Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Мемлекет басшысы Амангелді Айталының отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Амангелді Айталының отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы аса көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің II және III шақырылымдарының депутаты Амангелді Айталының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

«Амангелді Әбдірахманұлы ұзақ жылдар бойы білім және ғылым саласында жемісті жұмыс істеді. Соның ішінде Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында жоғары білікті мамандар даярлау ісіне мол еңбек сіңірді. Мәжіліс депутаты болған кезінде отандық заңнаманы жетілдіруге және парламентаризмді дамытуға атсалысты. Қажырлы қызметімен еліміздің өркендеп дамуына өз үлесін қосып, соңына жарқын із қалдырған Амангелді Әбдірахманұлының есімі мен бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.

Айта кетейік, бұған дейін танымал қоғам қайраткері Амангелді Айталының 83 жасында дүние салғанын жазған болатынбыз.
Ол 1939 жылы Астрахан облысы Володар ауданы Болдырево ауылында дүние келген. Ал жоғары оқу орнын Ақтөбеде оқыған.

1964-1967 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында білім алды.

Еңбек жолын мектепте орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып бастады.

Философия ғылымдарының докторы, профессор. ҚР Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.

Ұзақ жылдар білім және ғылым саласында қызмет еткен.

1999-2004 жылдар аралығында екінші шақырылымдағы және 2004-2007 жылдардағы үшінші шақырылымдағы Парламент депутаты.

Бірнеше ғылыми-көпшілік кітаптың және жүздеген ғылыми мақаланың авторы.

«Құрмет белгісі, «Парасат» ордендерімен марапатталған, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы.

 

/www.inform.kz/