Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Саясаттанушымен кездесті

Саясаттанушымен кездесті

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы, «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Ерлан Қаринмен кездесті.

Ерлан Қарин — аталмыш оқу орнының түлегі, ол осы университеттің тарих факультетін бітірген.

Ақтөбеге іссапары барысында өзі білім алған оқу орнына арнайы соққан Ерлан Қаринді ректор Бауыржан Ердембеков бастаған университет басшылары, оқытушылар мен студенттер қарсы алды. Қонақ алдымен университет жанындағы Жастар сарайының жаңартылғаннан кейінгі жұмысымен танысып, Р.Жаманова атындағы хор өнері кабинеті, Н.Тапалова атындағы хореография залы, кино залы, шетелдік экслибрисшілер көрмесі өтіп жатқан «Атриум» көрме залы, т.б. аралап көрді.

Бұдан соң осы ғимараттағы «Мәңгілік ел» конференц-залында студенттермен кездесу өтті.

Ерлан Қарин өзі оқыған университеттің соңғы жаңалықтарына қуанатынын жеткізіп:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында құндылықтар жүйесінде білім бәрінен биік тұруы керектігін, сонда ғана ұлттың табысқа жететінін атап айтқан еді. Мен өзім оқыған университет қабырғасындағы бүгінгі жаңалықтарды студенттерге көрсетіліп жатқан қолдау, олардың сапалы білім алуы, жан-жақты дамуы үшін жасалған жағдай деп қабылдаймын. Мұндай өзгерістер қоғамда, ең алдымен, адамның бірінші орынға шыққанын көрсетсе керек, — деді.

Кездесу барысында Ерлан Қарин өзінің студенттік жылдарынан естеліктер айтты, сондай-ақ жастардың сауалдарына жауап бере отырып, интернет дамыған замандағы газет пен телевизияның ролі, әлеуметтік желілердегі түрлі пікірлер мен жағымсыз ақпараттардың жастар санасына әсері, т.б. мәселелер бойынша өз ой-пікірлерін жеткізді.

Соңынан университет ректоры Ерлан Қаринді студенттерге дәрістер оқуға шақырды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА