Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әдемі кездесу, әсерлі кеш

Әдемі кездесу, әсерлі кеш

Ол – қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымовтың өнерін жоқтаушы, мұрасын насихаттаушы. Ол – ақын, «Индер» ауданының құрметті азаматы. Ол – Т.Досымов атындағы республикалық қордың төрағасы, кәсіпкер-меценат, ақын Бижан Қалмағанбетов.

Бижан  Қалмағанбетовпен кездесу бүгін Жұбанов университетінің филология факультетінде өтті. Бұл әсерлі кездесу «Сәйгүлік өмір» деп аталды.

Кештің мақсаты – Бижан  Қуанышкерейұлының поэзиясын, шығармашылығын өскелең ұрпаққа тереңірек таныстыру, ақынның шығармаларынан өзінше ой түюге, өлең құдіретінің қасиетін ұғынуға тәрбиелеу, шығармаларынан өзіндік ой түюге бағытталды.

Жиында сөз алған университет ректоры Бауыржан Ердембеков ақынның  өзіндік орнына кеңінен тоқталып, оның қаламгерлік қызметі оқу орнының студенттері үшін өнеге екендігін алға тартты.

Кешке  Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Көпенов арнайы қатысып, басқарма басшысы Б.Елеусінованың құттықтауын жеткізді.

Әрмен қарай аталмыш шара ақынмен сүбелі де сырлы сұхбат түрінде жалғасты. Әдебиетін әспеттеп, мәдениетін қастерлеген көпшіліктен залда ине шаншар орын болмады. Өйткені, бәрі де сыры мен жыры бөлек ақынның ауыз толтырып айтарлық туындыларын тыңдауға асықты. Сахна төріне жайғасқан  Бижан Қуанышкерейұлы сөз легін  жүрек тебірентерлік сөздерімен бастады.

Кеш барысында факультет студенттері Камилия Шетей, Ғалым Бегенов, Гүлмайра Ищанова ақын өлеңдерін оқыса, Исатай Ізбасар, Бақытыбай Ислам Табылды ақын өлеңдерінің желісінде жазылған әндерді жанды дауыста орындады.

Кездесуде Бижан Қуанышкерейұлы Табылды ақынды тереңірек насихаттау, оның шығармашылығын кейінгі ұрпаққа жеткізу басты борыш екенін тілге тиек етті. Ол: «Табылды қазақ дәстүріндегі сал-серілік өнердің сорабын жаңғыртып, оны бүгінгі заманға өзінше лайықтап, ерекше өнерімен жалпақ жұртқа кеңінен танылған сегіз қырлы, бір сырлы жан еді. Өзі туып өскен топырақтың мәдениеті мен руханиятына қызмет етіп, айрықша талантының арқасында қалың елдің ықыласына бөленді, құрметін арқалады», — деді өз сөзінде. Студенттермен бейресми форматта, әңгімелесу түрінде өткен жүздесуде жастарға қатысты көптеген мәселелер талқыға салынды. Кездесуде студенттер өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, ақын ағаларына көкейтесті сұрақтарын қойды.

Кеш соңында Бижан Қуанышкерейұлы  жиналған қауымға жыр кешінің жастар үшін өнегелік мәні зор екенін ескертіп, бүгінгі кездесудің тағылымды әрі үндестігі жарасымды кездесу болғанына өз ризашылығын білдірді.