облыстық газеттерде қызмет атқарған Амантай Шәмілұлы облыстың экономикалық және саяси-мәдени, әдеби өміріне байланысты көптеген тартымды мақалалар жариялап, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Қазақстан Жазушылар Одағының Ақтөбе облыстық филиалының директоры ретінде де көп шаруалар атқарды. Осы еңбектері лайықты бағаланып, Қобда ауданының Құрметті азаматы, Ақтөбе облысы әкімі сыйлығының лауреаты атанды.

«Әдебиетті жанымен сүйіп, оған бар ынтасын беру көптің қолынан келе бермейді. Қарымды қаламгер, абзал азамат Амантай Өтегенов «Нағыз ақын» деген атаққа лайық ақындардың бірі. Амантай қазақ әдебиетіндегі феноменальды көрініс болып қалады. Ол тек ақын ғана емес,  сонымен белгілі аудармашы. Оның аудармасының өзі үлкен өнері. Ол орыс тіліне Ұлы Абайдың, Махамбеттің, Фариза Оңғарсынованың, Қадір Мырзалының, Әбіш Кекілбаевтің, Әбдіжәміл Нұрпейсовтың және де басқалардың шығармаларын аударды», — деді өз сөзінде  журналист-жазушы Мейірхан Ақдәулетұлы.

Өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессорғ ҚР суретшілер Одағының мүшесі Мәрзия Жақсығарина да естеліктерімен бөлісіп, кабинетке  өзінің Амантай Өтегеновке арнаған экслибрисін сыйға тартты.

Шарада сөйлеген ақынның  жары, Жұбанов университетінің ардагер оқытушысы Орынгүл Тургенова университет басшылығына Амантай Өтегеновтің тума-туыс, жақындарының атынан шексіз алғысын жеткізді.

Амантай Өтегенов атындағы кабинет алдыңғы қатарлы ақпараттық технологиялармен жабдықталған. Кабинет қабырғасында ақын шығармаларын арналған QR-коды бар стенд орын алған, ол арқылы кез-келген студент ақынның жинақтарымен таныса алады.

Сонымен қатар шара барысында «Амантай Өтегеновке арналған поэзиялық марафон» жеңімпаздары марапатталды және «Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті Дәулет Дулатұлы Амантай Өтегеновтің өлеңін оқыды.

Әдеби шаралар легі ««Литературная гостиная «Храню в душе я рыцарство степное…» әдеби шарасы, М.Ақдәулетұлының интерактивті дәрісімен және ф.ғ.к., доцент Ф.Терекованың мерейтойына арналған факультет Кеңесінің кеңейтілген отырысымен жалғасты.  Сондай-ақ «LINGUISTICS-UP және сандық технологиялар» жобасы аясында «Филология: кеше, бүгін, ертең ……..» ғылыми-тәжірибелік семинары ұйымдастырылды.

 Ажаргүл КУНАРОВА